Қазақстан Әзербайжанға астық экспортын арттырды

Асмира Ермекқызы - 27.10.2019505

Соңғы жылдары көп көңіл бөлініп келе жатқан ауыл шаруашылығын дамыту бағытында бірқатар жетістіктер мен жақсы көрсеткіштердің бар екені рас. Қай сала бойынша алып қарасаңыз да өсу бар, пайыздық көрсеткіш бойынша бірнеше есе көп өнім алып жатқанымызды айтамыз. Дегенмен, басты нәрсе бұл ғана емес. Алған өнімнің одан арғы тағдыры не болады? Өнімнің тауарға айналатыны түсінікті. Тауарға айналудың да өзіндік қиындықтары бар. Мәселен, кез келген ауыл шаруашылығы саласының өкілі, яғни, дихан болсын, малшы болсын, кез келген шаруашылық иесі өзінің өнімін жақсы бағаға сатсам дейді. Міне, мемлекеттің қолдауы тек өнім өндіру үшін ғана емес, осындай кезде де маңызды. Өйткені, өнімді сату жолға қойылса, арада бағаны мың құбылтатын делдалдар жүрмесе, өз тауарыңды тұтынушыға өз көңіліңдегі бағамен сата алсаң, шаруалар үшін бұдан артықтың керегі де жоқ. Жалпы, ең жолы болған өнім, ол, әрине, экспортқа шыққан өнім деуге болады. Өйткені, онда халықаралық бекітілген, келісімді баға бар, қойылатын талаптар бар. Өнімнің сапасы жақсы болса көлденең қиындықтар туа қоймайды.

Қазақстанның ауыл шаруашылығындағы жетекші саласы – астық шаруашылығы екені дау туғызбайды. Қазақстанның астығы кезінде әлемдік рекордтарды жаңартумен ғана емес, өзінің сапасымен де көпке танылған. Осы жағынан алғанда, оған деген сұраныс та жоқ емес. Десе де, бір кездері экспортқа шығарылуға тиіс біраз астық қардың астында қалып, шаруалардың көктем мен жаз, күздегі еңбектері еш болғаны мәлім. Сол оқиғадан кейін-ақ мемлекет тарапы тек егін егуге ғана емес, оны өз уақытында сатуға да ықпал ете бастады. Осы тарапта бірнеше мемлекетпен сауда қарым-қатынасы орнап, біраз келісім-сөздер жүргізілген. Соның бірі – Әзербайжан мемлекеті. Қазақстанның астығының басым бөлігі бұл елге барады деп айтуға болмайды. Дегенмен, соңғы кездері дәл осы астық алмасу бойынша бұл ел Қазақстанның басты әріптестерінің біріне айналып келеді. Мәселен, биылғы көрсеткіш бойынша Әзербайжанның сырттан кіргізген, яғни, импорттаған бүкіл астығының төрттен бірі Қазақстаннан алыныпты. Бұл көрсеткіштің өзі-ақ біраз жағдайдан хабап беретіні анық. 10 миллионға жуық халқы бар мемлекеттің сырттан алатын астығының төрттен бірін ұсыну – кез келген ел үшін аз жетістік емес. Осы жағынан алғанда екі ел арасындағы тауар алмасу көрсеткішін жоғары бағалауға болады.

Биыл да Қазақстан Әзербайжанға астық экспорттау көлемін ұлғайта түсті. Жоғарыда айтқан төрттен бір деген көрсеткіш 9 айдың қорытындысы. Бұл көрсеткіш жыл соңына дейін әлі де өзгеретіні анық. Өйткені, Қазақстанда күзгі астықты жиып-теру енді аяқталғаны белгілі, демек, астықтың негізгі партиясы да сыртқы елдерге енді жол тарта бастайды. Қос ел тарапы бұл саладағы байланысты бұдан ары да дамытып, тауар айналымын әлі де арттыра түсетінін айтуда. Соңғы жылдардағы нәтижелі келісімдердің арқасында Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы тауар айналымы 55 пайызға өскен. Мұндай көрсеткішті өскен дегеннен гөрі, секірген деп айтуға да болатын шығар. Ал, биылғы өзара сауда айналымы 183 миллион доллардан асып жығылған. Бұл қаржының ішінде Қазақстандық экспорт көлемі 22 пайызға артыпты. Бұл өсімдердің төрттен бірі бидай өнімдеріне тиесілі. Міне, Қазақстанның Әзербайжанның бидай өнімін импорттаудағы басты әріптесі екенін осыдан-ақ аңғаруға болады.

Әзербайжан ауылшаруашылығы саласы өкілдері биыл сатып алған астық көлемі үшін Қазақстанға 60 миллион долларға жуық ақша төлегенін мәлімдеді. Олар Қазақстанды Әзербайжанның ауылшаруашығы саласындағы басты әріптестерінің бірі екенін айтады.

- Қазақстан – Әзербайжанның ауылшаруашылығы саласындағы басты серіктестерінің бірі. Қос елдің арасындағы тауар айналымының негізгі бөлігін бидай өнімдері – астық құрайды. Нақты атап тоқталатын болсақ, 2019 жылдың өткен тоғыз айында Қазақстаннан Азербайжанға 265 мың тонна бидай өнімдері тасымалданды. Міне, бұл көрсеткіш өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 30 процентке артық. Айталық, былтыр біздің елдің ішіне Қазақстаннан 204 мың тонна бидай жеткізілген болатын.  Биыл Әзербайжан елі Қазақстаннан 58,5 миллион долларға бидай сатып алды, - Әзербайжан Республикасы ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі Саадат Гаджиева.

Оның айтуынша екі ел арасындағы сауда айналымы тек ауыл шаруашылығы өнімдерімен ғана шектеліп қалмайды. Оның ішінде жеңіл өнеркәсіп тауарлары мен мұнай мен газ жабдықтарының да өзіндік үлесі бар. Арасын қарт Каспий бөліп жатқан екі ел арасындағы сауда айналымын бұдан ары қарыштата дамытуға мүмкіндік көп. Өйткені, Каспийді таласа емген екі ел осы алып көл арқылы да бір біріне тауар жеткізе алады. Ал, әлемде кемемен жүк тасымалдаудың ең тиімді әрі көлемді транспорт болып саналатыны белгілі. Сол себепті, екі ел арасындағы өзара байланыс үрдісі арта түссе, тауар айналымы одан ары жандана бермек.

Әзербайжан мен Қазақстан экономистері екі ел арасындағы жалпы сауда айналымы алдағы уақытта 1 миллиард доллардан асып жығылуы мүмкін екенін айтады. Өйткені, бір жылда 55 пайыз өсу көрсеткіші соның дәлелі. Олардың пікірінше екі тараптың негізгі сауда айналымы ауыл-шаруашылығы өнімдері, азық-түлік бойынша жасалады. Оған қосымша, құрылыс пен туризм де басты бағыттардың бірі болмақ. Осы мақсатта екі ел аумағында бірлескен жобалар мен ірі сауда үйлері ашылмақ.

Айт кету керек, астық пен бидай өнімдерін, әсіресе ұнды тұтынудағы Әзербайжан нарығындағы Қазақстанның бәсекелесі – Ресей Федерациясы. Әрине, Ресей бидайы мен ұнының әлемдік нарықтағы көшбасшы елдердің бірі екені даусыз. Оның үстіне Ресейден астық тасымалдаудың Әзербайжан елі үшін де тиімді тұстары көп. Одан бөлек, соңғы жылдары әзербайжандар бидай өнімдеріне қатысты импортты азайтып, өз өнімдерін тұтынуға күш салып жатыр. Бидай алқаптарын кеңейтіп, астық шаруашылығын дамытып, астық сақтау қоймаларын көптеп салуда. Соның бәріне қарамастан тоғыз ай ішінде былтырғы көрсеткіштен 30 пайызға артық астық экспорттау – зор жетістік. Дегенмен, үкіметте соңғы жылдары шикізатты ғана емес, Қазақстанда дайындалған өнімдерді сыртқа саудалау мәселесі көтеріліп келеді. Бұл бағытта да Әзербайжан Қазақстанның «Бәйтерек» брендті ұнын тұтынып келген. Былтыр Қазақстанның ұны Әзербайжан нарығындағы ұнның 3-4 пайыздық көрсеткішін құрады. Бірақ, бұл мақтанарлық көрсеткіш емес, өйткені, 2014 жылдан бастап ұн экспорты азая бастаған. Оған дейін Қазақстан Әзербайжанға 500 мың тоннадан 1,1 тоннаға дейін ұн сатып келген. Содан кейін барып, Ресейдің тасымалдау жағының оңай екенін ескеріп, көрші ел кәсіпкерлері негізгі тұтынатын ұнды Ресейден ала бастаған. Қазір екі ел – Қазақстан мен Әзербайжан арасында бұл мәселені де реттеудің жолдары қарастырылып жатыр. Дегенмен, Қазақстан бидайын тұтынушы ел ретінде Әзербайжан біздің шаруалардың өніміне сұранысты күшейте түседі. Өнімге сұраныс күшейген сайын егістік алқаптары да кеңейе түсетіні даусыз. Бұл да мемлекеттің ішкі өнімдерді тиімді пайдалану тұрғысында, ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау саласындағы тиімді келіссөздерінің және ұстанып отырған саясатының арқасы деп бағалауға болады.


Мақала авторы:

Асмира Ермекқызы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.