Ақтөбе көшеге жарымай тұр

Жанар Қожанова - 01.11.2019811

Еліміздің төртінші мегаполисі атануға үмітті Ақтөбе көшелерінің жартысына жуығына асфальт төселмеген. Бюджетте жол салуға ақшасы жоқ билік бұл мәселені  инвесторлардың көмегімен шешпекші екен. Жергілікті шенеуніктер алдағы үш жылда Ақтөбенің көшелерінің  жүз пайызы жасалады дейді. Қазір құны 12 миллиард теңге болатын қырық жоба дайындап та қойыпты.

«Қаламыздың ортасындағы Түрксіб деп аталатын көшеге өмірі асфальт төселмеген. Су ылғи жиналады. Күз бен көктемде адам түгілі көліктердің жүруі қиын», - дейді қала тұрғыны Ерназар ҚОНАҚБАЕВ.

Тұрғындар жол салып беруді өтініп, әкімдікке үнемі  арызданатындарын айтады. Шенділер тек  құрғақ уәдемен ғана шығарып салады екен.

«Балаларымыз батпақтап жүреді. Машиналар да келмейді. Біздің өтінеріміз – жол. 35 жылдан бері осылай. Отырмыз, қайтеміз енді? Еш жерден жәрдем жоқ», - дейді қаланың тағы бір тұрғыны  Фариза ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА.

Жұрт іскер әкім деп мақтайтын Бердібек САПАРБАЕВ Ақтөбе огблысын төрт жыл басқарған тұста да бұл проблема шешілген жоқ. Енді Ондасын ОРАЗАЛИН бастаған шенеуніктер құны 12 млрд теңге болатын жобалар арқылы көшелерді жөндемек.

«Осы қаланың көшелерін үш жылдың ішінде толық жүз пайыз бітіруге талаптанып жатырмыз. Бірақ барлығы айналып келгенде қаржыға тіреледі. «Жомарттың қолын жоқтық байлайды».  Бәрі қаражатқа тірелетінін  білесіздер. Біздің жоспар сырттан инсвестор тарту. Олар өз қаражаттарына жасап береді. Біз ГЧП приципі бойынша 5-7 жылда есептесетін жағдай жасауымыз керек», -  деді Ақтөбе қаласының әкімі Мавр АБДУЛЛИН.

 Жергілікті биліктің мәліметінше, Ақтөбе қаласы аумағындағы жолдардың ұзындығы 651 шақырым. Оның жартысына жуығында ғана асфальт –бетон жамылғысы бар. Биыл 4 миллард 200 миллион теңгеге 33 шақырым жол жөнделген.

Фото автордікі.

Мақала авторы:

Жанар Қожанова

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.