Чистильщик болудан Амандық Баталов шаршапты

Ербол Ілияс - 01.11.20197296

Көрсетілетін мемлекеттік қызмет сапасы, арыз-өтініштердің қаралуы және мемлекеттік органдардың ашықтығы жөнінен республикада Алматы облысы Маңғыстау мен Ақмола облыстарымен бірге соңғы үштікті түйіндеп тұр екен. Нақтырақ айтқанда Амандық БАТАЛОВ басқаратын Алматы облысы мемлекеттік органдардың заңды және жеке тұлғалармен байланысын анықтайтын рейтингіде ең соңғы орында. Мұндай хабарды 31-қазандағы жиында облыс шенділеріне ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті басшысы Серікбай НҰРҒИСАЕВ пен ҚР Бас прокуратурасының статистика және арнайы есепке алу комитетінің Алматы облысы бойынша басқарма басшысы Жұлдыз БҰЛАМБЕКОВА жеткізді.

Мемқызмет түрлерінің қалай жүріп жатқанын анықтайтын қоғамдық мониторингті тәуелсіз сараптама орталығы жасаған. Негізгі анықтаушы құрал ретінде анонимді хаттар, тұрғындардың қоңыраулары мен қызметшілердің жұмысына қатысты ескертулері есепке алынған.

«Соңғы 9 айда Алматы облысы тұрғындарынан 70 мыңға жуық өтініш түскен. Көбі жер тұтыну, тұрғын-үй және ауыл шаруашылығы мәселелеріне қатысты. Бірнеше заңбұзушылықтар анықталған. Мемлекеттік қызметтердің 174-і уақытынан кешігіп көрсетілсе, 24 қызметшіге әкімшілік құқық бұзғаны үшін хаттама толтырылған. Ал жыл басынан бері 40 мемқызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылып үлгерген» -деді, ҚР Бас прокуратурасының статистика және арнайы есепке алу комитетінің Алматы облысы бойынша басқарма басшысы Жұлдыз БҰЛАМБЕКОВА. 

Прокуратура өкілі мұндай жауапсыздардың біразын жұмыстан босатуды сұрады. Мәліметтеріне сенсек, өз жұмысына салғырт қарайтын және халықтың өтінішіне кешігіп жауап қататындар көшін Қарасай, Еңбекшіқазақ, Панфилов аудандары мен Талдықорған қаласы және Дәурен Жүнісов басшылық ететін облыстық білім басқармасы бастап тұр. Ал шалғайдағы Кеген, Ұйғыр және Райымбек аудандарында әкімдер мүлде қабылдау өткізбейтін боп шықты.


«Алматы облысының әкімдігі мен шенеуніктері халыққа қызмет көрсету барысында көптеген кемшіліктерге жол беріп жатыр» деп Серікбай ӨРІКБАЙҰЛЫ баяндамасын жалғап келе жатыр еді жүйкесі сыр берді ме, Амандық БАТАЛОВ оны тоқтатып тастауға мәжбүр болды.

«Егер халыққа қызмет көрсету сапасы бойынша ең соңғы орында екеніміз рас болса, осында отырғандардың бәрін қуып жіберейік. Сонша персоналды не үшін ұстап отырмыз? Маған жүз рет дәлелдесеңіз де, айтып отырғаныңыздың ешқайсысына сенбеймін. Сарапшылар барлық жағдайға обьективті қарауы тиіс. Біз алғаш боп қоғамға ашық болу мақсатында сервистік әкімдіктер құрдық. Мен әкім басыммен халық арасында көп жүрем. Оларды қабылдап, үнемі тиісті жауаптар алу үшін атқарушы билікке тапсырмалар берем», -деді Алматы облыс әкімі Амандық ҒАББАСҰЛЫ.

«Ары қарай ештеңе тыңдағым келмейді» деген әкімнің сөзін білдей Мемлекеттік қызмет істерінің облыстық департаментін басқарып отырған шенді қалай көтерсін?! Серікбай Өрікбайұлы да әкімге ренішін білдіргендей сыңай танытты.




 «Біз де жұмыс жасап жүрміз, Амандық Ғаббасұлы. Арасында поштаңызға қараңыз, мен сізге ай сайын жұмыстарымыз туралы хат жолдап тұрам»,- деп отала бастаған сәтте Амандық БАТАЛОВ әңгіме ауанын басқа арнаға бұрып үлгерді.

«Мен барлық уақытта «чистильщиктің» қызметін атқара алмаймын. Футболда сондай қорғаушы барын білетін шығарсыздар. Ол қауіпті шабуылдардан құтқарып отырады. Дәл былай жұмыс істеуге болмайды. Сондықтан тек халықтың өтініштерін қабылдап, солардың талап-тілектерімен жұмыс істейтін жаңа орынбасар тағайындауды жөн деп санаймын», –деді облыс әкімі.

Осылайша барлық салада алдыңғы қатардамыз деп санайтын, әрі көшбасшылыққа ғана ұмтылатын, облыс әкімі мен оның командасы күтпеген жерден «нокдауын» алды. Алатын жөні бар, Рұстам АЛПЫСБАЕВ басқаратын ішкі саясат басқармасы халық пен билік арасын жақындатудың, прокурор мен агенттік өкілі айтқан әлгіндей қоғамдық кездеслердің өтуін ұйымдастырып, қадағалаудың орнына клубмеңгерушісі секілді арба жарыстырып, қойылым қойып, әлеуметтік желідегі әлеулайым мен хәлеулайым тауыса алмай жүр емес пе!

Айтпақшы, ресми өкілдердің айтқан сынын көтере алмай, Баталов теріс айналып отырған бұл жиынға бір орган «алаяқ» деп айыптап, енді бірі «сүттен ақ, судан таза» деп ақтап әлек болған Баталовтың орынбасары Бағдат Мәнізоров та қатысты.

Мақала авторы:

Ербол Ілияс

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Ұқсас жаңалықтар