Шығыстың "имиджін" парақор шенеуніктер жасап жатыр

Сәтжан Қасымжанұлы - 21.10.20193950

Шығыс Қазақстан  облысының әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ өзі басқарып отырған өңірді «жақсы жағынан» көрсетуге келгенде мәрттігіне қайран қаласың. Әрине, патриоттық тұрғыдан дұрыс әрі мемлекеттік саясатты дұрыс бағытта түсіндіру үшін облыстық бюджеттен  осыншама қаражат  қажет те шығар, кім  білсін?.. Алайда, төмендегі картинада жымия күліп тұрған әкімнің жанындағы соманы көргенде, РR-жарнаманың құнына таңырқамасқа шараң жоқ.

Иә, сонымен облыс әкімі Даниал  Ахметов үшін ШҚО-ның имиджін  қалыптастыру үшін 576 780 500 теңгені, сол бағытта барын салатын блогерлер үшін 130 000 000 теңгені облыс бюджетінен  бөле салу түк емес тәрізді. Бұл туралы «Жас алаш» тілшісі «Азаттық рухы» (azattyq ruhy.kz) сайтына сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Ал, ШҚО Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ришат РАМАЗАНОВТЫҢ айтуынша, бұл мазмұндағы ақпарат бұрмаланып кеткен.

- Біз арнайы жолдаған сауалына орай аталған сайтқа жолдаған ресми хатымызда «имидж» деген сөз мүлдем жоқ болатын. Тек мемлекетттік ақпараттық саясатты жүзеге асыру үшін жергілікті бюджеттен үстіміздегі жылы 576 780 500 теңге бөлінгенін баяндаған едік. Әлеуметтік желіде халықпен тиімді кері байланысты нығайту мақсатында блогерлерге 130 000 000 теңге бөлінді. Бары осы, - дейді Р.Рамазанов.

Жақсы, солай делік. Бірақ, біз айтар жайт, осының қарсы бағытындағы «имиджден» шығып отыр. Даниал Кенжетайұлы мемлекеттік саясатты халыққа дұрыс түсіндіру үшін электронды және мерзімді БАҚ-пен байланыс орнатуға ақшаны аямай төгіп, барын салып жатқанда, қарамағындағы шенеуніктері парақорлығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің қармағына ілініп, Шығыстың атын керісінше шығарып жатыр. Қазір Ахметов облысты басқарған алты жылдан бері басқарма басшыларының қаншасы парамен ұсталып, қызметімен қош айтысқанын қайдам, соңғы апта ішінде бюджеттің миллиондаған қаржысын жымын білдірмей «жұтып қойғандардың» есімдері БАҚ беттерінде біртіндеп «рухани жаңғыру» үстінде. Екі күннің бірінде парамен ұсталып жатқан шененуніктерді облыс халқы санап үлгере алмай жатыр  десе де болады.

Мәселен, өткен апта басында облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ШҚО филиалының директорына пара алу фактісі бойынша айып тағылып, сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.

Агенттіктің баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, филиал басшысы республикалық маңызы бар Р-26 «Омбы-Майқапшағай-Қалжыр-Теректі» бағытындағы автожолының учаскесіне орташа жөндеу жүргізуді сатып алу туралы шарт бойынша орындалған жұмыстардың актілеріне қол қойғаны үшін 2 млн теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінген. Әзірге бұл шененунікке тергеу басталған жайы бар.

Аты жақсы емес айыптың тағы бірін арқалаған атқамінер – ШҚО Энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы қызметін атқарған Алмат АРСЛАМБАЕВ. Бюджет қаражатын қолды етуде «қамшы салдырмаған» оның аймақтағы үш нысан құрылысы көрсетілген жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге бөлінген 70,1 млн теңге ақшаны «ШҚО тұрғын үй-пайдалану басқармасы» ЖШС директоры А.ӘУБӘКІРОВАМЕН бірге «асап», мешкейліктің «озық үлгісін» көрсеткені белгілі болды. Бюджеттің қомақты қаражаты бөлінген  тиесілі құжаттамаларда  Өскемен қаласының Самар тас жолы бойынша "Өркен-ЖМК" индустриялық аймағына инфрақұрылым жүргізу, Ұлан ауданы, Украинка ауылындағы су құбыры мен су тарту желілері мен осы ауданның Сағыр ауылындағы сумен жабдықтау желілерінің құрылысы сияқты маңызды нысандары бойынша жалған актілергее қол қойылып, 70,1 млн. теңге қос шенеуніктің көлденең табыс көзіне айналып кеткен.

Осы жемқорлық ісі бойынша Өскемен қалалық № 2 соты А.Арсламбаевқа мемлекеттік қызметте лауазым иелену құқығынан өмір бойына айыра отырып, 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығы шектеу, ал Әубәкіроваға мемлекеттік қызметте лауазым иелену құқығынан өмір бойына айыра отырып, 4 жыл 7 айға бас бостандығынан айыру үкімін шығарды. Әубәкірова жазасын баласы 14 жасқа толған соң өтейтін болады.

ШҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі әшкерелеген тағы бір қос шенеунік - Өскемен қаласы Ветеринария және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы С.КҮДЕБАЕВ пен осы бөлімнің бас маманы Қ.СЕРІКОВ. Олар кәсіпкерлерге жасаған жалпы қамқорлығы үшін бір емес, бірнеше рет пара алып отырған.   

15 қазан күні Өскемен қаласының №2 сотының үкімімен Күдебаев пен Серіковке 1 638 000 теңге мөлшерінде айыппұл салынып, сондай-ақ мемлекеттік қызметті атқарумен мәңгілікке қош айтысты.

Ал, өткен апта соңын ала «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени мұражай-қорығының директоры мен қарамағындағы қызметкерлерінің «Бітім» жеке кәсіпкерлігімен мемлекеттік сатып алу қорытындысында 10  млн.теңгеге жалған құжат жасағаны мәлім болды. Бұл туралы  тағы да ШҚО  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі ақпарат таратты. «Берел» басшысы мен қызметтестерінің жайынан алдағы уақытта хабардар ететін боламыз.

Медальдің екі жағы болатын сияқты, облыс әкімі Д.Ахметов Шығыс өңірі имиджінің беткі жағын мемлекеттік саясатты түсіндіру ақпараты бойынша «әдемілеп», сол үшін насихатшыларға облыс бюджетінен қыруар қаржы төлеп жүргенде, шенеуніктері теріс жағынан көрініп, кері кетіп жүр. Ал, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ қарамағындағылары пара алумен аты шықса, жемқорлыққа жол берген басшылардың өзі кетуі тиістігін ескерткен болатын.

Фотоны автор ұсынды

Мақала авторы:

Сәтжан Қасымжанұлы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.