Әбішев ісі: Асылжан Жампозовқа қысым көрсетілген

Мадияр Жалғасұлы - 31.10.20192084


Елордада ауданаралық сотта қаралып жатқан Ислам ӘБІШЕВ пен Серік ТҮКИЕВ ісінде куәгерлерді тыңдау одан әрі жалғасып жатыр. 30 қараша күні сотқа куәгер ретінде шақырылған 2017 жылы Әбішев ісіне қатысы бар деп айыпталып, соңында өзін атып өлтірген азамат Өмірбек ЖАМПОЗОВТЫҢ баласы Асылжан ЖАМПОЗОВ жауап беруге келген. Алайда тергеушіге берген жауап парағының көшірмесін сұратып, адвокаттар сұрағына жауап бере алмаған куәгерге судья Қажымұқан МЕКЕМТАС "шындықты жасырмай айтыңыз, әйтпесе жазаға тартыласыз" деген соң барып мән-жайды баяндады.

-Тергеушілерге жауап бергенімде, екінші тергеуші келіп жауап берген қағазымды алып жыртып тастады. Содан соң дайын тұрған жауапқа мәжбүрлеп қол қойдырып, "жаттап ал, сотта осы жауапты айтасың" деді. Анам мен балаларым үшін қорқамын. Ұлттық бюроның адамдары хабарласа береді, мен телефон көтермеймін. Телефоныма "еркекше сөйлесейік" деп хабарлама жазып жіберді, - деді куәгер ЖАМПОЗОВ.

Одан соң судья мен сот хатшысының қолы қойылған сотқа шақырту қағазын белгісіз адамдар анасы мен туыстарының үйіне апарып таратқанын, соның кесірінен анасы ауырып жатқанын да куәгер жеткізіп отыр. Өз кезегінде судья жеке басының қауіпсіздігі үшін азамат Жампозовқа шағым түсіруге құқылы екенін айтып, арызын қабылдады.

 - Кінәсіз, өрімдей жас балаларды іске араластырғанша, бізді өлтіре берсеңіздер рұқсат, - деп сот залында ашуланған Ислам АЛМАХАНҰЛЫНА сот төрағасы ескерту жасады.


Бүгінгі сот отырысында куәгер ретінде шақырылған, Ислам Әбішев пен Серік Түкиевтің үстінен шағымданған Шаймерденовтің жауабы тыңдалды. Тергеушілерге мемлекеттік тілде жауап берген азамат, сотта аяқасты қазақ тілін білмейтін боп шыққан ол аудармашы көмегіне жүгінді. Дегенмен, дұрыс жауап қатпай, дауысын бәсеңдетіп сөйлегені үшін судьядан ескерту алса да Шаймерденов "Ислам Әбішев менен ақша сұрап бопсалады, қалғанын білмеймін" деумен шектелді. Оған қоса ол "Асылжан Жампозов Әбішевтің адамы, кешегі айтқаны өтірік" дейді. Сотталушылардың адвокаттары іске байланысты сұрақтар қойып, нақты жауап беруін сұрағанда прокурор Сүлейменов "тергеушіге толық жауап берген" деп, куәгердің жауабын оқып беріп отырды. Өз кезегінде адвокаттар мемлекеттік айыптаушыға куәгерге көмектесіп отыр деп судьяға шағым берді.


- 2019 жылы 7 наурызда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жедел іздестіру қызметкерлері «Астанадан Шымкентке ұшатын ұшаққа Әбішев отырады. Сонымен бірге барасың деп диктофон тақты. Іске қажетті дәлелдерді анықтау үшін әңгімеге тарт» деді. Олардың 2-3 адамы да менімен бірге мінді. Әбішевпен қысқа ғана әңгімелестік. Шымкентке келген кезде диктофонымды жедел іздестіру өкілдері шешіп алды, - дейді Шаймерденов.

Адвокаттар іс бойынша 15-томның 22 бетінде көрсетілген диктофонға 21 маусымда шығарылған сарапшы зерттеуін жариялады. Онда Шаймерденов Серік Түкиевке беретін 10 миллионы жайлы Әбішевке айтқан кезде, Әбішев "қайдағы 10 миллион" деп сұраған. Ал "Серік Түкиевтің банктегі шотын білмеймін, қолма-қол берем деп айттым" деген куәгер Шаймерденов біраз оқиғаларды ұмытып қалдым деп ақталды. Адвокаттар осы жағдайдан кейін Жампозовқа қысым көрсетіп, Шаймерденовке болысып жүрген Ұлттық бюроның Жәрдем ИСМАҒҰЛОВ атты қызметкері екенін айтты.

Сот отырысының ушығып, техникалық ақаулардың шығуына байланысты судья сот отырысын ертерек аяқтады. Келесі сот отырысына куәгер Шаймерденов жауабының толық болмауына орай кезекті рет шақырылды.

Ислам Әбішевтің адвокаты Абзал ҚҰСПАНҒА Әділет министрлігінен екінші рет құжаттар мәселеге байланысты адвокаттық лицензияңызды тартып аламыз деп хаттама келіп отырғанын адвокаттың өзі соттан кейін баяндады. Адвокат келесі сот отырысына қатыспауы мүмкін.

Фотолар автордікі.


Мақала авторы:

Мадияр Жалғасұлы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.