Ұлан Рысқұл: Ислам Әбішев қорқып қалыпты деген күлкілі

Алмас Нүсіп - 12.10.201910562

 Ұлан, тергеу қамауындағы Ислам Әбішев пен Серік Түкиевтің адвокаттары Абзал Құспан және Ерлан Макеновтің президент Қ.Тоқаевқа жазған ашық хатына қатысты сұрақты бірден төтесінен қойғым келіп тұр. Бірақ, қазақ күресі мен оның айналасындағы әлемді жақсы білетін маман ретінде мына нәрсені – бізде неге екі халықаралық күрес федерациясы бар дегенді алдымен түсіндіріп берсеңіз?

– Спорт әлемінің ішкі тәртібінен бейхабар жұрт осы мәселені көп сұрайды. Ислам Әбішев президенті боп, Серік Түкиев басшылық қызметін атқарған федерацияны өздері «Дүниежүзілік қазақ күресі» федерациясы деп сипаттап, таныстырып жүр. Ал, шындығына келгенде, заң жүзінде, құжат бетінде бұл ұйым дүниежүзілік емес, аймақтық федерация ғана. Астанада тіркелген. Тек Астана аймағында қызмет етуге құқылы. Аймақтық бола тұра, өздерін әлемдік дейді. Екіншіден, бұл федерацияны оншақты жеке тұлға құрған. Мәке, Жәке, Сәке, Бәке деген секілді адамдар. Егер оның мәртебесі расымен де дүниежүзілік болса, оның құрамына өзге мемлекеттердің заңды мәртебесі бар ұлттық құрамалары енген болар еді.

– Дегенмен, 2004 жылы құрылған Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясын 2010 жылы Бүкіләлемдік күрес ұйымы мүшелікке (UWW) қабылдады деп жүр ғой.

– Өздерін ғаламшарлықпыз деп жарияласа, оларға өзге планетаның тұрғындары ұшып келе салмайды. Бұл да сол сияқты. Иә, олар «UWW құрамындамыз» деп жүр. Осы ұйымнан кезінде біз де түсіндірме сұрағанбыз. Өтінішімізді тексеріп, зерттеп көрген UWW жұмыс тобы бізге жазған хатында бұл федерацияның қызметі заңсыз деп түсіндірген. UWW мен аймақтық «дүниежүзілік» федерация арасындағы байланыс кейін қалай болғанын білмеймін, білуге қатты қызықпадық. UWW біздің мақсатымыз емес. Жалпы, каратэ немесе тайквандо да қаптаған бүкіләлемдік ұйымдары бар ғой. UWW –ға бізде сондай көп ұйымның бірі деп қараймыз. Біздің өз жолымыз, мақсатымыз бар. 

– Ал, өзіңіз қызмет атқаратын халықаралық қазақ күресі федерациясында (бас хатшының кеңесшісі)  өзге елдердің құрамалар бар ма?

– Әлбетте. Бүгінде легитимді яғни, заңды мәртебесі мойындалған бір ғана халықаралық қазақ күрес федерациясы бар. Бұл федерацияға 28 мемлекеттің ұлттық құрмасы және 2 континентальды құрама мүшелікке өткен. Олардың бәрі өз мемлекеттерінде заңдылық тұлға ретінде тіркелген. 2017 жылы құрылды.

Сондағы мақсаттарыңыз не еді?

– Түпкі мақсат – қазақ күресін дамыту, Олимпиада ойындары қатарына қосу. Ал, екі үш жыл бұрын тиісті яғни, спорт министрлігінің алдында бірталай мәселе тұрды. Атап айтсақ, ел ішінде өтіп жатқан қазақ күресі жарыстарының деңгейі мен ұйымдастырылуына көңілі толмады, төреші былықтарын тоқтату, үшіншіден, күресті кешенді дамытудың заңдылық алаңын айқындау қажет болды.

Екі ұйымның заңдылық мәртебесіндегі айырмашылық түсінікті болғандай. Ал қазақ күресінің ережесі бір емес пе...

– Соны дамытудағы жолымыз бөлек боп тұр ғой. Мысалы, олардың жарыс өткізу, ұйымдастыру ережесі  аяқталмаған ой, айтылмай қалған сөз сияқты. Бас жағын біреу, ортасын екінші, соңын үшінші адам жаза салғандай әсер қалдырады.

Біздің мақсат – Олимпиада ойынына қосылу. Ол үшін не істеу керек? Олимпиада кеңесіне телефон соғып, өтініш жасағаннан олар бізді қатарына қоса салмайды. Жалғыз амал – мойындату. Қайтіп? Қазақ күресін әлемнің әр түкпірінде көрермен мен жанкүйерін оңай жинайтын, тартымды һәм жұртқа қызықты күреске айналдыру керек. Қазақ күресі – қазақ халқының ұлттық мұрасы деп мақтана беру, шынын айтқанда, өз жерімізде ғана өтімді шығар. Басқа жерде «болса қайтеді» деп қоя салады. Халықаралық дәрежеде қазақ күресі бір халықтың мұрасы ма, мұрасы емес пе, тіпті, қызықтырмайды. Оларға қазақша күрес жалпы күрестің бір түрі ғана.

Яғни, қызықтыру, насихаттау, көрермен көзайымы болу, жалпы жұртқа ұнау міндет. Сонда Олимпиадаға қосылудың алғашқы баспалдағына жол ашылады. Сол баспалдақтың алдында тікелей эфирге шығу мәселесі тұр.  Мәселен, Олимпиада кеңесі спорттық шараларды тікелей эфирден тарататын телеканалдарға "мына жарысты көрсет" деп бұйыра алмайды. Телеканал өз рейтингісі, өз ұстанымы, көрермен қалауы және жарнама берушінің қабағына қарап барып, қай спорт түрін эфирге шығармағын өзі шешеді. Міне, Олимпиадаға жетер жолда осындай біршама кезең мен кедергілер бар. Оларды еңсеруге қажыр қайратымыз жетеді. Құрылғалы бергі екі жылда тұрақты және мерзімді өтетін жарыс кестелерін реттедік. Бұрын балуандар жылына бір рет кездейсоқ тойларда күресіп қойып, басқа кезде сенделіп бос жүретін. Қазір кесте бекіді, жыл сайын қанша жарыс, қашан, қай елде өтері айқындалды. Ұлттық құрамалар жоспармен жұмыс істеуге кірісті.  Жыл сайын Азия чемпионаты, Еуропа чемпионаты өтіп келеді. Одан бөлек «Әлем барысы» бар. Былтыр шетелдегі Ұлттық чемпионаттардың 10 жарысын өткіздік. Бұған қоса, ұйымдастыру семинарлары, төрешілерге арналған жиындар өтіп жатыр. 

Бастапқы әңгімеге оралсақ,  сіздерді тергеушілер шақырмады ма?

– Тергеушілер, не үшін?

Ислам Әбішев пен Серік Түкиевтің ісіне қатысты.

– Оларға біздің қатысымыз қанша?

Адвокат Абзал Құспан Ислам Әбішев пен Серік Түкиевке қатысты қылмыстық істің қозғалуына екі федерация арасындағы тартыс себеп деп жатыр ғой.

Ее, тергеуші шақырса ойланбастан барар едім. Бізге не кінә, не қисын тағатыны қызық. Бетімізге тіке қарай алар ма еді, сонысын байқасам деймін.

Екі федерация арасында қандай да бір тартыс болған ба еді?

– Тартыс емес, кездесу болды. Халықаралық федерацияны құрар кезде біздің жігіттер қазақша күрестің болашағы үшін Серік Түкиевпен кездесіп, бірігіп, ортақ мақсатта күш қосып, жұмыс істеуді ұсынған. Ол кісі болса, бірігіп қызмет етуге қомақты ақша сұрапты, одан кейін бір жыл басқаруға шарт қойған, сосын,  федерацияның құрметті төрағасы дегендей орынды еңбек ақысымен қалаған. Бар әңгіме осы. Біз одан кейін өз жолымызбен кеттік. Олар өздерімен өздері қалды.

Онда неге олардың адвокаттары сіздерді қаралап жатыр?

– Оны өздерінен сұраған жөн шығар. Жеке басым олардың сөздерінен еш қисын таппадым. Оларға ауыр-ауыр қылмыстық айып тағылып жатыр. Ертең сот кезінде масқара болулары мүмкін. Содан алдын ала ақталудың әрекеттері шығар. Өкінішке орай, біреуді көпшілік алдында ақтау үшін айдаладағы жазықсыздарды негізсіз айыптау таза абыройсыздық қой.

Қанат Бозымбаевтың Ислам Әбішевті қорқытуы мүмкін бе?

– Біріншіден, Ислам Әбішев жас бала емес, ел алдында жүрген айтулы азамат. Талай қызметті көрген. Қанат Бозымбаевтан қорқып қалатын жайы жоқ. Сондай азаматты қорқып қалыпты деу де күлкілі. Екіншіден, сондай жағдай болса, кезінде құқық қорғаушыларға неге шағымданбаған деген сұрақ шығады? Сосын, Қанат Бозымбаевтың қазақ күресі федерациясынан өзге жұмысы шаш етектен. 

Айтпақшы, Қанат Бозымбаев федерация төрағалығына қайдан келді? Біреу тағайындады ма?

Халықаралық қазақша күрес федерация президенті бас хатшылығы мен вице-президенті секілді сайланатын лауазым. Тағайындалмайды. Федерация жарғысына сай әр елдегі мүшелер конгреске шақырылып, кеңес сайлайды.

Таңдау неге Қанат Бозымбаевқа түсті?

–  2017 жылғы конгресс жиынында ұсынды. Ол кісі осы федерацияға келмей тұрып, Жамбыл, Павлодар облыстарында әкім кезінде қазақ күресіне үлкен қолдау көрсетіп, «Еуразия Барысын», «Әлем барысын» жоғары дәрежеде өткізуге жәрдемдесті ғой. Сондай жанашырлығын ескеріп, президенттікке ұсынса керек.

– Ішкі қызметтеріңізге араласа ма, мәселен, қаржылық дегендей?

Жарғы бойынша президенттің құзыры шектеулі. Ішкі шаруаларға, ұйымдастыру, өткізу шараларына араласа алмайды. Жарыс кестесін бекітуге қол қояды. Былай айтқанда, құрметті қызмет қой.

– Айтпақшы, Серік Түкиев басшылық жасаған федерация жарыстарын көбіне шет елде өткізіп келіпті, ал сіз оларды дүниежүзілік ұйым емес дейсіз.

– Енді оны мен ойдан шығарып тұрғам жоқ қой. Қазақстанда олар жарыстар өткізгісі келген. Бірақ, аймақтық ұйым ретінде тіркелгендіктен республика көлемінде жарыс өткізе алмады. Астана шеңберінде қалып қалды. Ал шетелде өткізген жарыстарына келсек, оның өзі көп сұрақ.

Шетелде жеке ұйым кез-келген залды жалға алып, туристерді жинап алып, жарыс өткізгендей боп, оған дүниежүзілік жарыс деп айдар таға берсеңіз, ешкім ештеңе демейді. Егер халықаралық дәрежеге лайықты жарыс өткізе, спорт телеарналары неге тікелей эфирден көрсетпеді? Естуімше, қаржы полициясы Серік Түкиевтен шетелде өткізген жарыстарының демеушісіне, ақшасына қатысты түсініктеме сұрап отырғандай.

Алдағы күндері Ислам Әбішев пен Серік Түкиевтің істері сотта қаралмақ. Сот отырысына барасыз ба? 

– Не үшін?

Қазақ күресінің жанашырларын қолдау үшін.

– Қазақ күресі – ұлттық мұрамыздың аяулы аты осындай даудың ортасында айтылуы ішімді удай ашытады. Дегенмен, Ислам Әбішев пен Серік Түкиевке жеке бас араздығымыз жоқ. Жамандық тілемейміз. Олар сот алдында өздерін ақтап алады деп сенеміз. Адвокаттары да бүйректен сирақ шығармай, елді қырық өтіріктерімен адастырмай, екі азаматты абыроймен қорғар деп үміттенеміз.   

Бірақ, тағы да қайталап айтқым келетіні, жеке бас ісін, жеке басқа қатысты қылмыстық, парақорлық, сыбайластық істі ұлттық спортпен араластырмаса дейміз.


Осы тақырыпқа қатысты мақала: Арман Шораев:

«Адвокат Құспанды жалған ақпарат таратқаны үшін жауапқа тарта аламын»

Мақала авторы:

Алмас Нүсіп

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Асем 14 Қазан, 2019

Кызык, осы балуанды аркашан сол федерация уйымдастыратын жарыстардын торинде коруши едик, онда алем, азия немесе халыкаралык дарежедеги жарыстардын чемпионы, спорт шебери деген атактарын ози жокка шыгарып отырганы ма? Билуимше ол атактар ушин каржы да болинбейди ма?

Жауап беру

Ұқсас жаңалықтар