Теміртау мектептерінде сабақ пен құрылыс қатар жүреді

Арай Сатыбалдықызы - 30.10.2019828


Теміртау қаласындағы мектептерде әлі де жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Бір емес, төрт мектепте! Оқу жылы басталғалы екі ай, бірінші тоқсан аяқталды. Бірақ, мектеп оқушылары құрылыс жүріп жатқан ғимаратта оқуға мәжбүр.

Теміртау қаласындағы №16 мектептің спорт залын жөндеу жұмыстары тамыз айында бітуге тиіс болған. Бірақ, онсыз да созылып, уақытынан өтіп кеткен жөндеу жұмыстары тағы бір қырсыққа тап болып тұр. Спорт залдың едені жөндеу жұмыстары аяқталмай жатып жарылып кетіпті. Мектеп директоры дене шынықтыру сабағын қыста балалар қалай, қайда барып өтеді деп қынжылып отыр. Тағы бір қызық жағдай – бұл спорт зал өзгеше спорт зал. Өйткені, мектептің акт залы жоқ болғандықтан, спорт зал мектептің мәдени, рухани кештері, жиналыстар өтіп тұратын акт залының да қызметін қатар атқарады. Сөйтіп, өзге жұрт «рухани жаңғырып» жатқанда бұл мектептің руханияты тозығы жеткен спорт залға қарап қалыпты.


Және бір айта кетерлігі – әр дүйсенбі сайын өтіп тұратын апталық жиын (линейка) да осында өтуге тиіс болған. Бірінші тоқсанда мұнда жөндеу жұмыстары жүргізілгендіктен, оқушыларға арналған дүйсенбілік жиналыс өткізілмепті. Өйткені, 800 оқушыны сыйғызатын басқа орын жоқ. Сондай-ақ дене шынықтыру сабақтары далада өтіп келген. Күн салқындағалы мүлдем тоқтап тыныпты. Күздің басында да жаңбырлы күндері дене шынықтыру өтпей келген.

Соған қарамастан, жергілікті жауапты орындар құрылыс жұмыстарын жылдамдатуды, істі тезірек аяқтауды ойламайтын сияқты. Өйткені, құрылыс жұмыстары тым баяу жүріп жатыр, құрылысшылар да аз.

- Бұл жөндеу жұмыстары 31 шілдеде аяқталуы тиіс болатын. Алайда әлі күнге дейін жұмыстары бітпеді. Төрт адам ғана жұмыс жасап жатыр. Жұмыстың жүріп жатқанына төрт ай болды, - дейді мектеп директоры Валентина ГОЛУБЕВА.

Теміртау қаласындағы құрылыс алаңына айналған тағы бір білім ошағы – қыздарға арналған мектеп. Бұл жердегі жөндеу жұмыстарының 30 пайызы ғана біткен. Мұндағы мектеп басшылығының айтуынша жөндеу жұмыстары желтоқсанның соңында аяқталады. Демек, оқушылар тағы бір тоқсан жұрт есігін сағалай тұрады. Бұлай дейтініміз, қазір мектеп оқушылары (қыздар!) көрші гимназияға барып оқып жүр. Жұрт қыздар мектебі деп, өзгелерден оқшаулап, арнайы берген мектептің оқушылары енді өзге, ұл-қызы аралас гимназияда оқуға мәжбүр. Жергілікті билік қыздарға ер балалармен қосылып оқығанды көрсеткісі келген болар, сірә.

Қыздарды бұлай қаңғытып жіберуге себеп болған – сол баяғы мердігерлер. Қандай жағдай болса да бар кінәні мердігерлерге аударуға үйреніп алған әкімдіктегілер олардан бірдеңе талап етуге қауқарсыз. Бұл мектепті жөндеу жұмысы мамыр айында басталуға тиіс болған. Бірақ, мердігерлер бір-бірімен соттасқандықтан тендердің қорытындысы қыркүйекте ғана шығыпты. Теміртауда мердігер екі компания соттасып, қолдары тимей жатқандықтан күзге дейін күткен болып тұр ғой. Басқа құрылыс компаниялары жоқ қой, қайтсін!

Ол ол ма, жоғарыда айтылған №16 мектеппен қоса №24 мектептің жағдайы бұдан да қиын болатын жайы бар. Өйткені, бұл екі мектепті жөндеуді бір мердігер мойнына алған. Бірақ, істі соңына жеткізе алар түрі жоқ. Яғни, жыл соңына дейін бітпейді. Биліктегілер жөндеу жұмыстарын келесі жылға қалдыруымыз мүмкін деп отыр. Яғни игерілмеген бюджет қаражатын кері қайтарады. Сосын келесі жылы «былтырғы ақшаны бере салсаңыздар» деп тағы қол жаймақ.

- Біз оларға ештеңе жасата алмай отырмыз. Сотқа да беріп көрдік. Алайда олар өз міндеттерін орындамай отыр. Мердігер 1 тамызға дейін жұмысты аяқтамақшы еді. Жұмыс істеп жатыр, бірақ өте баяу, - дейді Теміртау қалалық білім бөлімінің шаруашылық бойынша бастығы Ерік АБДИХАШЕВ.

Білім басқармасы Теміртаудағы төрт мектептен басқаларында жөндеу жұмыстарының аяқталғанын айтады. Алайда, бейресми деректер бойынша Қарағандыдағы мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мектеп-интернаттағы жөндеу жұмыстары да әлі аяқталмаған көрінеді. Төрт мектебінде бірдей оқушылар ғана емес, құрылысшылар да жүретін Теміртау қаласында қандай жағдайға да таңғалуға болмайды.

Фотоларды автор ұсынды


Мақала авторы:

Арай Сатыбалдықызы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.