Бердібек мырза, 6 миллиард қайда?

Жанар Қожанова - 02.11.20195157

Бүгін Ақтөбеге премьер-министрдің орынбасары Бердібек САПАРБАЕВ, Білім және ғылым министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан НҰРЫМБЕТОВ келді.

Бердібек МӘШБЕКҰЛЫНЫҢ бүгінгі күнгі графикасы өте тығыз болды. Бес бірдей кездесу. Төрт жыл Ақтөбе облысын басқарған шенеунік қоғам белсенділері, педгоктар, медицина саласының қызметкрелері, жастар және ірі кәсіпорын басшыларымен кездесті. Сегіз ай бұрын астанаға ауысқан Сапарбаев мырза өз атқарған шаруасын тексеруге келдіме дерсіз.

Оқи отырыңыздар: Ақтөбеде Сапарбаевтың соңынан аялдамалары да кетіп жатыр

Шығармашылық Академиясында өткен жиында ақтөбеліктер Бердібек Сапарбаевтан 8 өзеннің арнасын тазартуға бөлінген 6 миллиард 700 миллион ақшаның қайда кеткенін сұрады.

Шенеуніктер 2017 жылғы су тасқынынан соң Ақтөбедегі сегіз өзеннің арнасын кеңейтіп, табанын қоқыстан тазалауды қолға алған. Бердібек Сапарбаев бастаған, Ілияс ИСПАНОВ қостаған әкімдер төрт мердігер компанияға осы жұмысты тапсырған. Ол жұмыстарға "Жол картасы" бойынша 6,7 миллиард теңге бөлінген еді.

Табиғат жанашырлары мен еріктілер өзен арнасын тазартуға бақытталған жоба Ақтөбе экологиясына үлкен зардап әкелді деп, талай қарсылық акциясын өткізді. Өйткені осы жұмыстардан кейін өзен арналары тартылып, жасыл желектер аяусыз оталды. Дәлірек айтқанда құны 6 миллион болатын ағаштар кесілді. Сонда, «6,7 млрд теңге сол үшін бөлінді ме?» деген сұрақ та туындады.

Бүгін премьер-министр орынбасарының кездесуіне шақыртусыз келген Петр МУРАШКЕВИЧ экс-әкімнен қазір дауға айналған жобадағы кемшіліктер мен бөлінген ақшаның қайда кеткенін сұрады.

«Ақтөбедегі сегіз өзеннің арнасын тазарту жұмыстары 2017 жылы болған су тасқынынан кейін басталғанын білемін. Алайда біздің көкейдегі сұрақ осы жобаның қаншалықты керегі болды? Жобада өзеннің түбі тазартылсын деп көрсетілген. Ал Қазір судың түбі емес арнасы кеңейтіліп жатыр. Дәл қазір екі өзен Бұтақ пен Жіңішке өзендерінен басқасы тоқтатылып тұр. Қазір қайта жасалсын деген жобадан да осы уақытқа дейін жұмсалған ақшадан да хабар жоқ. Жауаптылардан сұрасақ ешкім ештеңе айтпайды. Бұған кім жауапты?», - деді «Ақтөбе Дыши» еріктілер тобының мүшесі Петр Мурашкевич.

Өзі бастап кеткен жобасын қашанда қолдайтын Бердібек Сапарбаев бұл жолы да өзендердің арнасын тазарту су тасқынын қайталамас үшін жасалған дүние деп ескі сөзін қайталаумен болды.  

«Бұл министрліктен мақұлданған жоба. Екі этапта конкурс өткізілді. Біріншісі сметалық жобасын дайындау. Екіншісі жұмысты атқаратын мердігер компаниялар арасында жүргізілді. Білемін, жоба қазір тоқтап тұр. Еліміздің бас прокуратурасы тексеріп жатыр. Шешімі әлі шыққан жоқ. Жауапты Ақтөбе қаласының әкімдігі», - деді Бердібек Сапарбаев.

Иә, жауапты Ақтөбе қаласы әкімдігі. Оның жаңа басшысы Оңдасын ОРАЗАЛИНДЕЙ елордадан келген жоқ. Қазіргі қала әкімі Мавр АБДУЛЛИН дәл Сапарбаев мырзаның бірінші орынбасары болған-ды. Сондықтан да Мурашкевия сұрап отырған 6,7 млрд қаражаттың жайын Абдуллинде білуі тиіс.

Естеріңізде болса уақытша тоқтатылған алты миллиардтық жобаны Ақтөбенің прокурорлары тексеріп, сметалық жобасынан бастап бірнеше қылмыстың бетін ашқан еді. Өзен арналарын тазартумен айналысқан төрт мердігер компанияның үстінен де қылмыстық іс қозғалды.

Оқи отырыңыздар: Мавр Абдуллинге ағаштарды санап шығу үшін 50 миллион керек

Айтпақшы, Бердібек Сапарбаевқа жергілікті экологтардың басқа да сұрақтары бар. Ақтөбені көгалдандырамын деп 90 миллион теңгеге 1 миллион түп көшет отырғызған еді. Бірақ олар қурап қалды. Сол көшеттерге су құймаған кім екен...

Фото: ianews.kz

Мақала авторы:

Жанар Қожанова

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.