Судың да сұрауы бар: әкім Ахметов Байахметовке әлі де сенеді

Сәтжан Қасымжанұлы - 30.10.20191880

Шығыс Қазақстан облысының көптеген ауылдарының таза ауыз суға қол жеткізуі қиындап кеткені басы ашық мәселеге айналғалы қашан. Ауыз су құбырын тартуға жауапты мердігер компаниялар мен жергілікті әкімдіктердің бюджет қаражатын игеруде ым-жымының бір болуынан қарапайым халық зардап шегіп отыр.

«Екі түйе сүйкенсе, ортасында шыбын өледінің» керін аякөздіктер тартып отырғанын бұған дейін де жазған болатынбыз. («Байахметов жұтым суы «жырға айналған» ауылдар үшін жауап бере ала ма?», «Жас алаш» газеті 01.10.2019 ж ). Онда ауданға қарасты Мыңбұлақ, Қопа, Мамырсу ауылдарының қазіргі жай-күйін баяндаған едік. Сөйтсек, Аягөздегі ауыз су «жыры» аудан орталығының өзін де айналып өтпеген екен.

Парламент Мәжілісінің депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильяновтің Қаржы министрлігіне қарасты Ішкі мемлекеттік аудит комитетіне жолдаған хатына орай келген жауапқа зер салсақ, талай шындықтың шымылдығы ашылады. Бұл жайды депутат Н. Сабильяновпен ауыз суға қатысты көтерген мәселесіне қатысты хабарласқанымызда білдік.

«Жасыратыны жоқ, өзімнің сайлау округтерін аралаған сайын алдымнан жиі шығатын жұрттың жанайқайы осы ауыз судан шығып отыр. Мердігер компаниялар осы салаға қатысты жұмысты атқаруды мойынға алғанымен, істі соңына дейін жеткізбей, ақыр аяғында қарапайым халық зардап шегеді. Ең сорақысы, жоба бойынша жүргізілген ауыз су тарту жұмысын жергілікті атқарушы билік аяқталмағанына қарамастан, қабылдау актісіне қол қояды. Сөз жоқ, бұдан жергілікті шененунік басшылар мен мердігер компаниялардың «бармақ басты, көзқыстылықтары» көрініп тұр»,-дейді Н. Сабильянов.

Мәжіліс депутаты осылай дей келе, Аягөз қаласына қатысты тиісті орындарға жолдаған хатына орай келген жауаптарымен таныстырды. Мәселен, «Аягөз ауданының ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, құрылыс және тұрғын үй инспекциясы» мекемесіне ШҚО ІМ аудит департаменті тарапынан жүргізілген қаржылық тексеруде анықталған былықтар жетіп артылады. Департаменттің аудит қорытындысына сүйенсек, 2017 жылғы 26 желтоқсанда Аягөз қаласының кәріз желілерін қайта жаңарту бойынша 1- кезектегі нысаны пайдалануға қабылданып кеткен.

Алайда, бұл нысан қазір жұмыс істемейді екен. Дәл осы жылы бөлінген 671 130,9 мың теңге қаржы толық игерілсе де 37 000 тұрғынның кәріз желілерінің игілігін көруден қол үзгені белгілі болып отыр.

Бұл аздай, мемлекеттік қабылдау комиссиясы құрылыс объектісінің толық дайын еместігіне қарамастан, осы нысанға негізсіз қабылдау және пайдалануға беру актісін жасаған.

«ШҚО Аягөз ауданы Аягөз қаласының кәріз желілерін қайта жаңарту 1 кезек» жобасы бойынша сметалық құны шегінде бұрын бекітілген жобаға өзгерістер енгізілген. Бірақ, жоба мемлекеттік сараптамадан өтпеген. Соның салдарынан бекітілген жобалық құжаттамаларсыз құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге жол берілген.

Аудит барысында жоба бойынша орындалған жұмыстардың көлемі қаралды, Оның қорытындысы бойынша, жалпы сомасы 21 178,82 мың теңгеге бюджет қаражатын негізсіз пайдалануға жол бергені анықталды» делінген ШҚО ІМ аудит департаментінің ақпаратында.

Осыған байланысты, департамент тарапынан ШҚО Сәулет-құрылыс бақылау басқармасына тиісті шаралар қабылдау және құрылыс жұмыстарын сапасын тексеру  Шығыс Қазақстан облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметіне тиісті құжаттар жолданғаны белгілі болып отыр.

«Аягөз ауданы, Аягөз қаласының су құбыры құрылыстары мен су құбыры желілерін қайта жаңарту (4-кезек)» нысаны бойынша мамыр айында жүргізілген тексеру комиссиясының қорытындысы бойынша осы жұмысқа жауапты мердігер компания -«Қазэлектроинжиринг» ЖШС-нің 80,0 млн.теңге сома көлемінде қаржылық бұзушылықтар анықталып отыр.

«Судың да сұрауы бар» дегенді қанша қайталап айтқымыз келгенімен, аякөздіктердің басты проблемасына айналған ауыз судың толық жеткізілмеу себебін толық аша қоймасы аян. Алайда, осы мақсатқа бөлінген бюджет қаражатының құмға сіңген судай жым-жылас болып кетуіне, маңызды жұмыстың дұрыс аяқталмауын көре тұрып қабылдануы қалай сұраусыз кетпек? Бұл жағдайдан, қазір облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ хабарсыз деуге де негіз жоқ. 2017 жылдың соңынан басталған Аягөздің өзекті мәселесін шешуге сол кездегі аудан әкімі Бақытжан БАЙАХМЕТОВ және оның ТҮКШ бойынша орынбасары Бауыржан НҮКІБАЕВ бастаған шенеуніктер жауапты болатын. Ал, ШҚО әкімі таяуда ғана шапқылап барып, Аягөздің басындағы жағдайды көріп қайтқанда, қасындағы орынбасары Б. Байахметовті қоса ертіп аралап шықты. Демек, жоғарыда келтірілген фактілерден, яғни, өзінің қазіргі орынбасары жол берген қаржылық бұзушылықтардан бейхабар болуы мүмкін емес.

Фотоны автор ұсынды.

Мақала авторы:

Сәтжан Қасымжанұлы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.