Семейде «ағаш Мәншүк» алынып тасталды

Сәтжан Қасымжанұлы - 04.11.2019936

Семейдегі «Жеңіс саябағы» аллеясының төрінде сомдала бастаған Совет одағының батыры, даңқты Мәншүк Мәметованың ағаштан жасалған мүсіні жұрттың наразылығына түрткі болды.

Бұл «туындының» авторлары ерлі-зайыпты Иван, Юлия Куртуновалар кезекті еңбектерінің көпшілік ойынан шықпағаны үшін қынжылмайтын сыңайлы. Бірақ, олар үшін әкімдік ақталып әлек. 

«Қазір олардың сәтсіз жасалған жұмыстары Жеңіс скверінен алынып тасталды. Осыдан біраз уақыт бұрын қаламыздағы Абай ескерткішінің алдында олар ағаштан ойып домбыраның, қобыздың, тағы да басқа ұлттық музыка аспаптарының көрінісін ағаштан сәтті жасап шыққан болатын. Сол кезде әкімдік тарапынан Жеңістің 75 жылдығына орай қандай да бір қаһарман бейнесін орнату керектігі айтылды. Бірақ, бұған бюджеттен қаражат бөлінген жоқ. Жұмыстары да аяқталып бітпегеніне қарамастан, тоқтатылды»,- деп Семей қалалық Ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Есенжолов «Жас алаш» тілшісіне түсініктеме берді .

Семей қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Роллан КЕМЕРБАЕВТАН «Семейде жергілікті мүсінші-шеберлерге жасатуға сұраныс болмады ма? Олардың мұндай істі қалай жасап жатқанына осы уақытқа дейін неге назар аударылмады?» деген нақты сұрағымызға «Туынды сәтсіз шықты» дегеннен өзге жауап ала алмадық.

Фото: arasha.kz



 


Мақала авторы:

Сәтжан Қасымжанұлы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.