Мақсат Жұмағұл. Етікші

Сайт Әкімшілігі - 30.10.2019734

2017  жылдың көктемі

– Жақай тірі болғанда жетпіс жасқа толар еді, - деді Мәулен ойға шомып.

– Жақай деген кім? – деп сұрады ұлы.

– Жақай деген бір жақсы кісі болған. Ондай кісілер жасай береді.

– Жақай біздің туысымыз ба? Ол жайлы бұрын неге ештеңе демедіңіз?

– Ол кезде тумаған едің.

– Ол кім? 

10 жыл бұрын

Мәулен жұмыстан қайтып келе жатқан. Оның жолын төрт жігіт күтіп тұрды. Мәулен оның бірін бұрын иығымен соғып кеткені бар. Содан әлгі кек сақтап қалған. Жолдастарын жұмылдырды. Енді төрт жігіт «есіріктің сазайын тартқызайық тұздап» деп тұр.

Мәулен қалбалақтап келеді. Ойында дым жоқ. «Мені ұрып кетеді» деп ойламады да. Бала көңіл байғұс жігіт. Қай бұрылыста қандай есерге жолығатынын қайдан білсін?

Бір ескі гаражға жақындады. Төртеуі сол мезетте Мәуленді ұстады. Мәулен дым түсінбеді. Ешкімге соқтықпайтын момын жан таңғалып тұр. Байғұсты бұл төртеуі бір-біріне итеріп, жекіріп сөйлейді. Сөз ұғатын жөндері білінбейді. Өңдері қашып, тістеніп сөйлейді.

Ішіндегі «жапа шегушісі» жағасына жармасты. Мәулен оны кеудесінен итеріп жіберді. Төртеуі жабыла кетті. Ұрды. Тепті. Екеуі Мәуленнің қолдарын тас қылып ұстап тұр. Өзге екеуі кезектесіп ұрмақ болды. Мәулен «біткен жерім осы шығар» деп ойлады.

Бір мезетте ымырттан біреу шыға келді. Бұзақыларды бір-біріне соғыстырып, жайпап тастады.

- Шибөрі өңшең! Бір кісіге төртеуің жабылып, мықтысымақ болған түрлеріңе болайын!

- Ей, бұл – делқұлы Жақай ғой! Қашыңдар! Делқұлы өлтірмей тұрғанда, жаның барда!

Төрт бұзақы қаша жөнелді. Мәуленнің үсті-басы шаң-шаң болып отыр. Белгісіз құтқарушы бұған жақындады. Мәулен зорға тыныстап, оған жаутаңдап қарады.

- Не болды? Бір-екі ұрғанға бола он күн жылап отырасың ба?

- Мен жылап отырған жоқпын!

- Түрегел олай болса! Неғып отырсың?

- Біле-білсеңіз мені жаңа ғана ұрып кетті!

- Ойпырым-ой, неткен қасірет десеңші!

- Табалап тұрсыз ба?

- Сенің мына жайыңды табалаудың жөні бар ма?

- Мені құтқарғаныңызға көп рақмет!

- Сол да сөз болып па?

- Сіз болмасаңыз сау тамтығымды қалдырмайтын еді.

- Оларға сонша не істеп едің? Тоқпақтайды келіп қырық жылғы өші бардай...

- Білмеймін ғой...

Еркек фонарін жақты. Ескі гаражға кіріп кетті. Мәулен енді есін жиды. Түрегелді. Үсті-басының шаңын қақты. Тәлтіреңдеп үйіне кетті.

Түні бойы ойланды. Ертеңіне құтқарушысына рақметін білдіру үшін барды. Өзінің сәл-сәл дөрекілеу сөйлегенін түсініп, кешірім де сұрамақ болды. Мәулен біреуге қарыздар болғанды ұнатпайды.

Мәулен ескі гаражға имене-имене кірді. Мұнда кісі баласы жоқ секілді. Бұл қаланың шет жағы. Ескі гараж. Бір-екі ескі машинаның жұрнағы жатыр. Баяғыда темір-терсекке өткізу керек. Темірдің тот басқан иісі сезіледі. Былай таза. Шашылып жатқан ештеңе жоқ.

Гараждың түкпір жағынан бір дыбыс шығады. Станоктың дыбысы шығатын секілді. Балғаның тарсылы. Солай жақындады. Бір кісі етіктің өкшесін жөндеп отыр. Шырамытты. Кешегі кісі секілді. Бұзақылар есімін кім деп еді? Кім еді? Құдай-оу?! Тілінің ұшында тұр... М... Жоқ! Ж... Жұман? Жоқ! «Делқұлы кім» деп еді?

- Не керек, жігіт?

- Делқұлы... Кешіріңіз, Жақай деген кісі керек еді?!

Мәулен сасқанынан есімін есіне түсірді. Өзі дым түсінбей қалды.

- Ә-ә, кешегі таяқ жеген жігітсің бе? Не керек?

- Сізге рақметімді білдіріп, дөрекі сөйлескенім үшін кешірім сұрамақ едім.

Жақай бұған түйіле қарады. Етікшінің қара сұр жүзі сәл жылығандай болды.

Мәулен де оны бұрын көрген еді. Бұл еркектің көшеде өлеңдетіп жүргенін талай мәрте көрген. «Көп жындының бірі ғой» деп мән бермеуші еді. Шошып кетті. Жай кері шегіне бастады.

Бұл еркектің өлеңі құлағына сіңген еді. Өлеңін ұмыту мүмкін емес.

Оу, халқым, бері қара:

Осы маңнан қыз өтпеді ме?

Өзі реңді-оу, сәукелесінің үкісі бар,

Өзі есті-оу, тілінің мүкісі бар!

Реңдім-оу, бойжеткенім, қайдасың-оу?

Жүрекке түскен бір шоқсың-оу,

Жүруші ең, әрі-бері көлбеңдеп-оу,

Бүгін міне, ұшты-күйлі жоқсың-оу!

Ұйпа-тұйпа, кір-кір болып жүруші еді. Бүгін өзге кісі болып отыр. Таза. Байсалды.

Мәулен бұл кісі жайлы сұрастырып білді. Мұның ерте көктемгі және қара күздегі мезетте көтеріліп кететін жайы бар екен. Бұрын тәп-тәуір кісі, ешкімге дес бермейтін палуан болыпты. Бір кеңседе қызмет істепті. Отбасылы болыпты. Жастай жесір қалыпты. Жалғыз қызын жеткізіпті. Мұның қарсылығына қарамастан, қызы «біреуді сүйемін, тұрмысқа шығамын» деп бой бермепті. Қызы ерте тұрмыс құрыпты. Екі қыз бала туыпты. Бір күні екі қызымен, күйеуімен жазатайым жағдайда опат болыпты. Жақай қайғыдан іше бастапты. Жындана бастапты. Жиырма жыл өтсе де, қайғысы тарамапты. Ескі гаражда жұрттың етіктерін жамайды, пышақтарын қайрайды. Көпшіліктен жырақ күн кешеді. «Делқұлы Жақай», «етікші Жақай» деп кетті таныстары. «Тесілсе, жыртылса, шақайыңыз, жамайды, тігеді, Жақайыңыз! - деп өлеңдетіп жұрттың шақайын жамайды.

Миллиондаған кісісі бар қалада мұндай да болады. Мәулен мен Жақай көшеде ұшырасып қалды. Екеуі сөйлесе кетті. Екеуі көнеден таныс секілді. Мәуленнің әкесі есінде жоқ. Мәулен ол кезде тым кішкене болған. Әкесі тым ерте қайтыс болған еді. Сол өлген әкесі қайта тірілгендей болды. Жақай туған ұлымен қауышқандай болды. Екі мұңлық: бірі әкесі, екіншісі ұлы секілді сезді. Жақайдың өмірі түрленіп сала берді. Соңғы жиырма жылы түнекте жүргендей өтті. Ешкім онымен сөйлеспеді. Ешкім оны кісі демеді. Жақай бірте-бірте сауыға бастады. Бұрынғыдай «біртүрлілігі» байқалмады. Ішуін доғарды.

Жақай Мәуленді нарды ойынына баулыды. Екеуі бос кезде нарды ойнады.

Бір күні Жақайдың гаражына бір ит келді. Бұл Жақайдың иті. Ол ит бір күшікті тістеп әкеліпті. Күшік әбден тоңғандықтан, дір-дір етеді. Қараусыз күшікті бауырына басқан көрінеді. Бұдан кейін санасыз жануар дейсің бе? Бұл күшік иттің соңынан томпаңдап ілесіп жүреді.

Тірі кісі тіршілігін жасайды. Жақай алпыс жасқа толды. Ұзақ жылдардан кейін бірінші мәрте сергігендей болды. Ерте тұрды. Шаштаразға барды. Жолай базарға кірді. Жаңа киім сатып киді. Ұялы телефон сататын дүкенге кірді. Ұялы телефонның тәуірін таңдады. «Мәулен ұлым жөндеп береді» деп ойлады. Моншаға кіріп, оның буында отырды. «Жақай сауығыпты» деп жұрт пыш-пыштасты. Шынымен, еңсесін тіктеді. Етікшінің қара сұр жүзіне шырай кірді.

Жақай гаражға келе жатты. Бағдаршам. Жүкті келіншек пен кішкене қызы жолдан өтіп бара жатса, бір машина тым жоғары жылдамдықпен жүйткіп келеді. Жақай жанталаса жүгіріп, екеуін тоқтатты. Машина оны соғып кетті. Сол жерде жан тапсырды. Иесінен кейін, кәрі иті де құсадан өлді. Мәулен мен күшік тағы да жетім қалды.

Кісінің өзі кеткенімен, көзін көргендер бар кезде, ол ешуақытта ұмытылмайды. Мәулен бос кезде гаражда етік жамап, пышақ қайрап жүрді. Бір күні күтпеген жағдай болды. Көне гаражға бір бойжеткен келді. Жиырма жасар мөлшерінде. Жақайды іздеп жүр екен.

Жақайдың дүниеден озғанын естіп, еңіреп жылады. Сөйтсе, ол оның некесіз туған қызы екен. Жақай сабазың қарап жүрмепті. Өзі білмейтін қызы бар екен. Жақайдың ылғи өлеңге қосып жүрген: «Сәукелесінің үкісі, тілінің мүкісі бар» осы қыздың шешесі екен. Сол кезде жасы отыз бесте, бірақ тұрмыс құрмаған биші болыпты. Екеуі бірақ көңіл жарастырып жүріпті. Ол жүкті болғанда, хат-хабарсыз қалыпты. Дүниеден озатын кезде бәрін жайып салыпты. Қызы бәрін кеш білді. Мәулен оның көңілін табуға тырысты.

Мәулен мен Жақайдың қызы көңіл қосты. Екеуі үйленіп, үй болды. Келіншегі төрт ұл туды. Он жыл өте шықты. Күшік өсіп, ит болды. Көктемнің жұпар иісін иіскеп, Мәулен отбасымен бірге саябақта жүрді.


Мақала авторы:

Сайт Әкімшілігі

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

сайфоллина алия сайфоллиновна 30 Қазан, 2019

Мақала терең ойлы, мағыналы. Жұмысыңның жемісін көр. Өркенің өссін.

Жауап беру

Жанерке 30 Қазан, 2019

Керемет туынды, қарапайым тілмен жүйелі жазылған, шығарма авторына рахмет! Жарайсыз, шығармашылығыңыз шыңдай берсін

Жауап беру

Ұқсас жаңалықтар