Қарағандылық майор мен адвокаттың пара алу оқиғасы

Арай Сатыбалдықызы - 11.10.20191610

Қарағандылық полиция қызметкері қылмыстық істі жауып тастамақшы болған және сол  үшін қомақты қаражатты пара ретінде алған. Бұл туралы өңірдегі «Жас АЛАШ» тілшісі хабарлайды.

 Алдына келіп түскен істен бір пайда көріп қалуға тырысатын полиция қызметкерлерінің бар екені бүгінгі қоғам  үшін жасырын емес. Қарағандылық майор шеніндегі полиция маманы өзіне тексеруге жіберілген істі бұрмалап жібермек болған. Ол жаяу жүргіншіні қағып кетіп, денсаулығына зиян  келтірген көлік жүргізушісіне көмектесуді ойлаған. Көлікті тізгіндеген  әйел адамның адвокаты қылмыстық істі жапқызу үшін алты жүз мың теңге көлеміндегі параны полицияға беру керектігін айтыпты. Ал жазалы болудан қорыққан көлік жүргізушісі адвокат арқылы  сұраған қаражатты беріп жіберген. Осыдан кейін адвокат пен полиция қызметкері алты жүз мың теңгені үш жүз мыңнан бөліп алады.Осымен екі жақта бір-бірінің көмегіне дән риза болып тарқасады. Алайда кейін тексеріс жүргізген Октябрь ауданының прокурорлары  көлік жүргізушісінің жол көлік оқиғасында кінәсінің бар екенін  анықтапты. Осыдан соң қылмыстық іс қайта қозғалады. Жазадан құтылудың сәті түспеген күдікті адвокатынан қаражатты қайтаруды талап еткен. Адвокат үш жүз мың теңгені қайтарып берген. Алайда оңай жерде олжалы болған полиция қызметкері алған парасын қайтармай қашып жүріпті. Тіпті алған ақшасынан айрылғысы келмеген майор басқа аудандық полиция бөліміне жұмысқа ауысып кеткен. Пара берген көлік жүргізушісі  полиция қызметкерінің үстінен  сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс -қимыл департаментіне  шағым түсірген.

Көлік жүргізушінің қуғындауынан шаршаған майор қаражатты қайтаруға еріксіз шешім қабылдапты. Ол ақшасын күдіктіге қайтарып жатқанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы  іс-қимыл департамент мамандарының құрығына түскен.

Бүгінде Октябрь аудандық  соты полиция қызметкерін пара алды деген күдік бойынша кінәлі  деп тауып, оған 15 млн теңге көлемінде айыппұл салды.

Фото: dela.ru

Мақала авторы:

Арай Сатыбалдықызы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.