"Келесі президент сайлауында әйел жеңеді"

Елнұр Бақытқызы - 04.11.20191422

Қарашаның 3-і күні АҚШ-тағы Техас штатының астанасы Остин қаласына президенттікке бұрынғы үміткер Хилари КЛИНТОН мен оның қызы Челси КЛИНТОН келді. Клинтондар өздері бірігіп жазған “The Book of Gutsy Women: Favorite Stories of Courage and Resilience” (Ержүрек Әйелдердің кітабы: Батылдық пен табандылық туралы сүйікті әңгімелер) атты кітабын көпшілікке таныстырды. Ривербенд орталығында өткен Клинтондармен кездесуге 20 мыңдай адам қатысты.

АҚШ-та әдетте белгілі саясаткерлер қатысатын жиынға халықты бір сағат бұрын кіргізе бастайды. Қала сыртында өтетін жиынға екі сағат бұрын шығып, ғимаратқа жақындай бергеніміз сол еді, үлкен жолдың жиегінде "Трамп 2020", "Келесі сайлауда Трамп жеңеді" деген жазуы бар плакаттарды ұстап,Трамптың аты жазылған футболка киген ондаған адам наразылық шарасын өткізіп тұрды. Жол жиегіне шығып кеткен наразылар Клинтондармен кездесуге келе жатқан жұртқа плакаттарын көрсетіп, "Клинтон түрмеде отыруы тиіс қылмыскер" деп айғайлап жатты.

 Кітаптың тұсаукесері өтетін жерге бір жарым сағат бұрын жетсек те, мыңдаған адам қаз-қатарынан ұзын-сонар кезекке тізіліп үлгеріпті. Кезектің соңын іздеп жүргенімізде, қолына дауыс зорайтқыш пен плакаттар ұстаған тағы бір топ адам Ривербенд орталығының артындағы алаңқайға келіп, Хилариге қарсы наразылық шарасын өткізе бастады. Бір кезде велосипед мінген наразылардың біреуі "Көздеріңді ашыңдар, құрсаудан шығар кез келді" деп ұзын кезекте тұрған жұрттың мазасын ала бастады.  Кітаптың тұсаукесеріне келген Хиларидің  кейбір жақтастары наразыларға қарата "ауыздарыңды жабыңдар!" деп айғайлап жатты.

Техас штаты негізінен Республикашыл партияның жақтастары, президент сайлауында Трамп бұл штатта 52 пайыз дауыс жинап, жеңіске жеткен. Соған қарамастан Клинтондармен кездесу өткен залда ине шаншыр орын болмады.

Клинтондармен кездесу жиынын белгілі белсенді, "Америкадағы отбасын жоспарлау" федерациясының бұрынғы президенті Сесиль РИЧАРДС жүргізді. Ортаға шыққан Хилари мен Челси Клинтондарды зал тік тұрып қошеметпен қарсы алды.

Хилари және Челси Клинтон әуелі бұл кітап саясат, ғылым, спорт, қоғамдық өмірде өз орнын тауып, өзінің және өзгенің құқықтары үшін күресіп, жетістіктерге жеткен әйелдер жайлы жазылғанын баяндады.

"Іссапармен әртүрлі аймақтарды аралап жүргенде, менімен кездескен адамдар "сізді кім рухтандырады? Кімді үлгі етесіз? Пір тұтатын адамыңыз бар ма?" деп сұрайтын. Сөйтіп, Челсимен бірге сондай әйелдер туралы кітап жазамыз деген ойға келдік. Алдымен бізді рухтандыратын жүздеген әйел адамның тізімін жасадық. Сөйтіп, 200 шақты әйел туралы эссе жазып шықтық. Кітапқа жасы келген, орта жастағы әйелдер ғана емес, Малала Юсупзай сияқты жас қыздар жайлы эсселерді қостық", – деді Х.КЛИНТОН.

Челси Клинтон әзіл-шынын араластырып, анасымен кітап жазғанда қандай қиындықтарға тап болғанын тізді. "Мамам әлі күнге дейін қолмен жазады. Кітаптың соңғы нұсқасын жазып біткен соң, бірігіп өңдеу керек болды. Анам ортақ құжатты редакциялай алатын шығар деп ойладым. Сөйтсем, әр бетті қағазға басып шығарып, үстінен түзеп, онысын фотоға түсіріп, "осы жерін түзе" деп өзіме жібереді", – деді Ч.КЛИНТОН.

Бұған зал ду күлді. Еш саспаған Х.Клинтон: "Мен ғана емес, Барак Обама да қолмен жазады" деп салды.

Хилариге қарсылар ғимараттың сыртында ғана емес, ішінде де жүрді. Тіпті залға кіру үшін 50 долларын аямай билет сатып алыпты. Жиынның бел ортасында Хилариге наразылардың бірі сахнаға жақындап, айқайлай бастады. Бірақ залға жиналған мыңдаған адам орындарынан тік тұрып, Клинтонға қолдау көрсетті. Қауіпсіздік қызметі тәртіп бұзған адамды бірден сыртқа шығарып жіберді.

Бір сағатқа созылған жиында Клинтондар кітапқа енген әйелдердің еңбектеріне жеке-жеке тоқталып, оқырмандарының сұрақтарына жауап берді.

Кездесуді қорытындылаған Х.Клинтон келесі сайлауда Демократтар жеңіске жететінін астарлап меңзеді. "Алдағы 365 күн біз үшін маңызды болмақ. Сондықтан әркім қолынан келгенін жасауы керек. Ел үшін қатты алаңдаймын. Мемлекетке күнде жасалып жатқан залал үшін уайымдаймын. Мұны реттеп, қалпына келтірудің жалғыз жолы – сайлауда жеңу. Демократтардың қазір импичмент жариялау үшін зерттеу жүргізуден басқа амалы жоқ. Солай болған күннің өзінде бұл Республикашылдар мен Демкораттардың айқасы болатыны түсінікті. Әрі бұл жерде мемлекеттен партиясын жоғары қоятын Республикашылдар импичментті қолдамайтыны белгілі. Сондықтан сіздердің қолдауларыңыз керек, шындықты қолдаңыздар. Келесі сайлауда әйел жеңеді", – деді ол.

 

Остин қаласы, Техас штаты, АҚШ



Мақала авторы:

Елнұр Бақытқызы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.