Асылан Қуанышұлы. Қалалық жапырақ

Сайт Әкімшілігі - 04.11.2019737

Содан соң жел екпініне шыдамаған жас жапырақ сабағынан үзілді. Әуелі көп қабатты үйдің маңдайына дейін көтеріліп, көкжиекке иек сүйеген күнді көрді. Кейін өзі өскен қайыңға, қайың түбінен өтіп бара жатқан кішкентай адамдарға назар салды. Кішкентай адамдар аяқтарының астындағы жолдың қай жаққа алып бара жатқанын өте жақсы біледі. Білгендіктен көңілсіз. Ал бұл жолдан қия басып, межесіне төте жолмен жетуге асықса, қолдан төселген газонды басқаны үшін айыппұл төлейтіні және бар.

Кенет жаңбыр жауа бастады. Ұсақ тамшылардың салмағымен төмен қарай баяу сырғыды. Оң бүйірінен үрлеген жел жас жапырақты көп қабатты үйдің көлденең қабырғасындағы жарығы ең әлсіз беймәлім терезенің алдына құлатты.                                                                  Жапырақ терезенің ішкі бетіндегі қырлы күлсалғышқа көз тастады. Әлдекім жартылай ғана шегілген, тұмсығына далап жұғып қалған темекіні жаншылай сөндіріпті. Ал күлсалғыштың қырына сүйей салған екінші темекіні ауа шегіп бітіргенін байқау қиын емес. Күлсалғыштың жанында  «Casio» маркалы сағат. Сағат 19:03-ті көрсетіп тұр. Бөлме ішін әйел әтірінің жеңіл жұпары мен Ray Charles-дің әуендері кезіп жүр. Есіктің ернеулерінде, бөлменің бұрыш-бұрышында, қабырғадағы дөңгелек айна бетінде, айна ілінген қабырғаға қарама-қарсы қойылған төсек орнында да – әйел әтірінің жеңіл жұпары, Ray Charlesдің әуендері. Төсек жабдықтары кептелісте қалған бейбақ жүргізушінің аузынан төгілген әбес сөздердей шашылып жатыр. Әне, анау төсек пен айна арасындағы кішкентай ғана қуыста ер адамның джинсы шалбары мен пиджагы бір-бірінің үстіне жеңіл лақтырылғанын аңдатады. Одан сәл әріде жиектері батыстық үлгіде безендірілген қоңырқай шифоньер. Шифоньердің алдындағы отырғышта – қою көк түсті, тілшесі жарықпен шағылысатын ескі күйтабақ.                            Джаздың кербез әуеніне қосыла есіктің сыңсыған дауысы естілді. Бір бөлмелі үйге сызыла кірген ол қара топылайын баппен шешті де, судың сарылы бәсең естілетін оң жақтағы қаз-қатар тұрған екі есіктен ақырын өтіп, тамақ ішетін жиналмалы үстелдің үстіндегі қызыл шараптан өзіне сыздықтата құйып алды. Күртешесін шешпестен саптыаяқтының ішіндегісін қылғытты.

Жуынатын бөлмеден жартылай жалаңаш орта жастағы еркек шықты.  – Байғұс қызды бүгін әбден діңкелеткенге ұқсайсың...        

– Амал не! – деді жігіт, әйелінің секпілді бетінен сүйіп жатып. 
– Оны қашанғы алдамақсың?      
– Аз қалды, жаным. Несиенің кішкене бөлігі жабылсын, сосын өз жөнімен жіберемін.                                                                              Әйел жымиғанда, не жылағанда сүйкімді ойықша пайда бола қалатын бетінің оң жағын байқатпай сүртті де, қоңырқай шифоньердің алдындағы күйтабақтың тілшесін көтеріп, музыканы сөндірді. Бөлме ішін кезген Ray Charles-дің дауысы сап тиылды.

– Соны тездетсең етті. Әйтпесе, дала суып барады. 

Ол жеңіл күртешесін шешіп, төсектің үстіне тастады.

– Тезірек жұмыс тапсаң, маған да жақын арада жұмыс табыла қойса жақсы еді. Әйтпесе, өзің білесің ғой, жалғыз телефонды ломбардқа қоюға тура келеді.
– Иә, қожайынның ақшасын беретін уақыт та таяп қалды...     
Күйеуі төсекке отырды да, төменге үңіліп:
– Шыға ғой, балам, – деді.  
Диванның астынан көзі мөлдіреп Сатыбалды шықты.     
– Бұған әрі қарай төзе алмаймын, – деді әйел. – Ол көтеріп қойса қайтпекпіз?
– Уайымдамашы, жаным. Сақтықпен жасап жүрмін ғой.
– Сонда да... Сатыбалдыдан ұяламын деп-ақ өлетін болдым.
– Мені ұялмайды дейсің бе? Әлде сенімен бірге далаға шығып кетіп, балаң ауырып өлсін дейсің бе?
– Қымбат сағат, Iphone-6s алғызғанша, Сатыбалдыға сабақ жазатын дәптер алсаңшы.
– Онда тағы үшем ту.
– Жоқ, кетемін мен, – әйел диванның бас жағындағы бүк түскен суретке телміріп: – Сатыбалдының құлағы естімейтіні қандай жақсы!
– Бұл да құдайдың сыйы шығар, – деді күйеуі.                  
– Саған жағымсыздау жаңалық айтайын. Мен тағы да бір кереңге жүкті сияқтымын. Аулада өзіммен-өзім басым айналып, жүрегім айныды.
–  Суық тиіп қалған болар...
– Солай болсыншы.
Әйел шашы өсіп кеткен баласының басынан сипады. Маңдайынан сүйді. 
–  Мүмкін баланың атын Сатыбалды қойғандықтан ғана осылай болып жатқан шығар бәрі. Адамның аты тағдырын шешеді дейді ғой.  
– Өз атыңды есіңе түсірші әуелі, – күйеуі миығын керді. 
– Маған салса атымды Ақшагүл деп, сенің де атыңды Құдайберген емес, Байболсын деп қояр едім.
– Қалай берсе де, Құдай беріп жатыр ғой, әйтеуір.
– Сонда «Құдай» деп отырғаның әлгі сары қатын ба? Мәссаған, Құдайың неткен ашық ауыз еді!  
Күйеуі терезенің алдындағы күлсалғыштан тұмсығына далап жұғып қалған, жартылай шегілген темекіні алып, терезені ашты.
– Ол, тіпті, маған темекі қалдырып кетуді де ұмытпады. 
Сатыбалды ауыр қозғалып, диванның бас жағындағы бүк түскен суретті алды да, аялай сипады. Әйел Сатыбалдының қолындағы суретке мұңая қарады. 
– Шыныңды айтшы, жаным, оның мүшелеріне қолың тиген кезде мені есіңе аласың ба?   
– Қалай айтсам екен...
– Бәрібір ол төсекте менен әдемі шығар? – Ол айнаға қарады. Енді байқады көзінің астында әжім пайда болыпты.
– Рұқсат берген өзіңсің! – деді шылымын құшырлана сорып жатып.
– Мен келісім берсем де, бермесем де – ол әкесіне айтса үй тұрмақ өзімізді өртеп кетеді ғой.
– Сен келіспесең, мен оған жақындамас та едім, – Күйеуі темекіні терезеден лақтырып жіберді. – Қазір бәрі кеш...
– Мүмкін мен әкесінің басын айналдырып көрермін? Егер бір-екі күндік ашынасы болсам, түсімізге кірмеген бақытты өмір кешетініміз анық қой. 
– Оның жасы сексенге келді, айналайын-ау! Қанша түрлі лақап естісең де, ол қазір алжыды. Саған қарауға денсаулығы шыдамайды.
– Қызық, ол туралы өсек те көп айтылмайтын болыпты. Өліп қалмады ма екен?
– Өле берсін. Сол өлсе қожайынның қабағы жазылатын еді. Қанша дегенмен біздің қожайынды біраз қақсатқан адам ғой.
– Қызы бізді қақсатып кетпесін тек.       
Екеуі де үнсіз қалды.  
– Мұндай қорқынышпен өмір сүру сондай ауыр, Құдайберген! Үйден кеткенім дұрыс шығар...
– Онда мен міндетті түрде оған үйленіп аламын.
– Қайсы, көзі жүз теңгелікке ұқсайтын Құдайыңа ма? – әйел мырс етті. –Бастысы Сатыбалды далада қалмаса екен.
– Керісінше, оны Лондонға апарып емдеп әкелеміз.
– Бұған да төзе алмаймын. Басқа бір амалын табайықшы?      
– Мүмкін Еуропаға босқын болып барармыз?          
– Атаңның басын армандама! Сосын сенің анау сары қатыныңның әкесі бізді жайымызға қояр деген!       
– Түсінбедім, сен өзің неден қорқатыныңды білмейтін секілдісің. Ойланшы, сенің қорқынышың –тұрмыстың тауқыметі ме, Сатыбалдының болашағы ма, әлде сары қатынның әкесінің кегі ме – қайсысынан қатты қорқасың?   
– Шын айтамын, білмеймін!                                    
– Білмесең, мен саған жағымсыз жаңалық айтайын. Сатыбалдының құлағының мүкісі жазылып келеді. Ол бізді еміс-еміс естиді.
– Таңғалмаймын!

Осылай деді де, «Ақшагүл» «Байболсынның» құлағына әлдене деп сыбырлады. «Байболсын» орнынан тұрып, төсекке қарама-қарсы қабырғада ілулі тұрған айнаға қарай жақындады. «Ақшагүл» ымдап Сатыбалдыны өзіне шақырды. Көзінің мөлдірі кекке алмасқан орта бойлы бала анасының жанына жұлқына жетті. «Ақшагүл» баласына қарай сәл еңкейді де: – Мен нан алуға дүкенге кеттім. Ал, сен сабағыңды жақсы оқы! – деп, қолынан отбасылық суретті алып,  қара топылайын асығыс киіп, есікті сыңсыта ашты. Сыңсыта сыртынан жапты.

Сатыбалды жиектері батысша безендірілген қоңырқай шифоньердің алдындағы отырғышқа қарай сүйретіле барды. Күйтабақтың тілшесін түсіріп, Ray Charles-дің «For mama, La Mamma» әнін қосып қойды.

«Casіo» сағаты 21:03-ті көрсетіп тұр. Құдайберген терезені жапты. Терезенің лебіне шыдамаған жас жапырақ ұшып, төмен қарай сырғыды. Құлдилап бара жатыр. Жанарына тамып кеткен ұсақ тамшыдан байқады, жаңбыр әлі толастамапты. «Дауыл тұрмаса екен, - деп тіледі жапырақ, - қаланың шетін көргім келмейді. Мүмкін аула сыпырушы бұрышқа сыпырып тастаса, тым болмаса бір бақытты адам кездесіп қалар...»

Жерге екі елі қалғанда көзі жүз теңгелікке ұқсайтын сары келіншек аппақ топылайымен жас жапырақты басып кетті. Қалалық жапырақ өзінің жаншылып бара жатқанын емес, тағдыр арқалап бара жатқанын ойлады.

Мақала авторы:

Сайт Әкімшілігі

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.