"Ислам Әбішевті 97 мыңға қонақ үйге орналастырдым"

Мадияр Жалғасұлы - 15.10.20195051

Бүгін астанада ауданаралық мамандандырылған сотта қаралып жатқан Ислам ӘБІШЕВ пен Серік ТҮКИЕВ ісі бойынша куәгерлер тыңдалды. Алғашқы сот отырысына қарағанда адам аз жиналған кезекті отырыста бұрын Ислам АЛМАХАНҰЛЫНЫҢ қоластында қызмет істеген куәгер Алтай ЕЛЖАСОВТАН жауап алынды.

«Шаймерденов атты азаматты бұрыннан танимын. Жобаны алғаннан соң Су комитетіне түрлі себептермен келіп тұратын. Менің бір білерім, аталған азамат өзіне сеніп тапсырылған су құбырларын жаңарту ісін орындамады. Сол себепті де жобаны қабылдау үшін қол қойған жоқпыз. Ислам Әбішев мырза ылғи жұмыстың толық атқарылуы керек екенін, қаржының белгілі бір мөлшерін заңды түрде алу үшін кемінде 30 пайыз жұмыс аяқталуы тиіс екенін түсіндіріп жүретін. "Дипломат" қонақүйіне мені Әбішевтің өзі шақырды. Шаймерденовты сол кезде көргенмін. Бірақ ол кездесуде ақша бопсалау секілді жағдайлар болған емес. Әбішев Шаймерденовпен бірге сыртқа 20 минут уақыт әңгімелесіп келгенін білемін, бірақ ол жерде не айтылғанынан хабарсызбын. Шаймерденовтың жұмысты дұрыс атқармауының кесірінен қазір 100 мыңға жуық халық ауыз сусыз отыр. Ислам Алмаханұлы білікті маман. Пара алғысы келді дегенге сенбеймін», - деді Елжасов.


Судья Қажымұқан МЕКЕМТАС "Дипломат" қонақүйіндегі кездесу жұмыс күніне сәйкес келіп, сағат 16:00 шамасында болғанын айтып, күмән тудыратын әрекеттердің көп екенін жеткізді.

«Сіздер жұмыс уақытында мәселені арнайы қызмет орынында емес, қонақүйде талқылайтындарыңыз түсініксіз», - деді судья.

Ал Ислам Алмаханұлы куәгер Алтай Аралбайұлынан дәлел бола алатын тиісті құжаттарды алып, куәгер ретінде қайта келуін өтінді.

Келесі шақырылған куәгер "Оңтүстік ауызсу" мекемесінің директоры Ерлан ЕСІРКЕПОВ 2019 жылдың 7-10 наурыз күндері Ислам Әбішевтің Шымкент қаласына келгенін, ол сапарында ешқандай қылмыстық іс болмағанын айты.

«Наурыз айының басында Шымкент қаласына Ислам Алмаханұлы келді. Өзім сыйласатын адам болған соң күтіп алып, 97 мың теңге төлеп қонақүйге орналастырдым. Мені бопсалап, не қысым көрсеткен жоқ. Өз басым сыйлайтын кісі болған соң солай жасадым. Нұр-Сұлтан қаласына кері ұшарында менің жүргізушім шығарып салды. Бар білерім осы. Әбішев мырзаға айтар арыз-шағымым жоқ», - деп қысқа қайырды Есіркепов.

Одан бөлек, Ислам Алмаханұлы мен Серік Түкиев сот барысында жағдайлары нашар екенін, өздерін суық жерде шешіндіріп ұстап, соның әсерінен денсаулығы сыр бере бастағанын жеткізді.

«Тағы да айтамыз. Біз әлі сотталып, қылмыскер деп танылған жоқпыз. Бізді суық жерде ұстап, аяғымыз тартылып жатыр. Мүлде жандары ашымайтын бұл қандай құқық қорғау қызметкерлері», - деп шағымданды күдіктілер.

 Су комитетінің бұрынғы төрағасы Ислам Әбішев пен Дүниежүзі қазақ күресі федерациясының вице-президенті Серік Түкиевтің соты кеше басталған еді. 60 миллионға жуық пара алуға оқталды деген айып тағылған. Алғашы сот отырысы кезінде жиылған жұрт пен қорғаушылар істі жүргізіп отырған судьяның қазақшасына көңілдері толмайтынын жеткізді. Қос адвокаттың 8 өтінішін қанағаттандырмаған судья, арнайы сот қаулысын жариялаған. Қаулыны тексерген адвокаттар лингвистикалық, грамматикалық, стилистикалық қателерге толы екенін айтып, судьяның ары қарай сот процесін жүргізуіне қарсылық білдірді. Атап айтар болсақ, 2 беттік қаулыдағы 24 сөйлемнен 76 қате кеткен. Сонымен қатар, судьяның дөрекілігін ұнатпаған айыпталушы Ислам Алмаханұлы "сіздей адамдарға адам тағдыры былай тұрсын, масаның да өмірін сеніп тапсыруға болмайды" деп Қ.Мекемтасты сынға алды.

Және тергеу абақтысындағы жайсыздықтарды да айтқан-ды. Прокурор Сүлейменов болса қылмыстың қалай жасалғанын баяндады.   

«2018 жылы 15 маусымда Солтүстік Қазақстан облысы, Қызылжар ауданында Соколов су құбыры желісін жаңарту мақсатында үкіметтен 5 980 598 463 теңге бөлініп, жұмысты атқару үшін конкурс жарияланады. Ислам Әбішев "Қаз Байлық Астана" ЖШС-не конкурсты алып беру үшін Шаймерденов атты азаматтан 250 млн.теңге қаржы сұрап, 190 млн.теңгесін өзінде қалдырып, 60 млн.теңгесін жуық арада әкеліп беруін талап еткен. Осы мақсатта 2018 жылы қазан, қараша айларында Нұр-Сұлтан қаласындағы "Дипломат" қонақүйінде кездесіп тұрған. 60 млн.теңгенің 10 млн.теңгесін Дүниежүзі қазақ күресі федерациясына демеушілік ретінде аудартуды көздеген. Серік Түкиев қылмыстық әрекеттің бәрінде болған», - деді мемлекеттік айыптаушы.

Адвокат Абзал ҚҰСПАН осы тұста судьяға істі екіге бөліп қарауды ұсынды. Бірінші Дүниежүзі қазақ күресі федерациясына аударылуы тиіс 10 млн.теңгені бөлек, қалған 50 млн.теңгені бөлек талқылау жөн болады деді адвокат.

Фотолар автордікі.

  


Мақала авторы:

Мадияр Жалғасұлы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.