Ғылымнұр Кәдірбайұлы. Сызашық

Сайт Әкімшілігі - 01.11.2019564

"Кеше түні қалтамда соқыр тиын жоқ, Барахолкадан Сайранға жаяу келдім. Мосттан секіріп өліп алайын деп едім, ұмытып кетіппін".

                                                                                «Досымның әңгімесі»

1

Ескі-құсқы, көн-қоқырдың маңын торуылдап, тіміскілеген көнтірсек ғұмыр адам түгіл хайуанның да жүйкесін жидітіп, тегін туажат еткелі қашан.  Қала сыртындағы теміржолға сүйретіліп жетіп, іліп-салынып әне-міне өте бергені сол еді, екпіні тау жығардай қара дию гүрілдеп жетіп, ойбайын салған. Құрық тастам жол жиегіне қаңбақтай ұшып түскенін өзі де білмейді. Терісін тесе аржиған қабырғалары үгітіліп кеткендей арқа-басы қыбырға келмей ұзақ жатты. Санасының әлдебір түкпірінде рельс қақ бөлген денесіне қарап тоғайған сезім асыр салды. Ми қатпары көзінің болатын тайдырған күшті жарық, ащы шуылдан айықпай көпке дейін тұманданған. Өкпесіне сыздықтап ауа жүгіргенде барып кірпігі өлеусіреп қимылдады. Икемге әрең келген тілімен бақанақтан шыпылдап шыққан қанды іріңді жалады. Қаланың жолы қажай-қажай мүйізделеген табанға кеше аңдаусызда кіргізіп алған пәлекет зар қақсатып, жанын көзіне көрсетті. Бүгін тіпті шолтаңдап қалды, күп болып ісінген бір аяғын ала алмады. Алаңғыт көшелерді құлдап, уыс-қуысқа тасаланып жүріп қала шетіне әупірімдеп әрең шыққан. Тіпті борбайы бір тұтам жаман кандендер де бұған шәуілдеп тұра жүгіретіні зығырданын қайнатқан. Арланған. Қорланған. Қылар ләжі қайсы!?  Желкесінен бассалып бүріп, омыртқасын үзіп жіберейін десе қалтарыстарда бұқпантайлап кешкен қағас тірлік мейілінше бүгежек, бұғынқы қылған. Селт еткенге сескене қарайды. Қағаберістен әлдекім шыға келіп, қарақұстан тиген сойыл тыраң асырардай. Қас-қағымда не болсада жайратып кететін қиғыр азудың қайраты қайтып мұқалған. Алшиып тұрса астынан арыстан өтетін тегеурінді сом сирақтардың күші семген. Еті болбыраған. Саржіліктенген арса кәріге кім болса да қойқаңдап қожа.

 

2

Екі кештің арасы. Машиналардың құжынаған қайшалысы сәл болсада саябырсыған. Көктегі іс-түтек жерге шөгіп, қала ішін бір қабат тұман торлаған. Қарыс адым жер күреңітіп көрінеді. Сәмбіталдың бұтағы жартылай далдалаған көше шырағының өлеусіреген сарғыш сәулесінен жол шетіндегі kaspi банк күңгірт тартып әрең айырарлық.

Банктен асыға шыққан сұрша келіншек өзін бағанадан бері баспалап аңдып отырған сырт көздің бар екенін қайдан білсін. Алдына келіп көлденеңдей қалған такси тым арзанға-ақ келіскен. Алакөлеңкеде шофердің жүзіне сәп салмастан салонға жайғасты. Бар ойы үйінде қалған қаршадай қос балапаны. Күні-бойы нәр татқан жоқ қой менің жолыма тесіліп деп ойлаған етжүрегі елжіреп. Үйдегі талғажау етер жылы-жұмсақта санаулы. Қазір жеткенде уақытты алып және де қолбайлау қылады-ау деп таксистің ақшасын берейін десе қалтасындағы ұсақ тиын бес жүз теңгеге толмады. Жаңа ғана шығарып алған 100мың теңге айлығынан бес мың теңгесін суырып берді. Шофер жігіт майда жоқ деп Есім хан даңғылынан қағаберістегі елеусіздеу магазинның алдына келіп көлігін қаңтарды да өзі түсіп кетті. Мардымсыз айлық. Әкесіз балалар. Пәтерден тартып төлейтін қарыз шаш-етектен. Қыс болса таяу. Мұңлық келіншектің бота көздеріне қаймыжық жас іркілді. Тыным таптырмас жұмыстан, есеңгіреткен қалық ойдан қалжаураған тәнге жылы салон ұйқы шақырды маужыратып. Көзі іліне бергені сол еді сәбиінің шыр еткен дауысынан селт етіп оянып, басын жұлып алғанда көргені жаңағы шофер өзіне қарай төніп келеді екен. Үн шығаруға үлгертпей қарымды саусақтар аузын басып тұншықтырып, басы-көзіне әлденені орап бүріп әкетті. Көп кешікпей ақ аяғы бірлі жарым серең қағып өлі дене жантая сылқ құлады. Қолындағы ақшасы саудырай төгілген...

Қала сыртына ағылған қалың машинаның бірінде денесі суып үлгермеген өлік кетіп барады...

 

3

Таудан төмен құйыла соққан көкдаңғыл төңіректі иіс-қоңыстан аршығанда барып еті тіріліп, жаны кірген. Неше күн бойы нәр татпай титықтаған бейшараның жүрегі сазып, өзегі талған. Орнынан көтерілуге дәрмені келмес өлімші хал. Аш ішегіне ас айланбағалы қашан! Соңғы рет қай күні еді, күресіннің арасын қопарып жүріп көгеріп, базданып кеткен тастай қатты нанды тіске сыздық еткені?! Бір аптадан да ары болу керек жаңыла берді...

Басын аяғының арасына салып сансыз түнгі оттардың ішінен мұнартып көрінген нән қалаға қарап еді қос бүйірінен белгісіз қандауыр безілдетіп сыға жөнеледі. Осы улы-дулы өмірдің қазанында азуы тіс жармағаннан бастап қайнаған екен. Бұл күндер қақсаланып бажыған. Өлігін көрсетпей жер бетінен із-тозсыз  жоғалатын ақырғы мерзім бұны күткелі қашан! Адыра қалғыр тәнді жасырар жәйлі жер іздеп шарқ ұрғалы да неше қар басты. Қайда барса да кезіп жүрген адамзат, зәулім шаһарлар. Ол осы қалада көзін ашса жол шетіне болса да сылқиып құлай салар еді.  Бірақ санасының түкпіріндегі алғаш бауырын жинаған дала ол міскін кейіпке жібермейді. Не өзіне жеткізбейді. Жетем деп қаншама қансоқтаға түсті. Саршұнақ аязда үсініп, аптап ыстыққа қарылды. Тірсегінен бит төгілген бидарқа тірлік. Аш болды, тоқ болды, бәрібір бұғыңқы өмірде қай бір сиық бар, ақыры хас тесікөкпенің өзі етіп шығарды.

Сансыз жыл сергелдеңге түсіп қаладан жол тауып ұзап шыққаны бүгін. Күткен бақытына жеткенмен қуана алмады. Ептеп бойы сергігені болмаса сол баяғы марғау қалпы. Зарықтырған аңсарлы қалау қаншама бодау беріп қол жеткізгенде дүбәрә дүниеге айналғаны жанына тастай батты. Қаңғылестеп өткізген сұм уақыт енжарлықтың уытын тамырына айықпастай етіп құйған. Аңсарлы даласы алданыш қана екен...

 

4

– Алдыңнан бір таудың ешкі-текесін айдап өттім, әдетте қылт еткенді мүлт

жібермеуші едің, не болды, әке?

– Мылтығым қырсыққан-ау шамасы, оталмай қойды, – деді Дәркенбай

атының айылын тартқан беті.

– Оталмағаны несі, әке !? 13 рет аттың ғой тау-тасты жаңғыртып, мен

қырып тастады екен десемші, – деді қоңызмұрт қара жігіт бесатардың ұңғысын еліктің жіліншік майымен сүртіп жатып.

Дәркенбайдың шоқша сақалы дір ете түскен. Бір сұмдықтың болғанын іші сезді. Қап сол күнгі маралды бекер-ақ... Бұл өзі ғана білетін сыр. Таң ақселеуленгеннен тау биігінен табылатын аушының бүгін бір кежегесі кейін тартып, ана-мынаға күйбеңдеп жүріп күнді де арқан бойы көтеріп алып еді. Барғысы келмесе де беркініп алған соң райынан қайтып, жаманға жори алмады. Бүгін жәйімен Мұздыашаға жетіп ертең істің ығына қарай көре жатармын деді де аттанып кетті. Құнан өгіздей қос қара ала төбеті ауылға жалтақтап қарап соңынан ерген...

Аң көріп жүріп бұндай кәрі таутеке көргені тұңғыш. Бунақталған шаңырақтай мүйізі екі-үш оралып кеткен. Асудағы жалғызаяқ шынтақшада бетпе-бет келіп қалды. Қос итке үдірейе қарап, енді бар қимылдың кеш екенін ұққандай мүйізін төсеп тұра ұмтылды. Дәркенбайды да бір әуестік жеңген. Мұндай қауқарсыз кәрісіңірлерді талай мініп жуасытып, көнбегендерін тау басынан лақтырып жіберетін. Бұл жолы да бір оқты текке атпайын деп табан астындағы шыңырау құзға, етекте бұлдырап әрең көрініп ағып жатқан асау өзенге бір қарап алды да, мүйізтүптен шап беріп ұстап, мойнын бұраған. Теке бір бүйірлеп жығылғанда бар күшімен жалама құздан төмен тастаған...

Зәу биіктің қазиек қырынан асып құлаған жалғыз керқұба кәрі теке ғана емес. Оның арбиған мүйізі Дәркенбайдың белбеуіне ілініп қалған болатын...

 

5

Үзік-үзік түстер көріп ұзақ жатты.

Бұл әубастан кеуілжірі кесіліп тумаған еді. Бақытты күні болған, бірақ тым келте. Оны есіне алса көз алдына мұнартып биік-биік асқаралы таулар, мыжырайған жалғыз ауызды үй келеді. Құлдыраңдап жүгірген кішкене бала, соңынан томпаң қағып өзі кетіп бара жататын. Мұны басынан сипап, бауырына қысып өбектеп әлегі шығатын. Құлақасқа тай үшеуі күнұзақ үй қарасын көрмей далақтап ойнайтын да жүретін. Майлы сорпа мен етті сүйектен көз ашбаушы еді. Түсінің осы тұсында сілекейі шұбырып жерге тамып жатты.

Басқа ересек екі кісі болатын. Бұнымен жұмысы жоқ көбінде көп аттылы жаяу болып кешке не түн жамыла келіп жатады. Қашан үйден шығып кеткенін білмейтін. Олар келгені бұл үшін үлкен той, қаны сорғымаған жас етті іші шертиіп, жарылуға шақ қалғанша жейтін.

Және бір жақсы көретін адамы осы үйдегі шүйкедей кемпір. Өзінің қолы ашық, ақеден. Күніге үш уақыт кемітпей тамақ беріп тұрады. Бұл соған риза. Табалдырықтан аттап шықса аяғына еркелеп орала кетеді.

Өзінің екі тұқымдас ағасы бар, қара ала, зор денелі. Оларға бұл именіп қарайтын. Бірақ бұларда көбінде үйде жоқ, адамдармен бірге кетеді. Болған күннің өзінде де үй көлеңкесінен шықпай ұйқыға басатын. Ойнағысы келіп қастарына барып түртпектесең азуын бір ақситады. Безе жөнелесің. Оқта-текте мейірімі түсіп қалғанда бұнымен алысып ойнайтын. Әйтсе де желкесінен тістелеп, кеудесімен соғып құлатып әбден сілікпесін шығаратын.

 

6

Бір күні тал түсте қарала төбеттің біреуі құйындатып үйге келген. Келген бойы есіктің алдын тырмалап қазып, байыз таппай шырқ айналып жүгіріп, тауға қарап ұли берді. Үйдегілердің қорыс-қопасы шығып, есі кетті. Бір жамандықтың боларын бұл да сезген. Үйдегі жігіт мама ағаштағы атын ерттеп ит бастаған жолменен тауға қарай шапқан. Үйде кемпір мен бала қалған аңырасып. Аңтарылып тұра бермей не болса да деп қарала төбет пен аттылының артынан шәуілдеп ере жүгірген. Жанын салып қалмауға тырысқанымен аралық бірте-бірте алыстай берді. Ақыры бір өзенге келіп тірелгенде олардың қарасынын көре алмай адасып қалды. Екі өкпесі өшіп, тілі салақтап титықтаған.

Қара ала төбеттің құздан ұшып қолы қол, саны сан болып боршаланған адамның сүйегіне ертіп барғанын, және бір төбеттің сүйекті қаптаған қалың қарға-құзғын, ит-құстан қорып шыркөбелек айланып жүгіріп жүргенін көрген жоқ. Ол адамның үйіндегі екі кісінің біреуі екенін де кейін білген.

Қайтар жолда адасып кетіп, ортада екі күн далаға түнеп үйді зорға тапқан. Келген беті ауылдың мүлдем өзгергенін, жат адамдардың да бар екенін көрді. Үйден шығып келе жатқан өзінің бала досын көргенде қуанып кетіп жепеңдеп жанына жетіп барғаны сол еді, қақбастан қаңқ еткізіп бір тепті. Тұңғыш таяқ жеуі осыдан басталды. Ауыл бұрыңғыдай күлмейді, шаттанбайды. Бұған тамақ беруді де қойды. Екі қара ала төбет болса ауыл сыртындағы томпайған жас топырқтың басынан шықпайтын болды. Сонда ұлиды да отырады.

Бірер күн бойы қос төбет көрінбей жоғалып кеткен еді. Үйдегі жігіт екеуін атпен сүйретіп келе жатқанын бір-ақ көрді. Өздері басынан шықпайтын төмпешіктің қасына әкеліп төбеттерді көмді. Бұл сонадайда қарап отырды шошайып. Көтерсе де, сүйресе де, топырақпен бастырса да қыңқ етпейді. Таңғалды. Күніге келеді, төбеттер жоқ, төмпешік екеу...

Бөгде адамдар тағы да көбейді. Тегіс жылап жүр, азан-қазан. Түкке түсінбеді. Іші пысып айланып келе жатса өзен бойындағы жарлауытта құлақасқа тайдың тура алдындағы төбеттер сияқты қыбырсыз жатқанын көрді. Балада бар шығар деп қуанып кетіп, қасына келіп шәуілдегенімен тай орнынан қозғалмады. Қолқасын бүксіген жат иіс қапты. Салы суға кетіп қайтып келе жатса төмпешіктердің қатары және біреуге молайған екен. Содан тартып мейірбан кемпір де көзге түспеді...

Араға аз күн өткенде бөтен адамдар мүлде көбейіп кетті. Әлде неге әбігер. Топтасып бір нәрсені көтеріп алып ауыл сыртына кетті. Арқаны кеңге салатын арқайын дүниенің күллі көкке ұшқан сынды. Жалғыздық жеңіп бара жатты жабауратып. Тосын мінез көрсеткен адамдар үй ішіндегі дүниемүлікті тыста тұрған арбаға тиеді. Жапырайған жалғыз үйден өзге сынық қурай қалмай әлде қайда бет түзеген. Бұны кішкене досы алдына алып, арбаның бір бұрышына отырған. Жолда үйдегі жігітті іздеп еді, таппады. Шабдар атын әлде біреу жетелеп келе жатыр, жал-құйрығы түгел тұлданған. Енді оларды ешуақытта көре алмайтынына шүбәсыз сенді...

 

7

Ышқынып өткен поезд даусынан оянып кетті. Недәуір тыңайып қалған екен. Бақанақтың да қақсағаны бәсейіпті. Қайтадан ұйықтап үзілген түсін жалғауға құлықсыз. Одан кейінгі күні қараң, өмірі құқай менен қорқынышқа толы.

Арбамен ауылдан алыстаған соң ұзақ жүргенін біледі. Бір жерге келгенде қапқа салынды, әр жерінде ауа кіретін иненің көзіндей ғана тесіктер бар.

Содан не керек, осы қаладан бір-ақ шыққан. Алғашқы бірер жылында тұрмысы әбеқоңыр болса да нашар болмады. Мәрмәрмен безелген зәулім үй қақпасының бір бұрышында мұның да үйшігі бар. Кішкене досы аптасына бір рет ат ізін салып келіп тұрады. Көшелерге жетелеп шығады. Сапырылысқан қалың адам, жүйткіген көліктерді көріп аңырған, бірден бұл тіршілікке жат болып жүрді, көндігіп кете алмады.

Есейген сайын үй иесіне жақпай сиымсыз, сүйкімсіз бола түсті. Қожайын қыржыңдап қарап, қақаң-сұқаңы көбейген. Аштан бұратылып байлауда апталап жатып қалатын күндер де жиі туған. Үніңді шығарсаң пәле, көгала қып сабайды. Қамқоршы бала да зарықтырып көпке дейін көрінбей қалатынды шығарды.

Бірде беймезгіл қақпадан кіріп келе жатқан адамның балтырынан ала түсем деп басына бұлт үйірілді. Гүрілдеп шыққан үй иесі салақұлаш темір сойылмен төбеден оңдырмай ұрған. Көзінің оты жарқ етті. Ары қарай не болғанын білмейді. Есін жинағанда қалың қоқыр-қоқсықтың арасында жатыр екен...

Содан тартып адамнан іргесі ажырап, бірте-бірте мүлдем ардаланып кетті. Жабайы тірлік басталған соң жақсы көретін бала досынан да кешулеспей қол үзген. Бар ұғынғаны қала қаншалық үлкеейген сайын адамның пейілі де соншалық тарылып, ізгіліктің сөнетіні. Жатса-тұрса есінен жапанда қалған жалқы үй менен төмпешіктер кетпейді.

 

                                                             8      

Ішінде итұлыған. Қаужайлайтын бірдеме табу керек. Орнынан тұмсығымен жер сүзіп жатып әрең көтерілді. Басы ауған жаққа қарай шолтаңдап лаққан. Тайырылып тозған табанға күздің ақсирақтанған шөп-шөңгесі батса да ауырсынып қиралаңдайды. Иен даладан көлденең олжа таба қоюы неғайбыл. Енді қайтпек керек?! Қалаға қайта барайын десе бәрі бір сандалбай өмір.

Сары аяғы саусап аядай жылғасымақтан өте бергенде қарайған әлдененің сұлбасын көзі шалған. Кілт тоқтап үрпиісе қарап, адам екенін көргенде есі шығып сасқанынан қаңқылдап қаша жөнелді. Бірақ ешкім қумаған, соңынан айғайға баспаған. Тып-тыныш. Тас лақтырым жерге барып шоңқиып отырды. Төніп тұрған қауіп жоқ. Қайтадан жүрек тоқтатып, баспалап таяу келді. Адам қыбырсыз. Қасына келіп ыңырсып үрді, сонда да ләм демейді. Үргені адамның күлгеніне ұқсап кеткен бе қалай?! Ит болып үрмегелі не заман. Адамға таяу келсе екбетінен жатыр екен, иығынан тістеп аунатқанда аппақ жүзіне қолаң шашы төгілген. Сонда да көзін ашпады.

Есіне құлақасқа тай менен төбеттердің де дәл осылай мызғымастан жатқан бейнесі келді. Енді бұл оянбайды, қорқатын дәнеңе жоқ. Ендігі қожаң мен деген менмендік сезім буынын алған. 

Адам етіне тояттанғысы келген тосын ой қызыл иегін қышытып, таңдайын суырып бара жатты...

Мақала авторы:

Сайт Әкімшілігі

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.