Газеттер тендерсіз күн көре ала ма?

Бақытжан Әбдіраш - 24.10.2019533

Түркістанда  қазақ баспасөзінің бүгіні мен келешегін талқылаған медиафорум өтті

Егер қазақ газеттеріне тендер берілмесе, жағдайы қиындауы мүмкін. Ал баспасөздің құлдырауы қазақ руханиятының құлдырауына алып барады. Өткен жұмада Түркістанда өткен медиафорумға қатысқан бірқатар журналистер осы мәселе төңірегінде пікір білдірді.

 - Шерхан Мұртаза атамыз: «мемлекеттің қос қанаты бар. Біреуі экономика, біреуі руханият деген. Біреуін тартсаң, қыран құс ұша алмай қалады», деп.  Бұқаралық ақпарат құралдары руханиятқа қызмет етеді. Егер басылымдарға тендер берілмеген жағдайда руханиятымыз құлдырайды, - деді Жамбыл облыстық «Ақжол» газетінің директоры-бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы.   

Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Turkistan open media forum: Жаңа және дәстүрлі медиа: ынтымақтастықтың заманауи модельдері» атты тақырыпта өткен форум Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының ұйымдастыруымен, облыстық қоғамдық даму басқармасының қолдауымен өткен форум еліміздің бас басылымы «Egemen Qazaqstan» газетінің 100 жылдық мерейтойына арналды.

Өңірлік журналистиканы дамыту, ондағы мәселелерді шешу жолдарын қарастыруға арналған форумға Түркістан облысымен көршілес жатқан Қызылорда, Жамбыл облыстарынан, Шымкент, Алматы қалаларынан жанына қаламды серік еткен жазушы, журналистер қауымы келді. Атап айтсақ, Журналистер Одағының төрағасы Сейітқазы Матаев, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, жазушы-журналист Мархабат Байғұт, Жазушылар Одағының Шымкент қалалық филиалының төрағасы Шойбек Орынбай, «Жас алаш» газеті бас редакторының орынбасары Оралхан Дәуіт, медиатренер Жұлдыз Әбділдә, Жамбыл облысы әкімінің кеңесшісі Біржан Сөктай, Қазақстан Журналистер одағы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы, облыстық "Арай" газетінің бас редакторы Дәулет Төленді,  «Сыр-Медиа» ЖШС директорының орынбасары Дәурен Омаров және журналистика саласында жүрген бірқатар азаматтар қатысты. 

- Бүгінгі форумның атауын «Turkistan open media forum» яғни, «ашық медиа» деп бекер қойып отырғанымыз жоқ. Түркістан – дүйім қазақтың рухани астанасы, түбі бір түркі дүниенің тал бесігі. Демек, қазақтың рухани жаңғыруы, рухани оянуы да осы қаладан басталу тиіс,-деді форумды ашқан Журналистер Одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Ғалымжан Елшібай.

- Кез-келген адам журналист бола алмайды. Журналист болу үшін адамда жүрек және нақты өмірлік позициясы болу керек. Сонда ғана одан  жақсы журналист шығады. Журналистке xалық сенеді. Сондықтан да журналист елге жақын болу керек, - деген Қазақстан Журналистер одағы басқармасының төрағасы Сейітқазы Матаев журналисттің бизнесі болуы керектігін, ол сонда ешкімге алақан жаймай өз күнін өзі көре алатынын, ал ешкімге тәуелді емес журналистің шындықты айтудан қорықпайтынын жеткізді. Жиында С.Матаев  одақтың мүшелігіне қабылданған бірқатар журналистерге куәлік табыс етті.

Форум барысында танымал журналист, «Заң медиа» ЖШС Бас директоры Досымбек Қонысбекұлы «Жаңа және дәстүрлі медиа: ынтымақтастықтың жаңа модельдері» тақырыбында пленарлық сессиясын өткізді. Ал, белгілі медиатренер Жұлдыз Әбділдә өткізген «Фейк жаңалықтар индустриясы: зардабымен күресу жолдары» тақырыбындағы сессияда БАҚ беттерінде оқтын-оқтын жарияланып тұратын жалған жаңалықтарды қалай тиюға болатыны жөнінде ой қозғалды

Форум аясында Қазақстан Журналистер одағының Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстық, Шымкент қалалық филиалдары және «Медиакратия» қоғамдық бірлестігі арасында бірлескен меморандумға қол қойылды.

Форумнан соң Жұлдыз Әбділдә мен Досымбек Қонысбекұлы XҚТУ студенттері мен журналистерге білікті арттыру мақсатында семинар өткізіп, сертификат табыстады. 

Мақала авторы:

Бақытжан Әбдіраш

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.