Сапарбаев сөз барымтасына бармапты

Қанат Тілеухан - 22.10.20191896

«Жас АЛАШ» сайтында 2019 жылдың 15-ші қазан күні  «Сапарбаев та жиендік жасай ма?» деген материал шыққан болатын. Оған дейін Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫНЫҢ 80 жылдық мерейтойына орай Ақтау қаласында өткен ақын-жазушылардың халықаралық конгресі өткені туралы ақпарат шыққан еді. Сондағы Бердібек МӘШБЕКҰЛЫ айтты деген сөз белгілі ақын, аудармашы Оңайгүл ТҰРЖАННЫҢ «Пілге тән өріс, пілге тән жүріс керек» деген мақаласының бір бөлігі еді. Біз соған қатты қайран қалып, Сапарбаев сөзін сынға алғанбыз. Енді Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ баспасөз хатшысы Қанат ҚҰЛШЫМАНОВ ол ақпаратты терістейтін дәйекті редакциямызға жолдады.

«2019 жылғы 15 қазанда Сіздердің сайттарыңызда «Сапарбаев та жиендік жасай ма?» мақаласы шыққан болатын. Онда вице-премьер Б.М. Сапарбаевтың қоғамдық және саяси қайраткер Ә. Кекілбаевтың 80-жылдығына арналған конгрессте сөйлеген сөзінде Оңайгүл Тұржанның «Пілге тән өріс, пілге тән жүріс керек» мақаласындағы дәйексөзін қолданғаны айтылған. Бердібек Мәшбекұлы өзінің сөйлеген сөзінде Оңайгүл Тұржанның мақаласындағы дәйексөзді немесе ұсынысты қолданбағанын растағым келеді. Ол кісінің сөйлеген сөзіндегі материалдарда олар тіпті болған да жоқ.

Біздің білуімізше, Маңғыстау облысының Өңірлік коммуникация қызметі осы іс-шара бойынша алдын-ала баспасөз мәлімдемесін әзірлеген, онда ешбір келісімсіз түсініксіз себептер бойынша өзге дайындалған мақаладан үзінділер қолданған. Осы баспасөз-релизді кейбір ақпараттық сайттар қайта басып жариялаған. Барлық қате жарияланған материалдар алынып тасталынатын болады. Одан бөлек, Бердібек Сапарбаевтың көпшіліктің алдында сөйлеген сөздерінде ешуақытта қағаздан оқымайтындығына және ойларын өз сөздерімен жеткізетініне назар аударғым келеді.

Осыны растау үшін вице-премьердің конгрессте сөйлеген сөзінің аудиобаспасын қоса беремін. Сіздер оны тыңдап, көз жеткізулеріңізге болады.

Осыған байланысты, Сіздерден «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңның 19-бабына сәйкес алдында жарияланған ақпаратты теріске шығаруды сұраймын. Қолдау көрсеткендеріңізге алғыс айтамын және өзара әріптестікке үміттенемін», -  дейді бізге жолдаған ресми хатында Қанат Құлшыманов.

Аталған ақпарат Inform.kz, ult.kz порталдарынан алынып тасталған. Ал tengrinews.kz, mangystaumedia.kz, aikyn.kz сайттарында мәтін өзгертілген.

Фото: yandex.kz



Мақала авторы:

Қанат Тілеухан

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.