Айнұр Құмарханова. Дос

Сайт Әкімшілігі - 28.10.2019768

Мамыр айы шыққалы қала реңі де ажарланып сала берді. Айна алдында таранған сұлудай көше бойымен тізіле өскен тал-қарағайлар көзіңді арбайды. Қолдарына сыпырғыларын алып, көше тазалығына кіріскен жұмысшылар қарасы да азайғандай. Қызыл-жасылды гүлден өрілген өрнектер, ішіңнен адам мен табиғаттың өзара ұштасқан өнерін еріксіз мойындататындай.

Осында келгелі балконды ашық қалдыратын ғадеті бар. Дала жақтан шықылықтаған құстар дауысын естімек болған, амал жоқ адамдар шуылы мен көшедегі өтіп жатқан мазасыз машиналар оны бұдан қызғанғандай тағы естіртпеді....

Кеше ғана достарымен тау бөктеріне барып қайтқан... Сондағы көңіл түкпіріндегі ауылға деген сағынышы тағы бір қылаң беріп, іштей құлазып қалды... Рас көз тартқан табиғаттың ұлы суретшісі де бұның сол ойын танығандай кей бір жерлерді ауылдағы Ертіс маңындағыдай етіпті де қойыпты... Мысалы бір жерге шоғырлана өскен тоғайлар. Секейіп тұрған ұзынды-қысқалы мына екі қарағай, әсіресе бала кездерінде ауылда бәз біреулер үйлене қалғанда, орман шетіндегі «белгілеп» алған орындарына айнымай ұқсап тұр... Рас мындағыдай жақпар тастар онда жоқтың қасы. Бірақ алақан арасынан сусып ағатын сары-қызыл майлы құмдары бар.

Сондағы әсерден бе, әйтеуір бүгін бұл төсектен бас көтеріп тұрғысы келмей, жата түскісі келді. «Жоқ», – деді кенет іштей Зейін, мен үйдегілерге уәде бердім. Олардың үміттерін арқалап осында келдім. Көздеген мақсатыма жетпей қоймауым керек». Оның осы бір ойын телефон дауысы бөліп жіберді.

– Алло!

– Зейін, мен ғой Алмас! Бос болсаң астыға түсіп кетші, шұғыл бір шаруа бар - деді ол.

– Шұғыл болатындай ол не сонша?! Маған өзіме шұғыл түрде вокзалға бару керек. Бүгін ауылдан Сарыбай ақсақал келеді. Үйдегілердің сол кісіден маған деп жібергендері бар көрінеді. Ол кісі қаланы да дұрыс білмейді, – деп сылтау айтып көрмекші еді, әлгі де тықақтап тұрып алды.

– Болшы енді, жақсылығыңды ұмытпайын бұл өмір мен өлім мәселесі. Зейіннің есіне ең алғаш Алмаспен қалай танысқаны түсті.

Ол кездері осы қалаға ең алғаш оқуға құжат тапсырмақ болып келген. Жыландай ирелеңдеген трасса бойымен такси зырғып келеді. Іштей қобалжуы бар. «Универге қашан жетем?» деген оймен асығып келе жатты. Мақатаев көшесінің қиылысынан оңға қарай бұрыла бергендері сол еді, алдарынан бір адамның қарасы көріне кетті. Біреу қуып келе жатқандай екі қолы ербеңдеп такси тоқтатты. Таксист:

– Оу, жігітім, не өлім қуып жүр ме, байқамай қағып кетсем не болар еді?

– Ой, брат, өлсек қалармыз, жанып бара жатқан ештеңе жоқ қой, – деді ыржалақтап, күннің ыстығынан бетін айғыздаған терін жеңімен сүртіп.

Түріне қарасаң, киім киісі барлығы дұрыс сияқты, өз бетімен лағып сөйлегені несі мына деліқұлының деп ойлаған ішінен.

Кенет бұл оның екі қолын қоярға бір жер таба алмағандай, өз-өзінен дегбірі қашып отырғандығын байқады. Бұның өзін көз қиығымен бағып келе жатқандығын аңғарды ма, құлағын саусағымен шертіп қалып:

– Шылым бар ма? –  деді.

– Жоқ, шылым шекпеймін...

– Е,е спортсменмін де, – деді кекеткендей сосын соңынша, –  жақсы, жақсы темекі денсаулыққа зиян, шегіп қайтесің, –  деп шегелеп қойды.

Сол күні бұл түскен Универ маңынан бірге түсіп қалған болатын. Еріксіз жетінші қабаттан лифт ұстап, төменге түсті. Алмас жалғыз емес екен. Қасында беті-аузын мықтылап сылақтаған бір сылқым бар. Қолында темекісі, аяғына киген біз өкше туфлиін қиралаңдатып бұның қасына жетіп келді. Басынан аяғына дейін тіміскілене қарап, бұны айналсоқтай бастады. Аузынан арақ исі мүңкіп тұр. Зейін одан жиіркеніп тұрғандығын анық көрсетпекке, кейінге қарай бір-екі адым кері шегініп кетті. Сосын:

– Осындайларды қайдан тауып жүресің?

– Мен оны тапқам жоқ, ол маған Сейфуллин бойынан мінгесе келген ғой, бұл красавицаның атын да білмеймін, – деді ол өзінше қалжындаған болды.

– Қойшы, өлім мен өмірің осы болса, бар бол онда, – деп кетпекші еді.

– Ой, ой қойсаң қой, не болды соншама, аспан айналып жерге түспеген болар, қыз көрмегенсің бе әлде? Бізді менсінбей тұрсың ба? Не қыз сыйлай алмайды, бұндайлар анасын сыйлаушы ма еді, –  деп, әлгі сылқым бірдеңелерді айтып енді бұнымен байланыса бастады. Мына сөздер Зейіннің шынымен жынына тиейін деді. Ашуы басына бірақ шықты.

– Алмас, кет аманыңда, мына былжырағың менің анамды сасық аузына алып, былғамай ақ қойсын, өйтпесең өзім үшін жауап бере алмаймын!...

Алмас та бұның бір қисайса молынан көнбейтін мінезін жақсы білетін. Алдына кесе-көлденең тұра қалды;

– Кешір, брат енді болмайды, қайталанбайды, уәде. Саған келген мәселем шынымен де өлім мен өмір мәселесі болып тұр. Әкем түнде инсульт алып, ауруханаға түсіпті. Операцияға ақша керек болып тұр. Білемін сен маған ондай қаражат тауып бере алмассың, сонда да жақсылығыңды ұмытпайын, тым болмағанда дәріге ақша тауып берші! 

 

***

Көшенің шамдары ақ самаладай жарқырайды. Зейіннің ой түбіне еніп, терезе алдында қақшиып тұрғанына да бір шама уақыт өтті. Байқаған адам бұны алдындағы терезелердегі өтіп жатқан тіршіліктерді қызықтап тұр деп ойлар. Ауылдан келген қытайлық сумка да буып-түйілген күйі босаға жақта қалған. Бүгін студенттердің көбісі ауылдарына қайтқан. Дағарадай бөлмеде бұл жалғыз. Әрине бұның да ауылға барғысы келеді. Пойызбен 1-2 күншілік жол одан әрі ауылына сатылап жету керек.

Жоқ, бұның басын қатырып тұрғаны бұл емес, мүлдем басқа жағдай. Басқа?!

Бүгін таң атпай жатып бұған Алмастың әкесі телефон соқты. Иә, иә кеше ғана инсульт алған Алмастың әкесі. Бұны кездесуге орталық паркке шақырды. Барды. Парк іші тап-таза, әрлі-берлі қолтықтасып жүрген бір бейтаныс адамдар. Әр қаланың өз сәніне айналған ақ-көк көгершіндер бұл жерде де қонақ болыпты. Әр жерге қойылған орындықтар. Бос тұрған біріне келіп бұл да жайғасты. Бірулер балмұздақ, попкорм, шекілдеуіктерін қолдарына алып, әңгіме дүкен құрып барады. Әлгі бір жігіт ыстықтан мазасы кетіп, шөлдеген болар қолындағы кока-коланы бөтелкеден ішіп барады.

Кенет, анау бір жерден аяғына асыға басып, орта бойлы, толық денелі, үрлеп қойған шар сяқты домалаңдаған әлде бір адам бері қарай бұрылып келе жатты. Өмірінде көрмесе де, неде болса «Алмастың әкесі болар» деп топшылады бұл іштей.

– Ассалаумағалейкум!

– Уағалейкумассалам!

Әлгі кісі қасына келіп жайғасты. Біразға дейін жан-жағына қарап үнсіз отырды. Әңгімені неден бастарын білмей қиналды ма, әлде сөздің тоқ етерін айта алмай іштей әуреге түсті ме ол жағын кім білсін. 

– Ух, – деп ауыр күрсінді.

Осы сәт Зейінге көлеңкенің өзі тарлық етіп, айналасының барлығы дөңгеленіп бір кішкене қуысқа келіп бүкіл әлем еніп кеткендей болды да кетті.

– Иә, шырағым жас кезінде адам ештеңеге мән беріп, ештеңеге бас қатырмайды екен ғой. Мен білдей бір мекемеде отырып, кезінде ауылда әкімдік қызметте болған адаммын. Құдды ол кісі осы жерге ішіне сыймай бара жатқан әңгімесін айтуға келген дей, тоқтамастан сөйлеп кетті. – Келіншегім мектепте әдебиет пәнінен дәріс берді. Екеуміз де қолымыз босаса-ақ, дос-жаран деп ел аралап жүре беретінбіз. Той дегенде қу бас домалайдының кері ғой бұл. Ата-анамыз да бетімізден қақпады, жассыңдар жүре беріңдер деп, еркімізге жіберетін. Өстіп жүргенде дүниеге тұңғышымыз Алмас келді. Ата салтымен ол баланы әке-шешеме аманат еттік. Өзіміз қалаға көшіп кеттік. Кейде ойлаймын осы баланың өзін дәстүр бойынша ата-ана бауырынан ажыратып, ата-апасына бергенде дұрыс емес сияқты. Бала да біріншіден өз ата-анасына жат, тасбауырлау болып кетеді, өзіңде оған пәлендей ешнәрсе айта алмайсың. Әке-шешем де бар жоғын қам көңіл болып өспесін деп, сол баланың алдына қойып өсірді. Өзім осында келіп, жеке кәсібімді аштым. Бизнеспен айналысуды мақсат еттім де шағын ұн шығаратын кәсіпорынды жалға алып, кейін дөңгелетіп әкеттік. Шіркін, біздің қала деген бизнестің көзі ғой. Қазіргі заман да бизнеспен айналысамын дегенге мол мүмкіншілік беріп тұр.

Осы жерге келген де жер шұқылап сәл отырды. Өз кәсібін дөңгелетіп әкеткен адамға ұқсамайтындай-ақ, еңсесін басқан өзге бір дерті бар адам тәрізді. Сол дерттен жаны арып, қажып-шаршап жүргендей көрінеді.

Осы сәтте Зейін ойына ауылдағы әкесін алды. «Қайран әке, сен не қыл деп жүр екенсің? Отын жарып, су тасып, малдың қиын тазалаумен өмірлерің өтті ғой сендердің де! Әттең, қол қысқа. Менде де мүмкіншілік болса ғой, сендерді осында көшіріп әкеп ап, төрдің төбесіне отырғызып бағар едім» деп іштей қынжылды, ойын Алмастың әкесі бөліп жіберді:

– Қала шетінен Алатау жаққа қараған терезелері бар екі қабатты коттежд салдырттым. Қазір Алмастан өзге екі балам бар. Күндер де зымыраған көзге көрінбейтін бір алдамшы екен ғой, әке-шешем өмірден озды. Алмасты қалаға алып келдім. Бала анасы екеумізді көпке дейін қабылдай алмай жүрді. Ол үнемі маған менен бірдеңе сұраса да бата алмайтындай көрінетін де тұратын. Бір күні:

– Балам, оқуға түс, елдің балалары ұқсап бір мамандық иесі бол! Әне бауырың маған анда-санда болсын көмектесіп тұрады. Қарындасың актриса боламын деп жүр. Мүмкін көңіл түкпірінде сенің де бір мақсатың бар шығар деп едім.

– Жоқ, аға ештеңе де керек емес, әзірге қаланың мәдениетін бойыма сіңірейін, өзімді өмірден қалып қойғандай сезінгім келмейді. Жүре тұрсам ба дегем.. 

Іштей жарайды деп бұнысымен де келістім. Жүрсе жүре берсін бір күндері оқуға да түсер, адам болар, азамат болар баланы бекер қыстамайын деп ойладым.

Кенет тынысы тарылғандай, мойын түймесін ағытып қойды. Ағаның әңгімесін үнсіз тыңдап отырған Зейіннің мұрнына алма ағашының исі келді. Аңғарғандай болды, жағалай жұпар аңқып тұрған жас ағаштар. Көпттен іздеп жүрген құстардың тобыры осында екен-ау, сайрап тұр. Сайрай береді де, адамның дүрсілдей соққан жүрегі тоқтағанша, ол осы әсем күйден арылмақ емес...

– Әнеу кісілерді көріп отырсың ба?

– Кімдерді айтасыз?

Сұраққа сұрақпен жауап бергеніне өзі де сасып қалды. Аға нұсқаған жаққа жалт қараса, өзерінен екі-үш орындықтан әрі екі қарт адам отыр екен.

Әжейдің қолында – гүл. Атайға қарай басын иығына қойып үнсіз отыр. Мырс ете түсті. Бұның бұл қылығын онша жаратпады ма, ағай қабағын түйіп, басын шайқады.

– Ей, жастар-ай, сендей шағымда мен де дәл сендей көзқараста болғам. Ауылдағы ата-әжелеріңнен бұндайды байқамаған боларсың! Содан ерсі болып тұр саған. Қалада бәрі басқаша. Жас келген сайын адам басқаша ойланады. Адамға қамқорлық керек. Жаның жаны шитын бір адамды қалайды. Бұл кісілердің бір-бірінен басқа ешкімдері жоқ. Олар бір-біріне сүйеу бола алатын жандар. Олар жақынның, жардың, туыстың, достың қадірін бір-бірінен ғана сезіне алған пенделер. Сол себепті ненің болсын жағдайын анықтап алмай сөгіп керегі жоқ.

Зейін тағы да састы. Шынымен тұнып тұрған дария. Мына кісі расымен Алмастың әкесі ме? Әлгі ұшарын жел, қонарын сай білетін Алмастың?

– Әй, балам, сенің де ананы бір, мынаны бір айтып басыңды қатырдым ғой. Бағаналы бері сұрайын дегенім Алмасты көрдің бе? Үйдің бетін көрмегелі бір жұма болды. Әнеу күні Витямен ұн тиеп, Ақтөбеге жібергем. Витяның телефоны көтермейді. Өзінен хабар жоқ. Бірдеңеге ұшырап қалған жоқ па? – деп алаңдап отырмыз...

– Иә, көрдім, аузынан қалай шыққанын да аңғармай қалды. Ана кісі де бетіне жалт қарап:

– Қайдан? қашан?, дегенде «Бекер айттым, несіне аузымнан шықты» деген өкініш санасын түйреп өтті. Қазір Алмасты кеше ана көргендігі туралы айтса, бітті ол онда барлығын толық баяндауы керек. Жоқ бірді-бірге айдақ салғандай болмай, оннан да үнсіз қалайын деп ойлады бұл іштей.

– Жоқ, аға, көргендеее, әлгі, кеше базар жақтан келе жатып Алмасқа ұқсайтын біреуді көргендей болдым да, сол екен дегем ғой, сіз айтпақшы мен де оны көп болды көрмедім, – деп қоя салды.

 

***

Баласына алаңдаған әке, көз алдынан түймедей болып, бір нүктеге айналып кеткенше қарап тұрды. Қайран ата-ана перзентінің дүниеге келген күнінен бастап, өздері мына дүниеден өткенше солар үшін алаңадап өтеді екен ғой – деп ойлады бұл сол мезетте денесі сәл тоңазығандай болды. Екі аяғының жансызданып қалғандығын жаңа сезді. Негізі бұл қаланың түні жылы еді ғой, әлде санасы арпалысқан ойдың ызғары ма денесін қалтыратқан. Қызық екен. Құлағының түбіне кеп ызыңдаған маса, оң жағынан келіп бетіне инесін қадап алғанда барып селк ете түсті. Масаның әкесін тантып бір соқты да, терезені жапты.

Өстіп сан сұрақтың бір жауабын таба алмай аласұрып жүргенде, стол басына отырғаны есінде, ұйықтап кетіпті. Түс көрді. Таң екен, анасы басына жапқан аппақ жаулығы желбіреп, қора жақтан қолында шелегі үйге қарай беттеп келе жатыр. Бауырлары Асан мен Есен есік алдында доп ойнап жүр. Бұлар бүгін несіне жетісіп ерте тұрған, мен ғана ұйықтап қаппын ғой деп ойлады екен де, төсегіне қайта жатып ұйықтамақ болады. Әкесінің қолындағы қамшысының сабымен бұны аяғынан түртіп: «Әйтеуір осы сенің ұйқың бір қанбасын, сен адам болсаң мұрнымды кесіп берейін, тұр, тұр енді» деп түрткілей бастағанынан оянды. Тізесінен түрткен қамшыныңы сабы шынымен өтіп кеткен сияқты, орны ауырып тұр. Сөйтсе, шынымен стол басында отырған күйі ұйықтап қалғаннан болар екі тізесі сіресіп қалыпты. Орнынан тұрып керіліп,созылып аяқ-қолын бір икемге келтіріп алды. Төсек қасындағы сағатқа көзі түсті. Сағат 10 болған екен.

– Ойбуу, бүгін сабақтан да қалып қойыппын ғой, –  деді өзіне өзі дауыстап.

Есікті біреу тоқылдата жөнелді. Біреу қуып келе жатқандай, тарсылдатып қояр емес. Есікті ашса, арғы жақта солярка тұр. Соляркасы-Сәния деген курстас қызы. Оны барлығы өсекшілігі үшін осылай атайтын. Жүрген жерін күйдіріп, жандырып жүреді. Хабар агенттгі білмейтін жаңалықты, бұл күні бұрын біліп тұратын. Баяғысынша есіктен қаға-маға ентелей ішке кірді:

– Немене біздікілер ауылдан қайтпаған ба? Естідің бе, қаланың ең ірі «Алтын дән» деп аталатын кәсіпорынның бас директоры миына қан құйылып, больницаға түсіпті.

Алды артына қарамай бытты-шытты бірдеңені айта жөнелгені Зейінге ұнамады. Бірақ «Алтын дәннің» директоры дегенде еріксіз елең ете түсті.

– Кім дедің, не болыпты?

– Өй, әлгі сенің досың Алмас бар ғой, соның әкесінің тиелген ұнмен бірге 3-4 кг апиыны бар жүк көлігі ұсталыпты. Бұндай жауапкершіліктен қашса, бар ғой, бизнесмендер неше түрлі айла тауып алатыны бар, өтірік ауырып ауруханаға түскен деп жатыр.

– Сен өз топшылауыңды қоя тұршы, Алмас қайда, Алмас?

Дауысы қатты шыққаннан, Сәния даа біраз абдырап қалды.

– Ол, ол ма, ол түрмеге түсіпті. Қаланың сыртынан ұстаған көрінеді. Ол да наркотик сатады деп, біреулер көрсеткен сияқты...

Зейіннің басынан суық су құйып жібергендей болды. Мүмкін емес, не болып кетті өзі? Апыл-ғұпыл жинала бастады. Сәнияның одан әрі не айтқанына да мән берместен есігін кілттеп, аялдамаға қарай тұра жүгірді. Үміт пен күдік арпалысқан санасының дегеніне тоқтай алар емес. Ол асығып келеді. Аялдама да жеткізетін емес. Неге? Не үшін? Неліктен? Айналасы толып кеткен сансыз сұрақ.


Мақала авторы:

Сайт Әкімшілігі

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Ұқсас жаңалықтар