Тоқаевтың бастамалары халықты алдаусырату емес пе?

Есдәулет Қызырбекұлы - 31.10.20193322

Қыркүйек айының басында президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ үкімет мүшелеріне Бірыңғай жинақ зейнетақы қорындағы қаржыны азаматтарың мерзімінен бұрын пайдалануына мүмкіндік беретін жоспар құруға тапсырма берген. Кейіннен БАҚ беттерінде БЖЗҚ қаржысының белгілі бір бөлігін алып, тұрғын үй немесе білімге жұмсауға болады деген ақпараттар шыққан. Кеше Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі аталмыш мәселеге байланысты мәлімдеме таратты.

Онда зейнетақы қорынан қаржы алуға байланысты бірқатар талаптар қойылған. Атап айтқанда, ер адамдар үшін 20, 30, 40, 50, 60 жас ерекшеліктеріне қарай қаржылай шек белгіленген. Мысалы, 20 жастағы адамның есеп шотында 6 миллион 549 мың теңге болуы тиіс. Бұндай сомма болмаса, ол зейнетақы қорындағы қаржысын ала алмайды. Бір қызығы Қазақстанда зейнетақы қорында бұндай қаржысы бар бірде-бір адам жоқ. Сол сияқты 30 жастағыларға – 6 миллион 695 мың теңге, 40 жастағыларға – 6 миллион 897 мың теңге, 50 жастағыларға – 7 миллион 244 мың теңге, 60 жастағыларға – 7 миллион 985 мың теңгелік шек қойылған. Ал әйел адамдарға қойылған талаптар тіпті күрделі. 20 жастағы бойжеткендер зейнетақы қорындағы қаржысын алу үшін есеп-шотында 9 миллион 601 мың теңге қаржысы болуы тиіс. Осы сияқты 30 жастағыларға – 9 миллион 674 мың теңге, 40 жастағыларға – 9 миллион 759 мың теңге, 50 жастағыларға 9 миллион 800 мың теңге, 60 жастағыларға 10 миллион 147 мың теңгелік шек қойылған. Бұндай талаптарға Республика бойынша, тек 103 мың 503 адам сай келеді.

Экономист Мақсат ХАЛЫҚ  Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жариялаған мәліметтер ешқандай қисынға келмейтіндігін, тіпті күлгілі екендігін айтады.

«Бірден айтайын, бұл күлкілі ұсыныстар. Бұл есептеулерді кімнің жасағанын білмеймін, бірақ бұда ешқандай негіз жоқ деп айтуға болады. Бірінші кезекте мен ойлаймын, олардың ойлағандары сол зейнетақы қорындағы ақшаны ұстап қалу сияқты. Сондықтан бұл процесс бұлай жасалмауы керек. Бір жағынан ең төменгі шек қою ұсынысын түсінуге болады. Бірақ оның өзі қазір реалды емес қой. Өйткені 90 пайыз халықтың сол жерде жинап отырған қаржысы 1 миллион теңге көлемінде ғана. Есеп-шотындағы қаржысы 5 миллионнан асатындар саны 300 мың адам. 6 миллион деген шек қойса, ондай адамдар мүлдем аз. 8 миллион жинаған адамдардың саны тек 1 пайыз. Сондықтан бірден айту керек, бұл ешқандай ақылға сыймайтын көрсеткіш»  - деді Мақсат Халық.

Бұдан бөлек, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зенетақы қорындағы ақшаны несие түрінде беруді ұсынды. Яғни сіз өзіңіздің қаржыңызды өзің несиеге аласыз. Бұл шын мәнінде абсурд дүние. Бірақ біздің елде түрлі ғажайыптар болатындығын ескерсек, бұған таң қалудың қажеті болмайды.

Біріңғай зайнетақы қоры маңынан соңғы жылдары дау кетпей тұр. Біресе басшылары істі болып сотталады, біресе жианқталған қаржы шетелдегі банкрот банктерге салынып жоқ болады. Естеріңізде болса, 2014 жылы БЖЗҚ-ның 250 миллион доллар қаржысы Әзірбайжан банкінің құнды қағаздарын сатып алуға жұмсалған. Ол банк кейіннен банкрот болған. Келісім бойынша, Әзірбайжан банкі енді қаржыны 2032 жылға дейін қайтарады деп күтілуде...

Жалпы, бір қарағанда президент Тоқаевтың зейнетақы қорына қатысты ұсыныстары өте жақсы сияқты көрінеді. БЖЗҚ қаржысын пәтер немесе білім алуға жұмсау көңілге қонымды бастама. Бірақ кеше жарияланған мәліметтерге қарап, бұл кезекті рет халықты алдаусырату ма деген ой келеді...

Фото: mir24.tv

Мақала авторы:

Есдәулет Қызырбекұлы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.