Бүгінгі «Жас Алашта»: Байбек сонда... түк бітірмеген бе?

Сайт Әкімшілігі - 31.10.20192949

Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ Алматыға жасаған 2 күндік сапарынан сансыз сұрақ жауапсыз қалды. Қ.ТОҚАЕВ пен қала әкімі Б. САҒЫНТАЕВ өзара келісіп алғандай қаладағы кемшіліктерді тізіп шыққандарына қарасақ, бұрынғы әкім Бауыржан БАЙБЕК түк бітірмегендей. Қызық, Қ.ТОҚАЕВ кезінде Сенаттың, САҒЫНТАЕВ Үкіметтің, одан президент әкімшілігінің төрінде отырғанда Алматыдағы «былыққа» мойындарын неге бұрып қарамаған? Ал олардың сындарына атқарушы биліктің жұмысын қадағалап, бақылаушы «Нұр-Отандағы» Бауыржан БАЙБЕКТІҢ қарымтасы қандай болмақ? Алмас НҮСІПТІҢ мақаласы 1-3 беттерде.


«Сағынтаевтың айтқанын мен айтсам, сотқа берер еді»

Мыңдаған малы бар кәсіпкер Жұмасейіт НҰРБАЕВ ет бағасы қымбаттаса, қатты қуанады. Қуанғанда да, еттің қымбаттауынан пайдасы артып кетпейді екен. Қуанатыны сол – ет бағасы қымбаттап жұрт шуласа, биліктің есіне сап етіп ауылшаруашылық саласы түседі екен. Еңбегінің тең жартысын алыпсатарларға талатып жүрген кәсіпкер ауылшаруашылық саласының кемшіліктерін жіліктеп шықты.

Сапарбаевтың Шымкентке жолдауды насихаттап барып, шашын жұлған қазақ қыздарына қайран қалып, намыс іздегені, ауызсуға жарымай отырған Аягөздің ахуалы, сабағы құрылыспен қатар жүрген Теміртау мектептерінің жағдайы бүгінгі «Жас Алаштың» назарында болды.

«Жас Алаштың» жаңа сұхбат алаңы  – «Алдыңғылардың әңгімесінде» тарих ғылымының докторы, академик Мәмбет ҚОЙГЕЛДІГЕ төр ұсынды.  

Тұщымды сұхбаттан шағын үзінді:

Ананың қайғысы не деген ауыр қайғы... Маған Азамат (халық әртісі Қасым ЖӘКІБАЕВТЫҢ совет билігіне қарсы шыққан ұлы)  жазған ең соңғы төрт-бес жол өлеңін берді. Сонда Азамат: «Мен ауруханада жатқаныма бәленбай жыл болды. Мен терезенің алдына келіп қонған торғаймен ғана сырласамын. Соған қарап, бостандықтың не екенін түсінемін», – дейді.

******

40-жылдары ӘУЕЗОВТІҢ МҰҚАНОВҚА жазған хаты бар. Сонда: «Сейфуллин екеуіңнің қазақ әдебиетіне жасаған қиянаттарың ешқашан ұмытылмайды. Ол айтылатын болады» дейді. Ал қазір соны айтатын заман келді.

 ******

Біз азаттық алғанда халық Алаш идеясын бірден бауырына басты. Жақсы қабылдады. Сол арқылы өзінің кім екенін анықтауға тырысты. Осы кезде билік, президент ұлтты қолдауы керек еді. Осы рухани күйге жол ашуы керек еді. Бірақ билік уақытты жіберіп алды. Бұл оның үлкен қателігі болды.


Газет редакторы Руслан ЕРБОТА «Қазақ баспасөзі: Түбінде «Уйғур Авази» озады...» атты мақаласында күнін санап отырған қазақ баспасөзінің бүгінгі жағдайы, «Егемен Қазақстан» газетінің қазақ оқырманы мен басылымдарына жасаған қиянаты Һәм қазақ басылымдарын басып озған «Уйғұр Авази» газетінің ерекшелігін баяндайды.

Көз тиді ме, сөз тиді ме?

«Көз тию» құбылысының қатпарлы қырлары қандай? Тұрақты авторымыз Арай САХАРИЕВА психология ғылымының докторы, профессор Мұқан ПЕРЛЕНБЕТОВТЫ,  дәрігер Сәуле ӘШЕНДІ, емші Анар НҰРҒАЛИҚЫЗЫН сан сұрақтың астына алып, қос қарашықтың құдіретін талдатып шығады. Мақала көлемді көрінгенімен бас көтертпей, бір демде оқылады.  


ТӘУЕЛСІЗДІК АЙТЫСҚА ДА КЕРЕК

Теміртаудағы оқырманымыз Қуаныш ТЫНЫБЕКТІҢ «Нұр Отанның» құшағына өткен айтысқа айтар уәжі,  филология ғылымының докторы Ақжол ҚАЛШАБЕКТІҢ «Әуезов әлемі және Абай» атты ұлы жазушының шығармашылығындағы хакім рөлін сараптаған терең әдеби талдау мақаласы 6-бетте. 

Белгілі спорт журналисі, спорт жанашыры Қыдырбек РЫСБЕКҰЛЫ әлемдік деңгейдегі қазақ бапкері айдарын бұл жолы атақты Жарылқасын ОҢАЛБЕКОВПЕН жалғастырады. Спорттағы ұстаз бен шәкірт тақырыбын көп еңбекпен жүйелеп, бір ізге түсіріп жазып жүрген Қыдырбек РЫСБЕКҰЛЫНЫҢ бұл мақаласы да әдеттегідей салмақты, танымдық дүние.  

31-қазанда жарық көрген «Жас Алаштың» 87-нөмірінің қысқа қайырымы осылай.

(Басты бетте "Жас Алаш" коллажы

Мақала авторы:

Сайт Әкімшілігі

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Ұқсас жаңалықтар