Прокуратура: «ҮМЗ салықты әдейі азайтқан»

Сәтжан Қасымжанұлы - 28.10.2019997

ШҚО табиғат қорғау прокуратурасы «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ-ның 2013-2017 жылдар аралығындағы өндірістің қауіпті қалдықтарына қатысты көрсеткіштеріне тексеру жүргізген. Нәтижесінде қоршаған ортаға төлейтін эмиссияны төмендету түріндегі салық заңнамасын бұзу фактісі анықталып отыр. Бұл туралы «Жас алаш» тілшісі ШҚО прокуратурасының ақпаратына сүйене отырып, хабарлайды.

Мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысында көрсетілгеніндей зауытта кәріптасты деңгейдегі қалдықтардың 14 түрі және техногенді минералды қалдықтың екі түрі шығарылады. Экологиялық кодекске сәйкес кәсіпорын санитарлы-эпидемиологиялық талаптарды орындауға, қалдықтарды жоюға, жалпы қоршаған ортаны ластамау шараларын қатаң сақтауға міндетті.

Алайда, 2016 жылы ҮМЗ-ға қарасты «Хвостовое хозяйство» АҚ учаскеде 7 мыңнан астам қауіпті қалдықтарды орналастырған. Бірақ, «Қоршаған ортаға төленетін эмиссия» декларациясында төлемді 13 мың тоннадан жоғары көрсеткен. Есесіне, аталған өндіріс орыны салықтық есепте оларды қайтадан бөлгенде пайда болатын металлургиялық шлактар деп көрсеткендіктен, осындай айырмашылық туындағаны анықталды.

«Осыған ұқсас жағдай 2015 жылдың екінші жартыжылдығында орын алған. Ол кезде айырмашылық 5,8 тонна болса, 2017 жылы 4,9 тоннаны құраған. Осылайша, зауыт бюджетке төленетін салық көлемін әдейі азайтқан», деп хабарлайды ШҚО прокуратурасының баспасөз қызметі.   

Талдау нәтижелері бойынша прокуратура мемлекеттік кіріс басқармасымен бірлесе жүргізген салықтық тексерістен кейін кәсіпорынға негізгі қарызы және өсімпұлы туралы хабарланған. Бірақ, кәсіпорын онымен келіспей, сотқа өтініш бергенімен,онысынан ештеңе шыққан жоқ.

Облыстың мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты және апелляциялы сот алқасы оны қанағаттандырусыз қалдырыпты. Прокурорлық қадағалау шараларының пәрменімен мемлекет кірісіне акционерлік қоғамнан 397 млн. теңге салық өтеліп алынғаны мәлім болды.

Фото: yandex.kz



Мақала авторы:

Сәтжан Қасымжанұлы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.