Әбішев ісі: куәгер Шаймерденовті "алаяқ" деп кінәлады

Мадияр Жалғасұлы - 24.10.20193116

Бүгін Елордада ауданаралық мамандандырылған сотта қаралып жатқан Ислам Әбішев пен Серік Түкиевтің ісіне байланысты кезекті отырыс өтті. Бұл жолы сотқа Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының вице-президенті болған Серік Адамұлының жақтастары мен шәкірттері көптеп жиналғанын аңғардық. Судья Қ.Мекемтас куәгерлерді тыңдауды одан әрі жалғастырып, "АТФ" Банк өкілі Жанар Қарамурзинаны шақыртты.

- Серік Түкиев пен Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының есепшоты "АТФ" Банкінде тіркелген. Ашық айтсам, біздің тұрақты клиентіміз. Түкиев жыл басында (қай ай екенін есіне түсіре алмады) өз шотынан 20 мың доллар алды. Тергеушіге қаржы жөніндегі барлық деректерді бергенмін. Менің туысым екені жасырын емес. Бірақ қаражаттарын қандай мақсатта жұмсайтынынан хабарсызбын, - деді ол.

Одан кейін сотқа қатысушылар Шаймерденов атты (Ислам Әбішевке пара бергісі келді делінген) азаматпен қызмет бабында араласқан Құнанбай Шыңдәулетовты тыңдады. Шымкент қалалық сотынан тікелей эфир арқылы куәлік берген азамат Шаймерденовты алаяқ деп кінәлап отыр:

- Азамат Шаймерденовпен 2018 жылы таныстым. Алғашында маған "сенің жігіттерің еңбекқор ғой, Солтүстік Қазақстандағы Есілсу деген жерде 2 ауыл сусыз отыр. Қыста болса да жасап тастайық, менің мойнымда тұрған жоба" деп өтінген. Сол секілді талай жобасын жасап бердік. Бірақ барлығында да ақшасын бермеді. Ұрыс-керіссіз берер деп жай сөзбен айтып жүрдім. Одан кейін мені "Астанаға қашан келесің?" деп шақыртты. 12 қазан күні келіп, Традициональ қонақ үйіне орналастым. 13 қазан күні түс уақытында қонақ үйге келіп, дастархан басында маған чемодан берді. Қаныбек Әбішевке осыны жеткіз деп тапсырған. Мен ішін ашқан жоқпын. Сол кезде аяқ астынан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері келіп сол ақшаны тәркіледі. Шаймерденовтің өзі маған қыруар ақша қарыз. Сол күйі бермеді. Ислам Әбішев пен Серік Түкиевтің ісіне байланысты маған тергеушілер келген кезде "мынауың ұят емес пе" деп айтқанмын. Ол болса беті бүлк етпестен, "сендер шымкенттіктер осындайсыңдар ғой" деп кетті, - дейді Шындәулетов.

Өз кезегінде мемлекеттік айыптаушы Сүлейменов куәгер Шыңдәулетовтың сөзіне күмәнмен қарайтынын жеткізді. Соттың соңында адвокат Абзал Құспан судьяға алдағы уақытта куәгер ретінде келетін Шаймерденовке байланысты келесідей өтінішін айтты:

- Біріншіден, Шаймерденов 216 бап пен 245 баптың 3 тармағы бойынша ауыр қылмыс жасады деп айыпталған азамат. Өзі қылмыс жасаған адамның сөзіне сенімсіздік танытамыз. Экономикалық қылмыспен күрес сотында айыпталғанын айғақтайтын құжаттар қолымызда бар. 2018 жылдың 6 қарашасында айыпталған азамат 1 айдан кейін Ислам Әбішевтің үстінен арыз жазған.

Екіншіден, ол бұрынғы қаржы полициясының қызметкері. Бұрын сол орында істеп, шығып кетті дегеннің өзінде ол азамат әлі сол жұмыс орынында жасырын жасап жүретін жайттар кездеседі. Сол себепті, Шаймерденовтың "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына" (БЖЗҚ) соңғы бір жылда қаржы қандай мекемеден аударылғанын тексеруді сұраймыз.

Үшіншіден, азаматтың телефон нөмерінің кіріс-шығыс қоңырауларын тексеруді сұраймыз. Бұл әрекеттердің бәрі тікелей судьяның сұрауымен атқарылады. Ертеңгі күні Шаймерденовтың куәгер ретіндегі сөзінің шындығына үңілу үшін бізге осылар қажет, - деді адвокат.

Дегенмен, мемлекеттік айыптаушы Сүлейменов судьядан бұл өтінішті қанағаттандырмауды сұрағанымен сот төрағасы Қ.Мекемтас өтінішті қабылдады. Сот 30 қазан күні жалғасады.

Әбішев ісіне қатысты айта кетер тағы бір мәселе – «Қазақ үні» ақпарат агенттігі 2019-жылдың 7-қазанында «Ислам Әбішевтің адвокаты атышулы іске тапсырыс берушілердің атын атады (видео)» атты журналист Сәуле Әбілдаханқызының сұхбатында айтылған кейбір мәселелерге қатысты терістеме берді. Аталмыш сұхбатта Ислам Әбішевтің адвокаты Абзал Құспан бұл іске тапсырыс берушілер деп бірқатар лауазымды тұлғаның атын атаған болатын. Олардың қатарында кәсіпкер Арман Шораевтың да есімі аталған.

«Қазақ үні» ақпарат агенттігі аталмыш мақаланы теріске шығарып, ондағы деректердің сенімсіз екенін хабарлайды. Мақалада айтылған жайттар адвокат Абзал Құспанның жеке көзқарасы болып табылады. «Қазақ үні» ақпарат агенттігінің редакциясы БАҚ туралы заңғы сәйкес, қарсы тараптың да талабын ескеруді әділетті деп санап, бұл мақаланы сайттан өшіруді дұрыс деп шешті» делінген терістемеде.

Фото автордікі

Мақала авторы:

Мадияр Жалғасұлы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.