Сүт өндірісі жаңа талапқа көшеді

Асмира Ермекқызы - 15.10.2019722

Қазақ халқы қымызды сусын ретінде, негізінен жазғы жайлауда ішкенді ұнатса, қазір ірі қара аталып жүрген сиыр түлігі – Зеңгі баба ұрпағының сүті қарапайым тұрмыста үлкен роль атқарған. Қазір «қазақ сиырды сүтке ұстағаны болмаса, тұяқ санын соншалық көбейтпеген» деген сөздер бар. Десе де, мыңғыртып, мыңдап айдамаса да сиыр малының маңызы Қазақ даласында ешқашан төмендеп көрмеген. Өйткені, жыл он екі ай сауылатын түліктің сүті өңделуге бейім екені белгілі. Еті де өз алдына бір бөлек. Бірақ, етке жылқы мен қойды жегенді ұнататын қазақ сиырды осы сүті үшін қатты қадірлеген. Қадірлемей қайтсін, сүтінің өзінен айран, қатық, құрт, ірімшік, май, маңыз, қаймақ, балқаймақ сияқты дастарханыңның сәнін келтіріп тұратын қаншама өнім алған. Ірімшік пен құртты тек тұрмыста ғана емес, жорық кезінде, жаугершілік уақытында да әскер үшін көп пайдаланған. Тіпті, қазақтың құртын алғаш көргенде шет елдік зерттеушілер таң тамаша болғаны жайлы да деректерді аз ұшыратпайсыз. Міне, сол сиырдың сүті заманнан заман өткенде де маңызын жоғалтқан жоқ. Қазір сиырды ет шаруашылығы ғана емес, сүт шаруашылығында да маңызды сұранысқа ие төрт түліктің бірі деп бағалауға болады. Тіпті, мал шаруашылғында да сүт саласына қатысты ең алдымен аталып, экспорт, экономика саласында да үлкен рольге ие болып отыр.

Сүт өндіру, өңдеу бойынша қазір атқарылып жатқан шаруалар аз емес. Соның негізгісі – кедендік талаптарды мықтау. Өйткені, сапалы өнім алып, елді де, шетелдерді де жоғарғы сапалы өніммен қамтамасыз ету – басты бағыт. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары, елдің жағдайы қиындап қалған кездерде де сүт сату, сүт өңдеу көпшіліктің күн көрісінің бір маңызды бөлігі болғаны белгілі. Қазір де арнайы сүт фермалары, сүт шаруашылығы бойынша жұмыс істейтін ірілі-ұсақты шаруашылықтар ғана емес, қарапайым ел де сүт сатуды тоқтатқан жоқ. Бірақ, енді талап күшейтілмек. Қай жақтан, қалай келген сүт болса да еліміздегі қайта өңдеу кәсіпорындары Еуразиялық кедендік одақтың талаптарына сай келетін сапалы сүтті ғана қабылдайтын болады. Ал, ол үшін былайғы жұрт қазірден бастап сол талаптарға сай келетін өнім ұсынуға дайын болуға тиіс. Ол қандай талаптар?

Талап күшейген жерде жаңашылдықты меңгеру қажет болады. Ол әрине белгілі бір нормалардың сақталуына негізделетіні түсінікті. Фермерлер бұл талап бойынша біраз әбігерге түсуі де мүмкін дейді. Дегенмен, қазірден бастап қимылдаса 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап енетін өзгеріс кезінде өкініп қалмайтыны анық.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, қазір өндірушілерге ұсынылатын сүттің тең жартысына жуығы талаптарға сай келмейді екен. Бұл, әрине, аз көрсеткіш емес. Демек, осы бағытпен кете берсе келер жылдан бастап сүт шаруашылығымен айналысатын шаруалардың тең жартысы қиын жағдайда қалуы мүмкін. Қазақстан Сүт одағының өкілдері бұл өзгеріске фермерлердің бәрі бірдей дайын емес екенін алға тартуда. Олардың айтуынша, бұл аса қорқынышты да емес. Шикізаттың бір бөлігі жарамсыз болып қалуы мүмкін. Дегенмен, оны түзеуге де болады.

Шикізатқа, яғни, табиғи сүтке қойылатын басты талап – оның құрамында антибиотиктердің болмауы керек. Табиғи, таза өнім – шикізат өңдеу кәсіпорындарында жоғары бағаланады. Мұндай талаптарды заңды түрде негіздеп, жаңа талаптар қойылған кезде шаруалар қиналып қалмау үшін ертерек қимылдап, Қазақстан Сүт одағы Мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, арнайы жол картасын әзірледі. Сүт өңдеу зауыттарының негізгі шикізат көзі – ауылдардағы қарапайым тұрғындар екені даусыз. Айталық, сүт өңдейтін кәсіпорындар тұтынып отырған шикізаттың 80 пайызы осындай тұрғындардан келеді. Бұл бір жағынан жақсы, екінші жағынан өзіндік проблемалары да бар. Бұл жердегі басты мәселе – санитарлық талаптарға байланысты. Ауылдық жерлерде қолмен сауылған сүттердің көпшілігі санитарлық талаптардан төмендеу болады. Бұл өз кезегінде шикізат өңдеуші кәсіпорындарға қосымша жұмыс болатыны анық. Зауыттар жан-жақтан жиналған сүтті қажетті нормаға жеткізгенше әбден тазартып алып қана нарыққа шығаруға мәжбүр. Алдағы өзгеріс осы және өзге де қиындықтардың алдын алып, сүт өңдеу саласында бірқатар мәселелерді шешіп қана қоймай, сапалы сүт өнімдерін шығаруға және шикізатты түгелге жуық пайдалануға мүмкіндік береді.

Шаруалар 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап қойылатын Еуразиялық экономикалық одақ талаптары туралы осыдан үш жыл бұрын хабардар етілген. Содан бері жаңашылдыққа біртіндеп дайындала бастаған. Бұл жердегі фермерлердің алдынан тосатын қиындық – табиғи сүтті дер кезінде жеткізіп отыру. Шалғайдан келетін сүттердің балғын күйінде зауытқа жеткізілуі де шикізат сапасына көп әсер етеді. Біраз жер жүрген соң сүт бұзылып кетуі мүмкін немесе сапасы нашарлауға да ұшырап жатады. Сол себепті кәсіпкерлер сүт тасымалдаушы серіктестер табуды қолға алған.

Көрсеткіштерге үңілсек, Қазақстанда дәл қазір 150-ге жуық сүт өңдеу зауыты бар. Олардың әрқайсысы жылына орташа есеппен 1,5 миллион тоннаға жуық шикізат қабылдайды. Бұл шикізат атаулының барлығы толықтай іске асады, өңделеді деп айту қиындау. Өйткені, бұл тауарлардың ішінде зиянды бактериялармен ластанған немесе антибиотиктердің қалдықтары ұшырасатын шикізат аз емес. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» дегендей, бұл зақымданған шикізат өнімдері өзге таза өнімдерді былғауы мүмкін.

Тауар сапасының нашарлауына әсер етуші басты фактор – сүтті көп алам деп, малды дәрі-дәрмектермен, химиялық қоспалармен қоректендіру. Яғни, жем-шөпке қосылатын қоспалардың құрамы арқылы үлкен шаруашылықтар мен біріккен, ұйымдасқан фермерлер негізгі ережелерді ескермейді. Соның салдарынан өндіруші орталықтарға орасан зор шығын келтіреді, қосымша жұмыс тауып береді. Бұдан өңдеу орталықтары ғана емес, тікелей тұтынушылар да аз зиян шекпейді. Мәселен, өңдеуден өтпеген сүтті пайдаланатын, сатып алатын тұрғындар өте көп. Олар өз кезегінде өңдеуден өтпеген табиғи сүттің дүкендегі сүттен дәмді болатынын алға тартады. Ал, мамандар мүлде басқа нәрсе айтады. Олардың айтатыны – табиғи сүтті пайдаланатын тұрғындар оның құрамының таза, таза емес екенін біле алмайды. Оған мүмкіндік те жоқ, кепілдік те берілмеген. Кейде осының салдарынан ауру да шығып жатады. Сол себепті, экологиялық таза өнім тұтыну – ұлт денсаулығының кепілі екенін ескерсек, мұндай жауапсыздықтың алдын алмай тағы болмайды.

Қазақстанның Сүт одағы осы орайды Біріккен Ұлттар ұйымының ауыл шаруашылығы және азық-түлік ұйымымен бірлесіп, бірқатар шаруаларды қолға алған. Соның негізгісі шикізат өндірушілердің талапқа сай өнім ұсынуын қадағалау. Қос тарап бұл қолға алынға істің көп кешікпей нәтиже береріне сенімде. Агроөнеркәсіптік кешеннің өркендеуі – талаптардың қатаң сақталуына тікелей байланысты.

- Біз сүт өндірісі саласындағы әрбір адамға негізгі және жаңа талаптарды түсіндіргіміз келеді. Осылайша осы саладағы іскер азаматтарға көмек көрсетуді қалаймыз. Өзгеріс енгізудің ешқандай қиындығы жоқ. Мәселен, Хорватия бұл өзгерістерді екі жылдың ішінде-ақ игерді. Қазақстан да осындай аз уақыт ішінде меңгеріп, жақсы жұмыс істеп кетеді деп ойлаймын, - дейді арнайы отырыста сөз сөйлеген ҒАО-ның агробизнес жөніндегі маманы Инна Пунда.

Мамандардың айтуынша, шикізат өнімі неғұрлым сапалы болып келсе өндірушілерге пайдалы. Оның сыртында табиғи өнімдердің жарамдылық көрсеткіші де арта түседі. Дегенмен, жергілікті сүт шаруашылығы бойынша жұмыс істеп жүрген фермерлер сүт сапасына қойылатын талаптарды өздігінен қадағалай алмайды. Оған арнайы құрал-жабдықтар да жоқ. Бірақ, бұл мәселені шешудің тетігі де табылған секілді. Өйткені, қазір алдағы уақытта сүт өңдеуші кәсіпорындар шикізат өндіретін шаруаларға көмек қолын созу туралы келісімдер жүріп жатыр. Егер келісім сәтті жүзеге асса, шаруалар арнайы құрал-жабдықтар мен техникаларға қол жеткізіп, шикізат құрамында ауру тудыратын соматикалық жасушалар мен антибиотиктердің бар жоғын анықтай алады. Соның арқасында әр фермер өз өнімінің сапасын тікелей бақылай алады. Егер зиянды бактериялар мен қалдықтар анықталса, оның неден болғанын біліп, сиырды емдеу немесе оған берілетін азық құрамын өзгертуге мүмкіндік алады. Мұндай аппараттардың арқасында жоғарыда аталған жасушалар мен қалдықтар, бактериялар ғана емес, өзге де қауіпті, зиянды көрсеткіштерді анықтауға болады.

Бірлесе жұмыс істеу демекші, бұған дейін де фермерлер мен өңдеуші кәсіпкерлер арасында бірқатар шаруалар атқарылған. Мәселен, сүт өндәруші кейбір кәсіпкерлер сүт сауу аппараттарын сатып алып, оны өзіне шикізат ұсынып отырған шаруашылықтарға таратып жүр. Бұл әріптестіктің пайдасы екі жаққа да тиімді. Сауын аппаратының арқасында шаруалар көбірек әрі таза өнім алуға мүмкіндік алса, қайта өңдеу зауыттары сапалы шикізатқа қол жеткізеді. Өнімнің бір бөлігі жарамсыз болып қалмаған соң, жолға кеткен шығын да ақталады. Бұл туралы Қазақстан Сүт одағының атқарушы директоры Владимир Кожевников былай дейді:

- Сүтті қайта өңдеушілер сүт тапсырушылармен бірлесе отырып жұмыс істеуі қажет. Мысалы кәсіпорын иелері фермерлерге салқындатқыш құралдар мен сауын аппараттарын, тазалағыш құрылғылар алуға көмектессе өте дұрыс қадам болар еді. Мұндай екі жақты әріптестіктің арқасында өнімнің сапасы артады. Мен оған әбден сенімдімін.

Сүт сапасын арттыруда сүт алып-сатумен айналысатын жеке қосалқы шаруашылықтардың да маңызы зор. Алыс аймақтардан шикізат сатып алып, оны тиісті зауыттарға жеткізумен айналысатын аралық кәсіпкерлер көп жағдайда сүттің сапасына емес, көлеміне мән береді. Әрине, оларға да сапалы сүт қажет. Дегенмен, әр қабылдап алған табиғи сүттің сапасын бақалап отыруға уақыт та, құрылғы да жете бермейді. Дегенмен, негізгі сүт тапсырушылар жаңашылдыққа бет бұрса, аралық кәсіпкерлер де қалыс қалмайтыны анық. Қазір түсіндіру жұмыстары негізінен жеке сүт ұсынушылармен жүргізіліп жатқандықтан, аралық кәсіпкерлердің талапқа сай жұмыс істеуін қадағалау алдағы күннің еншісінде.

Түсіндіру жұмыстары әзірге сүт тапсырушыларға қарапайым гигиеналық талаптар төңірегінде жүргізіліп жатыр. Мамандар сүтті арнайы ыдыстарға саууға кеңес береді. Яғни, бактериялардың пайда болуына пластмасса ыдыстарды тұтыну ықпал етеді. Одан бөлек, ұсақ-түек қоқымдар да сүт сапасын айтарлықтай түсіріп жібереді. Ал, түрлі жәндіктердің сүтке түсіп кетуі өзінше мәселе. Мәселен, сүтке шыбын түсіп кетсе ол бір минут ішінде 500-ге дейін микроб таратуы мүмкін. Осы және өзге де түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін бұған дейін арнайы орындарда қарапайым шаруалармен түрлі кездесулер өткен. Кездесулерде қораны таза ұстау, сауын аппараттарының таза ұтсалуы, сиырдың желінін тазалап жуып отыру сияқты қарапайым қағидалардың сақталмауынан сүт тапсырушылар да, сүт өңдеушілер де айтарлықтай зардап шегуі мүмкін екені айтылады.

Сүттің бұзылып кетпей, керек жеріне жетуі үшін салқындатқыш құрылғылар керек. Бірақ, оған көптің қолы жете бермейді. Осының салдарынан сүт тапсырушылар түрлі қадамдарға барады. Мәселен, сүтті ұзақ уақыт бұзылмай сақтап тұратын қоспалар. Мысалы, аммиак қосатын болса, сұт бұзылмай, ұзақ сақталғанмен, оның құрамы бұзылады. Оны сүт құрамынан шығару үшін тағы қаншама сүзгіден өткізуге тура келеді.

Жалпы, қарапайым шаруалардың мұндай қадамдарға баруы – шаруаның толықтай жолға қойылмауынан. Өніміне жақсы ақша төленсе, шикізаты жерде қалмаса, сапасына орай баға да көтерілсе, олар ең алдымен сапаға жұмыс істеуді меңгерер еді дейді мамандар. Сол себепті, сүт шаруашылығымен айналысушы шаруаларды қолдау мәселесі ешқашан күн тәртібінен түспеуі қажет. Сонда сапалы сүтпен кедендік одақ қана емес, алыс-жақын шет елдерді де қамтуға болады. Өнімің стандарттарға сай болса, оған сұраныстың артатыны ең қарапайым логика. Осы жағынан алғанда, шаруалар мен кәсіпорындардың біріге отырып жұмыс істеуі толықтай жолға қойылса алдағы бір-екі жылда сүт шаруашылығының тасы өрге домалайтыны анық.

Мамандар жаңашылдық пен жаңа талаптарға бейімделудің соншалық қиын еместігін айтады. Десе де, алғашында аздаған кедергілер болуы мүмкін. Өйткені, бұрын қалай сүт тапсырса, солай тапсыра бергісі келетін кейбір шаруалар өз өнімдерінің жарамсыз болып қалатынын білмейді. Осының салдарынан алғашында шикізаттың азайып кетуі мүмкін. Ал, шикізаттың кез келген кәсіпте, кез келген салада басты роль ойнайтыны белгілі. Десе де, қазірге дейін атқарылған жұмыстар өз жемісін береді деп сеніп отыр сүт одағы өкілдері.  

Фото: dalanews.kz


Мақала авторы:

Асмира Ермекқызы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.