147 млн бөлінсе де мектептің жөндеу жұмысы бітер емес

Арай Сатыбалдықызы - 01.11.2019794

Қарағанды қаласындағы мүмкіндігі шектелген балаларға арналған облыстық арнайы №3-ші мектеп интернаттың бүгінгі жағдайы мәз емес. Білім ордасында 20 тамызда аяқталады деп жоспарланған жөндеу жұмыстары әлі жүріп жатыр. Бұл туралы «Жас АЛАШ»  сайтының Қарағандыдағы тілшісі хабарлайды.

№ 3-ші арнайы мектеп-интернатқа күрделі жөндеу жұмыстары  жарты ғасырдан бері жасалмаған. Биылғы жылы биліктегілерден бір пәрмен болып, бюджеттен 147 млн теңге бөлінген екен. Осы қаражатқа мектеп-интернаттың шатырын жөндеп,терезелерін ауыстырып, жылу құбырларымен электр желілерінің кейбір бөліктерін ауыстырмақшы болған еді. Алайда, ата-аналармен ұстаздардың айтуынша жасалып жатқан жұмыс көзге көрінбейді.


«Жөндеу жұмыстары жүріп жатқанда сабақ та болып жатты. Бізде техникалық қауіпсіздікке ешкім мән бермеді. Тіпті кабинеттер жетпей қалып, екі сыныпты бірге қосып сабақ өткізген жайттар да болуда. Алқам -салқамы шыққан, дұрыс жұмыс жүргізілмеген сынып кабинеттерін мердігер өткізді. Сол кабинеттерді мұғалімдер жанталасып ретке келтіріп тазалап алды», - дейді мектеп -интернаттың қамқоршылық кеңесінің төрайымы Әсел БЕКБАЕВА.

Бір қызығы жұмыс толығымен аяқталды деген хаттама толтырылып мердігерге жүз пайыз қаражаты аударылып қойған. Бүгінде мекен жайымен телефонын ауыстырып жіберген мердігерді табудың өзі қиын болып кеткен. Бұл жерде жөндеу жұмысын қадағалауы тиіс органның қайда қарағаны белгісіз. Ал бүгінде басқа мектепке ауысып кеткен интернаттың бұрынғы директоры қағазға қол қойуға мәжбүр болғанын мәлімдейді.

«Маған техникалық жағын қадағалайтын және авторлық жағына жауапты мамандармен мердігер қол қойды, енді сізде қоясыз деп айтты. Жұмыстың көлемі және сапасы қағаз жүзінде барлық нормаға сай келіп тұр, егер сіз қол қоймасаңыз сыбайлас жемқорлық тұрғысынан заң бұзушылықтың болып тұрғаны деп ашық түрде ескертті», - дейді мектеп-интернаттың бұрынғы директоры Арал ЕРЖАНОВ.


Осы білім ордасында жатып, білім алып жүрген балалардың ата- аналары бұл жөндеу жұмыстары оқушылардың  денсаулығына зиян тигізе ме деп алаңдайды.

«Қыстың күні терезенің арасына қағаз жапсырып желімдеп қойдық, суық азынап тұрады. Сосын жатын  бөлмелерінде жылытқыш құрылғылары үнемі қосулы болады. Енді қазір бізге электр желілерін ауыстырмадық  дейді. Ең керегі осы еді ғой. Жылда қабырғаны сылап, еденге линолиум төсегеннен не пайда? Менің балам үш жыл бойы осы мектептің ішінде күртесімен жүрді. Оған алаңдап жатқан ешкім жоқ», - деп қынжылады мектеп-интернат тәрбиеленушісінің анасы Гүлнара ЖАҚЫПОВА.

Қазір ата-аналардың қамқоршылық кеңесі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіндегі арнайы мониторингтік топқа шағымданған. Мектеп -интернатқа келіп, көріп қайтқан мониторингтік топ мүшелері  "147 млн теңгеге дұрыстап жөндеу жұмыстарын  жасау керек еді. Нақты тексеру жұмыстарын жасап, сараптама тағайындаймыз" деген қорытындыға келген.


Фотолар автордікі.

 

Мақала авторы:

Арай Сатыбалдықызы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.