«Древний Рим» ісі: Баламды өлтіргендер жазаланған жоқ

Арай Сатыбалдықызы - 04.11.20192124

Бүгін Қарағанды қаласында «Древний Рим» оқиғасына қатысты сот үкімі шықты.Жаңа жыл түні болған қанды оқиға қоғамдық резонанс тудырып, жүздеген адам көшеге шыққан еді. Қарағандыдағы «Жас Алаш» тілшісінің хабарлауынша, 13 айыпталушы бұзақылық және кісі өлтіру бабы бойынша әртүрлі жазаға тартылды.

Негізінен сот материалдары бойынша марқұм болған Рақымжан ЖАНСЕЙІТТІ 5 адам жабылып ұрған. Соның ішінде марқұмды пышақтаған  айыпталушы Юсиф НУРУЛУ 19 жылға бас бостандығынан айрылды. Ал қалған төрт айыпталушы Т Степанян, А Оганнисян, Б.Жумамуратов ,И Щурок  3 жылға сотталды.

Бұзақылық әрекетке барып төбелесті деп айыпталған  алты күдіктінің 4 жыл 6 ай мерзіміне бостандықтары шектелді. Бұған дейін қамауда болған олар сот залынан бостандыққа шықты.

Сонымен қатар соттың шешімімен  суық қару қолданбаған әрі зардап шеккендерге тікелей зиянын тигізбегені айғақталған күдіктілер Сохак Малхасян мен Армена Хачатрян қылмыстық жауапкершілікке тартылудан босатылды. Осы уақытқа дейін кепілге мүлік қою арқылы бостандықта жүрген Илья Щурок бүгінгі сот отырысына келмей, басқа қалаға кетіп қалған. Оны үш жылға соттаған судья рұқсатсыз қаладан кетіп қалғаны үшін жеке хаттама толтыратынын ескертті.

Сот үкімі кезінде 19 жылға сотталған Юсиф Нурулуның анасы есінен танып қалды. Соттан кейін есін жинаған Сара Мухтарова сот үкімімен келіспейтіндігін жеткізді.


«Менің баламның кісі өліміне тікелей қатысының жоқ екені анық, оған басқа біреудің  айыбын жауып отыр. Мен барлық түркі елдеріне шағымданып араша сұрайтын боламын»,- деді айыпталушы Юсиф Нурулуның анасы Сара Мухтарова.

Марқұм Рақымжан Жансейіттің әкесі Бақытжан Жансейітте сот үкімімен келіспей отыр. Ол міндетті түрде аппеляциялық сотқа шағымданатынын мәлімдеді.

«Менің баламды жабылып таяқпен ұрған, пышақтаған  жігіттердің ішінде біреуі ғана 19 жыл алды. Ал қалғандары үш жылға ғана кесіліп отыр.Бұл әділеттік пе, олардың мойнында менің баламның қаны бар. Прокурор 6 жыл сұрағанда ең құрығанда 5 жыл беретін шығар деп ойлаған едім. Баламды жабылып, ұрған бейнежазба бар, бірақ бір бейнежазба жоғалып кеткен. Баланы ұрып соғып болған соң, әкеліп тастаған сәті болса керек. Сол бейнежазба жоғалып кеткен», - деп мәлімдеді Бақытжан Жансейіт. 

Бақытжан Жансейіт кінәлі тараптан 20 млн теңге өтемақы берілсін деп талап еткен. Сот шешімі бойынша 2 млн 350 мың теңге Юсиф Нурулудан Бақытжан Жансейітке өндірілетін болды.

Еске сала кетсек, 2019 жылдың 1 қаңтарында «Древний Рим» мейрамханасына жаңа жыл мерекесін тойлауға келгендер арасында жанжал шығып, мұның соңы үлкен дау дамайға ұласқан. Жанжал барысында 22 жастағы Рақымжан Жансейіт қаза тауып, бірнеше адам пышақ жарақатын алған еді.

Фотолар автордікі.

Мақала авторы:

Арай Сатыбалдықызы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.