Тағы да Әуезов туралы

Сайт Әкімшілігі - 16.10.20193829

Мұхтар Әуезов мұражайында кезекті дәріс өтті. Дәріскер - мемлекет және қоғам қайраткері, мәдениеттанушы Мұрат Мұхтарұлы Әуез. Кешті М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов жүргізді.

Кенжехан Ісіләмжанұлы: Құрметті әріптестер! Бүгінгі қонағымыз, белгілі қоғам қайраткері, мәдениеттанушы-ғалым, ұлының ұрпағы Мұрат Мұхтарұлы Әуез!

Тақырыпты Мұрат ағаның өзі ұсынып отыр. Сөз «Тағы да, тағы да Әуезов туралы» болмақ. Рас, бұл таусылмайтын, мәңгілік тақырып. Ал, енді ол әңгімені ұлынан есту, біз үшін, сөзсіз, ғанибет! Әңгіме әдебиет, мәдениет және халқымыздың рухани дүниесі жөнінде болмақ.

Мұрат ағаның өзі жайындағы әңгімеге де бір емес, бірнеше кеш арнауға болады. Менің ойымша, Мұрат аға мен оның достарының бірігіп, Мәскеуде «Жас тұлпар» ұйымын құруы –  үлкен тарихи ерлік. Темір құрсау бекіп, қабырғасы қатайып, тарихи әділетсіздік белең алып тұрған сол тұста, әсіресе отар елдердің, соның ішінде ұлт жастарының оған қарсы шығып, мәселе қойғаны ерлік болатын. Оның соңы қалай болғанын бәріңіз де білесіздер. Екінші, Мұрат ағаның академияда жұмыс істеген жылдары көбіміздің қолымызға тимеген күйі жойылып кеткен «Эстетика кочевья» деген атақты еңбегін жазды. Бұл сол кезеңдегі көшпенділердің бүкіл эстетикалық көзқарасы жазылған алғашқы еңбек еді. Біздер оны бір-бірімізден көшіріп алып,  таласып-тармасып оқыдық. Үшінші, сол кездері  әсіресе, техникалық саладағы қалалық жастардың көпшілігі, тіпті, ұлт интеллигенциясының ұрпақтары да қазақ тілінен ажырап қалды. Тәуелсіздік жылдары қазақ тіліне оралу туралы әңгіме басталды. Оған алғашқы болып үн қосқан да Мұрат аға болды. Жасыратын несі бар, Мұрат ағаны өзіміз де орыстілді қазақ деп есептейтінбіз. Айналып келгенде, қазір Мұрат ағамыз бізден де жақсы сөйлейтін болды. Бұл да, біле білген адамға үлкен ерлік деп ойлаймын. Сөз өзіңізде!

Мұрат Мұхтарұлы: Сөзімнің басында, өздеріңізден кездесу уақытын өзгерткенім үшін кешірім сұраймын. Бүгін, Мағжан ұлымның 102 жастағы әжесін жерледік. Сондықтан, белгіленген уақытты бір сағатқа шегеруді өтінген едім, түсінгендеріңізге мың да бір рахмет!

Мен бүгін үлкен мамандардың ортасына келіп отырмын. Сондықтан, бүгінгі кездесу мен үшін тағы бір сыннан өтумен бірдей.  Әкеміз туралы әңгіме – терең тақырып. Сондықтан ол тереңдікке бойламас бұрын, Кенжехан бастаған «жастұлпарлықтар» тақырыбына тоқтала кетсем деп отырмын.

 «Жас тұлпар» ұйымы өткен ғасырдың 60-жылдарының басында Мәскеуде құрылып, Одақтың біраз ірі қалаларындағы қазақ студенттерінің басын біріктіріп,  қыруар жұмыстар атқардық. Қазақстанның көптеген облыстарын аралап, халықпен кездесіп, концерттер ұйымдастырып,  лекциялар оқыдық. Осы жерде бір мәселені айта кетуіміз керек. Көпшілік арасында «Жас тұлпар» сол жылдары құрылып, бірер жылдардан кейін тарап кеткен ұйым деген пікір қалыптасқан. Бұл – түбегейлі қате пікір. «Жас тұлпар» - бұл, уақыты мен кеңістігі шектеулі ұйым немесе қозғалыс емес, бұл – ұлттық рух, «басқаша ойлау» рухы, көтеріліс рухы. Сондықтан, ол әлі де жалғасып келеді. Себебі, рух өлмейді, ешбір жүйе оны жеңе алмайды.

Жаңағы өздеріңіз айтқан «Эстетика кочевья» да, «Мәдени мұра» бағдарламасы барысындағы жұмыстарымыз да -  бәрі осы Рухтың нәтижесі.

Мәскеуден Әлем әдебиеті институтының аспирантурасын бітіріп, мамандығым бойынша жұмыс істеуге асығып елге оралғанда, алдымнан  биліктің «Сізге жастармен жұмыс істеуге болмайды» деген бұйрығы шыға келгенде де, тауымыздың шағылмауы да -  осы Рухтың арқасы.

1975 жылы «Эстетика кочевья» жинағымызды түгел жойып жібергеннен кейін, академиялық ортадан кетуді шештім. Ол жылдары менің жастұлпарлық досым, тарихшы Марат Сембі Қазақстан бойынша тарихи-археологиялық экспедицияларды басқарып жүретін. Содан, тағы да сол Рух жастұлпарлықтардың басын қосып, кеттік, ел аралап, жер аралап.

Біз, қайда жүрсек те, өзімізбен пікірлес адамдарды таба білдік.  Мысалы, осы Алматымызға оралғанда да өзімізге рухтас аға-іні буын өкілдерімен бірге жүрдік. Олардың әрқайсысы – ұлттық мәдениетіміз бен тарихымызда өшпес із қалдырған Асқар Сүлейменов, Мұқағали Мақатаев, Шәмші Қалдаяқов, Нұрғиса Тілендиев, Ақселеу Сейдімбеков, қаны осетин, жаны қазақ Алан Медоев сияқты алып тұлғалар. Олармен бірге жүріп, елден жырақта, орыстілді ортада жүріп, шорқақтанып, ақсай бастаған ана тілімізге оралып, оның небір маржандарымен барынша жақын таныса бастадық. Асқар Сүлейменовтің домбырасына әбден үйреніп алғанымыз соншалық, ешбір кездесуіміз домбырасыз өтпейтін болды. Қазақ музыкасының симметрологиясының негізін салған Болат Қарақұлов та, қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарын, тіпті Моңғолияға дейін барып, жинақтаған Болат Сарыбаев та, біздің қатарымызда болды.

Социалистік реализмнің тар соқпағынан шығар жол іздеген  С.Айтбаев, М.Қисамединов сияқты суретшілердің шығармашылық шарықтау кезеңі де осы рухтас болып жүрген кездері туды. Жастұлпарлықтар Алматыда Махамбет кешін өткізбекші болғанбыз, дәл өтетін күні билік рұқсат бермей қойды. Марқұмның Махамбет бейнесіне арналған атақты графикалық топтамасының идеясы дәл сол күні туған еді.  Көтеріліс рухы дегеніміз – осы!

Жастұлпарлықтардың тағы бір тақымын қысып, тарихи-мәдени процеске белсене араласқан тұсы – «Мәдени мұра» бағдарламасы. Алдымызда түрлі сұрақтар тұрды. Оның бірі де бірегейі – Мәдениетіміздің тарихын қай кезеңнен бастаймыз?

Әрине, оны он мыңдаған жылдарға дейін шегеруге болар еді. Бірақ, бізге тарихи-логикалық әдіс, яғни, осы күнгі тарихи көзқарастарымызбен байланысы бар тұсын іздеу керек болды.

Қазақ халқы үшін ХХ ғасырдағы үлкен трагедия – ашаршылық! Бұл –көшпелі өркениеттің күйреуі. Қасіретті финал. Егер ол ақыры болса, онда сол өркениеттің бастауы қайда жатыр екен?! Көшпенділердің тарихи сахнаға шығып, үлкен кеңістіктерді игеріп, орасан зор күшке айналған тұсы – қола және темір дәуірі, яғни, аттың темірден жасалған ауыздығының пайда болған кезең. Бұл осыдан екі жарым мың жыл бұрын үлкен тарихи өзгерістерге әкелген ғылыми-техникалық төңкеріс болды. Сөйтіп, көшпенділер зор күшке айналды. Бұл бірінші.

Ал екіншіден, біз Гегельдің «Осевая эпохасының» кезеңіне де сүйендік, бұл Иса пайғамбардың туған кезіне дөп келеді. Қытайда Конфуций мен Лаоцзы, Индияда Буддизм, шығыста Заратуштра да сол кезде дамиды. Гректерде, бүкіл еурокеңістікте де үлкен өзгерістер болды. Демек, бұл қозғалыс! Тарихшылар бұл кезеңді «пайғамбарлар дәуірі» деп атайды.

«Ұлы Жібек жолы» қатынастары да осы кезеңдері шарықтады, Қытай мен Индия арасындағы байланыстар, сауда-саттық, миграция күшейді. Мәдениеттер байланысы, рухани қарым-қатынастар өсті, ал бұл, өз кезегінде жалпы мәдениеттің дамуына үлес қосты. Рухани мұра гүлденді, әлемдік діндер тарих сахнасына шықты.

Міне, біз сол баяғы бастауды іздегенде, жалпыадамзаттық дамудағы осындай тарихи-логикалық байланыстар тұрғысынан қарауымыз керек. Ал, отаршыл мемлекеттер ғылыми процестегі мұндай көзқарастарға түбегейлі қарсы. Кез келген отаршыл мемлекет, тоталитарлық режим өзінің үстемдігін бекіте түсу үшін тарихи-мәдени-әдеби процестерді зерттеп-зерделеуде «фрагментарлық ойлауды» құптайды, соған кең жол ашады. Кеңестік режим тұсында бізде де дәл осылай болды. Жастұлпарлық М.Тәтімовтың ашаршылыққа байланысты еңбегіне «қойды санауға болады, адамды санауға болмайды» деген Мәскеуден келген жауап та – осы сұмырай саясаттың бірден бір көрінісі.

Сондықтан «Мәдени мұра» бағдарламасына кіріскендегі ең басты мақсатымыз – еліміздің тарихи-мәдени процесін тұтас қозғалыстар тарихы ретінде қарастыру болды. Көшпенділердің тарих сахнасына шыққаннан бастап, оның ақыры болған ХХ ғасырдың басындағы зұлмат – ашаршылыққа дейінгі дәуір, яғни екі жарым мыңжылдық тарихи тұтас дәуір.

Мұның бәрін мен қазір сіздердің алдарыңызда бекер айтып отырған жоқпын. Абай, Мұхтар тақырыбына ауысар алдындағы жай ғана тарихи экскурс емес. Олар да – сол жоғарыда айтылған тұтас тарихи-мәдени-әдеби процестің заңды жалғасы.

Біз Мұхтарды білу үшін, Абайды танып білуіміз керек, ал Абайды түсіну үшін оның алдындағы Асан қайғыдан бастап, Доспамбет, Мұрат сияқты бүкіл зар-заман ақын-жырауларының зары мен қайғысын зерделеуіміз керек. Әңгіменің негізгі төркіні осында!

Көшпенділер өркениетінің, яғни, ел мен жер бостандығының, кең кеңістік пен азат ұғым, түсінік, әдет-ғұрып, салт-дәстүрдің жойылып бара жатқанын сезінген ақындар зар жырларын шығарды, халқымен ортақтасты, бірақ одан шығар, тойтарыс берер жол таппады. Асан қайғы «жерұйығын» іздеп, жер шарлады, Доспамбет «қоғалы көлдер, қом суларын» жырға қосты.  

Жақында ғана М.Әуезовтің елу томдығының төртінші томындағы зар-заман ақындарына талдауын сүйсініп оқып шықтым. Қандай ғажап дүние! Ол Асан қайғы, Бұқар жырау екеуі туралы сондай жақсы талдау береді. Әуезов сол мақаласының соңында «...зар-заман ақындары Абайға келіп тіреледі. Сол себепті енді Абайға көшеміз»-дейді.

 Демек, Мұхтар Абайды осындай байланыста қарайды.  Себеп – салдар.  Абай – олардың мұрагері. Абай – ғасырлар бойғы бүкіл мұраны танып-біліп, бойына жинақтап қана қоймай, сол зар заманнан шығудың жолын таба білді. Оның  данышпандығы да, ұлылығы да осында жатыр.  Оның бүкіл шығармашылығы, философиясы, өлеңдері мен қарасөздері –  барлығы – кездейсоқ емес, күресу жолы! Абай – біздің ұлт ретінде сақталып қалуымыз үшін Құдайдың өзі жіберген құтқарушымыз. 

Абай Алаш азаматтарының рухани көсемі болды. Біз Абайды зерттеп-зерделегенде, оны алдыңғы буын ағалары – зар заман ақындарынан да, кейінгі буын іні-шәкірттері – Алаш азаматтарынан да бөліп қарамауымыз керек.

Ал, енді бүгінгі тақырыбымыз Мұхтар Әуезовке келер болсақ, оның да  бірде бір шығармасы, бірде де бір әрекеті кездейсоқ емес. Осы уақытқа дейін ешбір әдебиеттанушы, әуезовтанушы «Әуезов және Жапония» деген тақырыпқа мүлдем бармаған. Кезінде алаштықтар  батыс басқыншылығына қарсы тұру жолдарын іздегенде, бүкіл Еуразия кеңістігінде мұндай отаршылдыққа төтеп беріп, қарсы тұра алған бір ғана мемлекет бар екенін біледі. Ол –Жапония. Сөйтіп,  Алаш азаматтарының арнайы тапсырмасымен жиырмаға енді ғана толған Мұхтар «Жапония» атты көлемді мақала жазады. Кейін 1957 жылы бір айдан аса уақыт Жапонияда болып, көптеген қалаларын аралап,  жүрген жерінің бәрінде Абайдың туған жері Семейде болып жатқан ядролық жарылыстарға қарсы сөз сөйлейді. Мұның бәрі күнделіктерінде жазылған, тыңшылардан жасырмақ болып, басым көпшілігін араб графикасымен жазған. Тұнып тұрған күрес емей не?!

Ал енді «Қилы заман» повесін алып қарайықшы. Оны түрік тектес халықтардың жеңісі, алаш азаматтарының ұраны, Абайдың жемісі деуге болады.  Қазақ, қырғыз, өзбек, ұйғыр халықтарының отаршылдыққа қарсы бірлескен көтерілісі. Ұлы шығарма! Тағы сол түрікшілдік рух!  

Абай және оның заманы – көшпенділік өркениетінің соңғы салтанаты. Міне, сол қайта келмес көшпенділер тұрмысының бүкіл болмысын келер ұрпаққа барынша сақтап қалу керек болды. Сондықтан Мұхтар Әуезов саналы түрде қазақ әдебиеті тарихында бұрын-соңды болмаған роман-эпопея жанрына келді. Бұл тек ұлы суреткердің ғана қолынан келетін еді.  

 «Абай жолындағы» Боран бөлімін жеке алып талдауға болады. Боран – ол ашаршылықтың бейнесі! Міне, тағы да сол тарихи-логикалық байланыс, себеп пен салдар. Мұхтар Әуезов – күрескер, ол шығармашылығында да, қайраткерлік-азаматтық болмысында да ешқашан өзінің саналы күресін тоқтатқан емес! Ол – Абайдың ізбасары, шәкірті, Алаш азаматтарының жалғасы! М.Әуезов – мұхит, бойлаған сайын тереңдей бересің!

Кенжехан Ісіләмжанұлы: Әуезов деген фамилия сізге не берді, ауырлығы, жеңілдігі болды ма? 

Мұрат Мұхтарұлы:  Ауырлығы - жауапкершілігінде, Ұлының ұлы бола білу жауапкершілігінде. Оны бала кезімнен сезініп өстім, оған Фатима шешем де, әкемнің өзі де себепкер болды. Бүгінгі әңгіме  барысында да әкемнің алдындағы бір парызымды атқарғандай болып отырмын. Осы тұрғыдан алғанда, мен тағдырыма ризамын!  

Кенжехан Ісіләмжанұлы: Міне, бір жарым сағат еркін сұхбат құрдық. Бір жақсы рухани отырыс болды деп ойлаймын. Сіз, Әуезов деген ұлы фамилияға лайық адамсыз! Сізді сол үшін жақсы көреміз, құрметтейміз! Сонымен қатар, қазақ өнері мен мәдениетіне ерекше үлес қосқан ірі тұлғасыз! Биікті аласартпай келесіз! Біз үшін сіз осы қара шаңырақтың ұлысыз, кейде жанымыз қиналған кезде сізді арқаланып, «Мұрат ағаға айтайық!» деп тірек тұтамыз. Бізге жиі-жиі келіп тұрыңыз! Аман-сау болыңыз! 




Мақала авторы:

Сайт Әкімшілігі

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Ұқсас жаңалықтар