Қазақстан мен Беларусь ауылшаруашылығы бойынша бірлескен кәсіпорындар ашпақ

Думан Бақыткелді - 24.10.2019604

Беларусь Республикасы Қазақстанның ауыл шаруашылығы бойынша маңызды серіктесі болып табылады. Бұл байланыс сонау Совет үкіметі кезінен орнаған деуге болады. Қазақстанның астығын орып, қамбасына дән құйған тракторлардың «Беларусь» аталуы соның бір дәлелі. Дегенмен, одан бері біраз уақыт өтті, советтік техникадан әлдеқайда мүмкіндігі зор техникаларға қол жеткізе бастадық. Десе де, Беларусь әлі күнге Қазақстан Республикасының ауылшаруашылығы саласындағы өз орнын жоғалтқан жоқ. Ендігі байланыс өзге де бағыттар бойынша әріптестікке негізделді. Қалай дегенде де Беларусь елі ауылшаруашылығы бойынша алдынғы қатарлы елдерге жатады. Өндірісі де, тауары да әлемде өзіндік сұранысқа ие. Сол себепті, мұндай елмен байланысты нығайта түсу – ауылшаруашылығына ерекше көңіл бөліп отырған Қазақстан үшін де маңызды.

Міне, осындай байланыстар есебінен екі елдің тәжірибе алмасуы да жиі жүріп тұрады. Беларусь президенті Александр Лукашенконың Қазақстанға келіп, ресми, бейресми кездесулер өткізгені белгілі. Ресми сапар кезінде екі ел арасындағы өткен жылғы тауар айналымы бір жарым процентке өскен. Биылғы көрсеткіш те былтырғыдан асып түседі деп болжануда. Өйткені, биылғы сауда айналымы мен алыс-беріс көлемі 500 миллиард долларға жуықтаған. 

«Біз екі мемлекет арасында сауда көлемін ұлғайтуға, гуманитарлық салада өзара байланысты нығайтуға, халықаралық ұйымдарда белсенді өзара іс-қимылды жалғастыруға мүдделіміз», - деді Қазақстан Республикасы президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Ал, Беларусь президенті Қазақстанды өз елінің саяси-стратегиялық серіктесі ғана емес, ең ірі сауда әріптестерінің бірі екенін атап өткен. Оның айтуынша, Қазақстан мен Беларусь арасындағы сауда айналымы соңғы үш жылда қарыштап өскен. Қазіргі кһрсеткіш бойынша, бұдан үш жыл бұрынғы сауда айналымы үш есе артқанын алға тартқан.

Осындай әріптестіктің жылдам дамып келе жатқан шағында Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Беларусь Республикасының ауыл шаруашылығы және азық-түлік министрі Анатолий Хотькомен кездесті. Экономика саласында, оның ішінде ауыл шаруашылығы бағыты бойынша бұған дейін де барыс-келістер мен алыс-берістер, тәжірибе алмасу алаңдары белсенді жұмыс істеп келгені белілі. Бұл кездесу сол серіктестікті ары қарай дамыту, тығыз қарым-қатынасты жандандыра түсу тұрғысында үлкен маңызға ие екені анық. Жалпы, Қазақстаннан белоруссияға ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдау да бір шама жолға қойылған. Мәселен, бұған дейін Беларусьқа өсімдік шаруашылығы және оны қайта өңдеу өнімдері, атап айтсақ, астық, таңқурай, көкөністер жеткізіліп келген. Және айта кетерлігі бұл өнімдердің тасымалдануына оңтайлы жағдай да жасалған. Мәселен, осы жолғы келісім бойынша жыл соңына дейін Қазақстанға беларусь тұқымды 300 ірі қара жеткізу жоспарда бар.

Екі елдің ауылшаруашылығы секторының басшылары кездескен отырыста екі ел арасындағы тауар айналымы, оның ішіндегі ауыл шаруашылығы саласындағы қарым-қатынастың қазіргі жай-күйі сөз болды. Сонымен қатар, алдағы уақытқа құрылған біраз жоспарлар талқыланып, бірлескен жобаларды іске асыру, екі жақты ынтымақтастықты кеңейте түсу мәселелері күн тәртібіне қойылды. Солардың негізгілеріне тоқтала кетсек, кездесуде жабық су қоймаларда балық өсіруге қатысты ұсыныстар ортаға салынды. Сондай-ақ қос тарап Қазақстандағы сүт өнімдері шаруашылығын дамыту бағытында бірлесе жұмыс істеуге уағдаласты. Бұл бағыт бойынша Қазақстан тарапы Беларусьтің мал тұқымын асылдандыру және селекция жұмыстарын жүргізудегі тәжірибесін игеруге мүдделі екенін жеткізді. Жем-шөпті әзірлеу, шикізатты жаңа заман талаптарына сай, техникалық регламенттердің талаптарына сәйкестендіру, мал ауруларымен күрес, ветеринария саласындағы жұмыстарды жүйелеу сияқты мәселелерде екі елдің бір-біріне берері де, алары да аз емес. Қазақстанда 2020 жылдың бірінші қаңтарынан бастап сүттің табиғи шикізатына, яғни, сүт тапсырушыларға қойылатын талап күшейтілетіні белгілі. Сүт қабылдайтын кәсіпорындар бұдан былай шикі сүтті Еуразия экономикалық одағының стандарттарына сәйкес күшейтілген талап бойынша қабылдайды. Міне, осы жағынан алғанда бұл кездесудің маңызы зор.  Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру мен қайта өңдеу мәселесінде Белорусь тарапы Қазақстанның маңызды серіктесі және тәжірибелі әріптесі ретінде алдағы уақытта да бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді. Осыған орай екі елдің бірлесе отырып ветеринария өнімдері мен дәрі-дәрмектерді өндіру, өндіріп қана қоймай, оның басқа елдерге де тауар ретінде шығару мәселесі көтерілді. осыған орай алдағы уақытта Беларусь пен Қазақстанның бірлескен кәсіпорнын ашу жоспары қарастырылды. Бұл мәселе, яғни, биологиялық-ветеринариялық препараттарды өндіру бойынша бірлдескен кәсіпорын құру бойынша ынтымақтастық пен бірлескен қызмет туралы Меморандумға бұдан бұрынғы жұмыс тобының отырысында қол қойылған. Меморандумда Беларусьтің "БелВитунифарм" ААҚ мен Қазақстанның "WEIDER PHARM" ЖШС-нің әріптестігі арқасында жетуге болатын жетістіктер сөз болған. Енді соған орай екі ел нақты жоспарлар құрып, ұсынатын болады. Бұл туралы:

- Жұмыс тобының отырысы барысында биологиялық ветеринариялық препараттар өндіру бойынша екі елдің бірлескен кәсіпорнын құру жөнінде Меморандумға қол қойылды. Бұдан бөлек, білім беру және ғылыми орталықтарымыз арасындағы байланысты жандандырамыз деп келістік. Беларуссияда дән егуден бастап машина құрастырумен айналысатын 5 ғылыми орталық бар. Бұл бағыт бойынша да бірлесіп жұмыс істей аламыз деп ойлаймын. Екі елдің ірі аграрлық шараларын да атап өтуіміз керек. Біз осындай форумдарға, жиындарға делегаттарымызды жіберіп отырамыз деген келісімге келдік, - деді Беларусь Республикасы ауыл шаруашылығы министрлігі және азық-түлік министрлігі сыртқы экономикалық қызмет бас басқармасының басшысы Алексей Богданов.

Ресми кездесуде аграрлық сала бойынша білім беру мәселесі де сөз болды. Білім саласын заманауи ақпараттандыру мен оқыту технологиясы мен аква-мәдениетті дамыту туралы айтылды. Осыған орай, тәжірибе алмасу ғана емес, өндірісті бірлесе дамыту мақсатында «Қазақ ұлттық аграрлық университеті» КеАҚ оқу-тәжірибелік шаруашылығы жанынан сүт өңдеу цехын ашу туралы ұсыныстар да айтылды. 400-ден 700-ге дейін сиыр сауылатын модельді сүт-тауар фермасы құрылса, бұл екі елдің білім алушылары үшін де үлкен тәжірибе алаңы болар еді.

- Біз әріптесім – Беларусь ауыл шаруашылығы министрімен кездесіп, ведомстволар арасындағы ынтымақтастық жөніндегі жұмыс тобының бірінші отырысын өткіздік. Алғашқы нәтижелер – ветпрепараттар шығаратын зауыт құрылысы туралы меморандумға қол қойылды. Екінші келісіміміз – Алматы облысында сүт-тауарлы ферма салынатын болды, - деді министр Сапархан Омаров журналистерге берген сұхбатында.

Екі елдің министрлері екі елдің ауыл шаруашылығы секторын әріптестікте дамыту бағытындағы алғашқы жиынның хаттамасына қол қойған кездесуді қорытындылаған Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров жоғарыда аталған мәселелерден өзге Қазақстан тарапы жемге арналған астық пен қатты бидайды жеткізу туралы ұсынысты қарастыруға дайын екенін айтты.

Елордада өткен екі ел арасындағы бизнес форумда да ауыл шаруашылығын айналып өту мүмкін болмады. Онда сөз болған тағы бір мәселе өнеркәсіп саласындағы әріптестік төңірегінде болды. Айталық, бұл форумда құны 75 млн доллар болатын 15 маңызды құжатқа қол қойылса, соның басым бөлігі агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға берілді. Бұл өз кезегінле екі жаққа да тиімді екені  айтылуда. Қазақстанның нарығына өз өнімдерін шығарғысы келетін Белорусь кәсіпкерлері бұл келісім бойынша тауарын өткізуді ғана емес, екі елдің экономикалық байланысы мен дамуына серпін берсек дейді.

- Біз Қазақстан тұтынатын тауарлардың белгілі бір көлеміне лизингтік және несиелік үлесіне жеңілдік жасаймыз. Сондықтан субсидия негізінде пайыздық үлес те айтарлықтай төмендейді. Ол елдеріңіздегі ауыл шаруашылығымен айналысатындар үшін тиімді болмақ, - деп атап өтті Беларусь Республикасының Өнеркәсіп министрі Павел Ютупин.

Айта кету керек, биылғы жарты жылдықтың есебі бойынша екі ел арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің айналымы 90 миллион доллардан асып жығылыпты. 

Фото: 7kun.kz


Мақала авторы:

Думан Бақыткелді

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.