Кәмила Тілепова. Менің балаларым

Сайт Әкімшілігі - 05.11.2019595

Нұргүл жұмыстан кейін дұрыстап демала алмады. Үстіңгі қабаттағы пәтерден тоқтаусыз шығып жатқан тасыр-тұсыр, айқайлаған, жылаған дауыстар әбден мазасын алып бітті. Отыз жыл өмірін өткізген жатақхананың сыз қабырғасынан құтылып, жайлы пәтерге жеттім бе деп қуанып еді, енді мына бәлеге тап болғанын қарашы...

Нұргүл фабрикада тігінші болып жұмыс істейді. Күнұзақ тоқтамай жұмыс істеп тұратын ондаған үлкен тігін машиналарының құлақ тұндыра дарылдаған, гүрілдеген даусынан шақшадай басы шарадай болып үйге зорға жеткенде, мына балалардың айқай-шуынан одан сайын жүйкесі жұқара түсті. «Бұл қашанға дейін созылады? Күндіз де, түнде де тыныштық жоқ!». Күбірлей жүріп, үстіңгі қабатқа көтеріле берген Нұргүл беймаза көршілерінің есік қоңырауын қаттырақ басып жіберді. Есіктің кілті сықырлап, ашыла бастағанда ашу-ызасының бәрін ақтарып-ақтарып кетейін деп аузын аша берген, бірақ есіктің көзіне шыққан 4-5 жасар сүп-сүйкімді қызды көріп, абдырап қалды. Ашуы бір пәсте ғайып болғандай.

— Сен не, үйіңде жалғызсың ба? – деді алдына тізерлей отыра кеткен Нұргүл. Баданадай көздерін бақырайта, ұзын кірпіктерін қағып-қағып жіберген кішкентай періште де жауабын күттірмеді.

— Жоқ. Менен басқа Жомалт, Алмас, Елкін, Самал және мен балмын. Алман ағам мектепте... – деп, саусақтарын бүгіп тұрып бәрін санамалап шықты. Сосын: — Ал менің атым – Ақелке, - деп қосып қойды.

— Аа, көп екенсіңдер ғой. Ал ата-аналарың қайда?

— Көкем аулуханада, ал апам жоқ...

Осы кезде баспалдақпен асыға көтеріліп келе жатқан аяқ дыбысы естілді.

— Әне, Алман ағам келді! — Қуана айқай салып, төменге жүгірген Ақерке төбесі көрінген 10-11 жастардағы ер баланы құшақтай алды. Арман қарындасын көтерген күйі есіктің алдына келді де, Нұргүлмен амандасып:

— Балалар бірдеңе бүлдіріп қойды ма? Кешіріңіз, әкем науқастанып қалып еді, оның үстіне балабақшаны да уақытша жауып қойыпты. Бір-екі күн мазаңызды алсақ, ренжімеңізші...

— Жо-жоқ, ештеңе етпейді. Егер бір көмек керек болса, айтыңдар, - деп Нұргүл балалармен тез-тез қоштасты да, өз пәтеріне беттеді.

Осыдан кейін, неге екені белгісіз, ол балалардың айқайы мен тасыр-тұсырына ашуланған жоқ. Керісінше, оларға қайтіп көмектессем екен деп ойлана бастады. «Ғажап балалар! Әсіресе анау үлкен баласының ересектердің жоқтығын білдірмей отырғанын қарашы. Айтпақшы, шешесі жоқ болса, олар не ішіп, не жеп отыр, құдай-ау?!». Осыны ойлауы мұң, дереу орнынан атып тұрды да, шаршағанына қарамастан, ет қосып картоп қуыра бастады. Бұған қоса пешке тәтті бәліш те салып қойды. Көптен бері біреуге арнап ас әзірлемеп еді. Тіпті өзінің жалғыз қызына да...

 

***

Нұргүлдің өз ата-анасы есінде жоқ. Бұл дүниеге келгенде, екеуі де студент екен. «Оқуымызды аяқтағанша қарап бер» деп, бір жасар Нұргүлді нағашы әжесіне әкеліп тастап, қайтып бара жатқандарында көлік апатына ұшырапты. Екеуі де сол жерде көз жұмған көрінеді.

Он жасына дейін әжесі өсірді. Кейін ол кісі қайтыс болған соң, жеңгесінің күңіне айналды. Нағашы ағасы қой аузынан шөп алмайтын, можантопай біреу болатын. Бұған араша түспек тұрмақ, өз тамағын зорға сұрап ішуші еді. Осыны пайдаланған жеңгесі бұған әңгіртаяқ ойнатып, сиырын да сауғызды, айран-сүтін пісіртіп, құрт-майын да жасатты, белін майыстырып, бау-бақшасының бар тірлігін де осының мойнына артып қойды. Жазда осы жұмыстардан кейін өзіне далаға салынған төсекке сүріне-қабынып келіп құлайтын Нұргүл түнде аспандағы жұлдыздарға қарап, кірпігі айқасып бара жатып: «Құдайым, мені мына жерден басқа жаққа алып кетші!» - деп тілейтін...

Сегізінші сыныпты бітірген жылы аяқталмаған орта білім аттестатын ала салып, аудан орталығындағы училищеге оқуға түсемін деді. Әрине, жеңгесі тегін жалшыдан айырылғысы келе қойған жоқ, бірақ, қал деп те жалынбады. Бойжеткен сайын қажеті көбейіп келе жатқан «артық ауыздың» кеткенін де дұрыс көрген сияқты. Ал Нұргүл училищенің азын-аулақ шәкіртақысына өмір сүру оңай болмаса да, әйтеуір, мемлекеттен берілген тегін киімді киіп, оқи берді. Оған намыстанбады да, ең бастысы, жеңгесінің қорлығынан құтылғанына қуанды.

Дәуренмен тұрмыстық қажетті өтеу комбинатына өндірістік тәжірибеден өтуге барғанда танысты. «Комбинат директорының ұлы» десті білетіндер. Нұргүл сондай сымбатты жігіт өзіндей жұпыны киінген, жүдеу қызға назар аудара қояр деп ойламаған. Сондықтан, ол көңілін білдіргенде бірден басын алып қашты. «Мазақ еткісі келеді» деп ойлады. Бірақ, Дәурен әрбір ісімен, әрбір сөзімен өз сезімінің шынайы екенін дәлелдей түсті. Ақыры бұл да сылқ түсті.

Дәурен бақуат отбасының жалғыз ұлы болғандықтан, ақшасыз жүрмейтін. Сондықтан, аудан орталығынан пәтер жалдады да, екеуі сонда ерлі-зайыптыдай бірге тұра бастады. Жасырын. Тек күндіз. Ал түнде Дәурен үйіне қайтуға мәжбүр. Олай етпеске болмады. Өйткені, Дәуреннің ата-анасы оның түгі жоқ, жетім қызға үйленуіне рұқсат етпесі әбден белгілі еді. Ал Нұргүлдің ешқашан ондай жанашыр, қамқор адамы болған емес. Одан айырылса, тамұққа қайта түсердей қатты қорықты. Сондықтан, осылай болса да бақытты болғысы келді...

Ол сабақтан кейін пәтерінде ас дайындап, Дәуренді күтіп алатын. Сосын екеуі түстеніп алып, қас қарайғанша қала ішінде серуендейтін, балмұздақ жеп, киноға баратын. Олар бақытты еді, Дәуреннің ата-анасы бәрін біліп қойғанша...

Бұлардың құпиясын Дәуренге ғашық болып жүрген бір курстас қызы айтып қойыпты. Бұлардың пәтерін іздеп тауып алған Дәуреннің әке-шешесі Нұргүлді көргенде аһ ұрып:

— Мынауың он сегізге де толмаған жап-жас қыз ғой! Сен оңбаған түрмеге түскің келе ме? – деп айқайлады.

— Біз бір-бірімізді сүйеміз, — деуден танбады Дәурен. Бірақ, ата-анасына қарсы шыға алмады. Тек әкесі жағынан шапалақпен бір тартып, көлігіне итеріп мінгізгенде, терезеден басын шығарып:

— Жылама! Мен қайтып келем! — деп айқайлап үлгерді. Болды, содан кейін Нұргүл оны қайтып көрмеді.

 

***

Пәтердің ақшасын өзі төлей алмайтын болған соң, жатақханаға қайтып оралуына тура келді. Сабаққа құр сүлдерін сүйретіп барып-келген соң, құрбыларының сансыз сауалдарына жауап қатпай, үнсіз бүк түсіп жатып алатын болды. Ештеңеге зауқы жоқ. Тамақ та ішкісі келмейді. Тіпті соңғы кездері қатты мазасызданып, басы айналатын болып жүр. Мән бермеді...

Арада төрт ай өткенде, жатақханадағы кезекші әйел баспалдақтан ырсылдай көтеріле берген Нұргүлді тоқтатып, жұмырланып қалған ішіне қадала қарап тұрып қалды.

— Әй, сен қыз жүкті сияқтысың ғой! — деді сосын жұлып алғандай.

Осы уақытқа дейін қаперіне ештеңе кіріп-шықпаған Нұргүл біреу басына балғамен ұрып жібергендей, мең-зең болып, жүзі бозарып кетті...

Бұл туралы оқу орнының басшылығы тез-ақ құлағдар болды. Нұргүлді жиналысқа салып, олай да, бұлай да жұлқылады. Мұғалімдердің біразы: «Басқа оқушылардың бәрін бұзатын болды, дереу оқудан шығару керек!» - деп айқайлады. Бұл барар жер, басар тауы жоқтығын айтып, көз жасын көл қылды. Ақыры училище директоры жасы келіп қалған, көпті көрген әйел еді, сол бәріне басу айтып:

- Өзі жетім өскен қыз. Ненің жақсы, ненің жаман екенін бұл байғұсқа кім үйретті дейсің? Әрі құшағын жайып күтіп отырған да ешкімі жоқ екен. Бұл өмір ғой, біз де қатты кетпей, адамгершілік жасайық. Айы-күні жеткенше осында болсын. Сосын көрерміз, - деді.

Солай Нұргүл жатақханада қалды. Бірақ, босанар уақыты жақындаған сайын «одан әрі қарайғы өмірім не болады?» деген ой санасын шырмап, тынысын тарылта берді. Мұның шешімін де училище директоры Қаншайым апайы тауып берді.

- Балам, қазір қандай жағдайда екеніңді білемін. Сені өз үйіме-ақ кіргізіп алар едім, мен де келіннің қолына қарап отырмын, қайтейін. Сен былай істе. Аман-есен босанған соң, сәбиіңді уақытша жетімдер үйіне өткізе тұр. Сосын тым болмаса осы училищедегі оқуыңды аяқтап, жұмысқа тұрып ал. Арасында балаңа барып, хабарын алып тұрасың. Кейін жағдайың дұрысталған соң, қайтып аласың. Содан басқа бұл қиындықтан шығар жол көріп тұрған жоқпын, - деді ол.

Жүрегі қан жыласа да, Нұргүлдің осы ұсыныспен келіспеске амалы жоқ еді...

 

***

Жаңа туылған қызына Нұргүл марқұм анасының есімін беріп, Мәриям деп атады. Жылай-жылай тұла бойы тұңғышын жетімдер үйіне өткізді. Алғашында көкірегі ісініп, түні бойы қызы шырқырап жылап жатқандай елеңдеп ұйықтай алмай шығатын. Келе-келе үйренді.

Оқуын бітірген соң, комбинатқа орналасып, жұмысшылар жатақханасынан бір бөлме алды. Жұмыстан қолы қалт етсе, тәтті-пәттісі мен ойыншығын алып, қызына барып тұратын. Бірақ, оның алғаш тәй-тәй басқанын, алғаш тілі шыққанын көре алмады. Ол қызуы көтеріліп, түні бойы жылап шыққанда құшағына қысып, жұбата алмады. Осыны ойласа-ақ өз тағдырына лағынет айтып, қыстыға жылаудан басқа шарасы болмайтын...

Қызы есін біле бастағанда: «Апа, мені өзіңмен алып кетші» дейтін болды. «Енді азырақ шыдасаң, жағдайым дұрысталады, сосын алып кетем, құлыным» деп, бұл да көкірегі қарс айырыла қоштасатын.

Сөйтіп жүріп, қызы мектеп бітіретін жасқа да жетіп қалыпты. Осы жылдарда өзгерген ештеңе де жоқ. Мардымсыз жалақысынан жырымдап қызына жаңа киім, ойыншық әпергені болмаса, жағдайын дұрыстап, пәтер жалдауға мүмкіндігі болмады. Ал жатақханаға қызын әкелуге рұқсат бермейді.

Мәриям анасының тұратын жерін тек мектеп бітіріп, жетімдер үйінен шыққан соң ғана көрді.

— Мына қуықтай бөлмені де үйім деп жүрсің бе? — деді қызы табалдырық аттағаннан-ақ. — Өміріңді өзгертуге ешқашан тырыспадың ба? Ең болмаса бақуат көңілдес тапсаң да, әлдеқашан бір баспана алуға болар еді ғой. Мен үшін соны да істей алмадың ба?

Нұргүл осы кезде қызын бірінші рет бетінен шапалақпен салып жіберді. Бесіктен белі шықпаған бала ешқашан мұның ойына кіріп те шықпаған нәрсені айтып тұр. Бұл сұмдық қой!

— Жарайды, мұныңа ренжімеймін, апа. Тіпті саған ренжитіндей мен кім едім? Анам деген атың болмаса, мені жаныңа алуға ешқашан талпынып та көрген емессің. Мен де сенің мына тауықханаңа көзімді сүзбей-ақ қояйын. Қорықпа, мен сенсіз де өлмеймін. Жақында бір кісімен таныстым, соған тұрмысқа шығамын. Жасы менен үлкендеу, бірақ бар жағдайымды жасауға уәде берді. Мен сен сияқты болмаймын, менде бәрі болады, үйім де, күйеуім де, балаларым да! Ал сен осы лашығыңда қу тізеңді құшақтап тұра бер...

Мәриям онсыз да топсасынан үзілердей болып әзер тұрған ағаш есікті тарс еткізіп шығып кетті. Сонда ғана есін жиған Нұргүл жүгіріп далаға шыққанда, қызы ізім-ғайым жоғалыпты. Содан кейін оны көрмеді...

 

***

Нұргүл қызының айтқандары дұрыс екенін түсінді. Расымен, бір айлыққа қарап, өмірін өзгертуге бір әрекет жасап көрмепті. Енді қызы бойжетті, сол үшін тырысуы керек.

Сол күннен бастап үйде киім тігуге қосымша тапсырыстар алып, ақша жинауға кірісті. Ішпеді, жемеді, көп нәрседен өзін тыйды. Сөйтіп жүріп ақыры осы бір бөлмелі пәтерге тек жақында ғана қолы жетті. Бірақ, қызын сол күйі таба алмады. Ол кеткелі де он жылдан аса уақыт өтіп кетіпті..

***

Демалыс күні ұйқымды қандырармын деп еді, болмады. Тағы да жоғарғы қабаттағы балалардың тасыр-тұсыры оятып жіберді. Бірақ, бұл жолы Нұргүл қабақ шытпады. Әсіресе, әлгі көзі бақырайып, қайқиған ұзын кірпіктерін жыпылықтата қарайтын сүп-сүйкімді Ақерке көз алдына келгенде, жүрегі біртүрлі болып кетеді. Сол қыз біреуді есіне салатын сияқты...

Бұрынғыдай керіліп-созылып жатып алмай, тез орнынан тұрды да, тәтті-пәтті пісіріп алып, жоғарғы қабатқа жүгірді. Есікті Арман ашты.

— Мынаның бәрі бізге ме? Рахмет! Кіріңіз, қонақ болыңыз, — деп он жасар бала ересектерше тақылдап тұр.

Өзін айнала қоршап отыра қалған бүлдіршіндерге сүйсіне қараған Нұргүл кенет өзін көпбалалы ана сияқты сезініп, жүрегі біртүрлі сыздап кетті.

— Әкелеріңнің ауруханада жатқанына көп болды ма? — деді ол өзі әкелген бәлішті қомағайлана асап жатқан Арманға қарап.

— Әкем өрт сөндіруші болып істейді, жұмысында қатты күйік алыпты. Ауруханада жатқанына екі апта болды, жақында шығарады дейді...

— Балапандарым-ай, қиналып жүрген шығарсыңдар, ешкім келіп жәрдем бермей ме?

— Мұнда біздің ешқандай туыстарымыз жоқ. Әкем балалар үйінен, — деді бала иығын қиқаң еткізіп. — Бірақ, әкемнің жолдастары көп. Солар келіп, азық-түлікті үйіп тастаған. Бір айға жетеді!

Арман жүгіріп барып, тоңазытқышты ашты. Расында, түрлі шұжық, жұмыртқа, жемістер мен дүкеннің айран-сүті толып тұр екен.

— Әкелеріңнің достары жақсы екен. Көмектескені жақсы. Бірақ, ыстық ас ішпесеңдер болмайды. Әйтпесе, іштерің ауырады. Қане, қазандарың қайда, көрсетіңдерші маған!

Бір сағаттан кейін түшпара қосылған ыстық сорпа мен салат және тәтті компот та дайын болды.

— Ал апаларың қайда? Оған не болды? — деді Нұргүл балалар тамағын ішіп болған соң. Арман қолын бір сілтеді.

— Бізді тастап кеткен. Бір бай біреумен қашып кетіпті. Әкем «қайтып келсе, сендер үшін кешірем» деп еді, бірақ ол соңғы рет келгенінде әкемнен ақша алып, бізден бас тартатыны туралы тілхат жазып кетіпті. Содан бері көрген жоқпыз. Бірақ, әкем бізге анамыздан артық қарайды. Тамақтың неше түрлісін пісіреді, тіпті қолынан келмейтіні жоқ. Мына отырған үстел мен орындықтарды, анау үйдегі жиһаздардың бәрін өз қолымен жасаған. Демалыс күндері сондай жиһаздарды бірге жасап, талай саттық. Сондықтан, біз ақшадан қиналған емеспіз. Негізі, біздің әкемізге жететін жан жоқ қой!

Нұргүл үйінде баланың әкесі туралы майын тамыза айтқан әңгімесін есіне түсіріп отырып, «шіркін, маған да сондай адам жолықса ғой» деп армандап қойды. Расында, жалғыздықтан әбден шаршапты. Бір баспаналы болайын деп, тиынға тиынды құрап жүріп, дұрыстап өмір сүре де алмапты. Үстіне бір бүтін киім ілмепті. Енді ғана жаным жайланды ма дегенде мына қу жалғыздық жанын қинап барады...

 

***

Балалардың әкесі – Айдармен Нұргүл тез тіл табысып кетті. Ашықжарқын, жайдары мінезді кісі екен. Өзі ауруханада жатқанда балаларына қамқор болғаны үшін Айдар алғысын айтып, Нұргүлді арнайы қонаққа шақырды. Дастарханды жайнатып тастапты. Ер адамның асты осыншалық дәмді пісіргенін Нұргүлдің бірінші рет көруі.

Балалар жан-жақтан жамырасып біраз бірге отырды да, сосын бәрі ұйықтап қалды. Оларды төсегіне жайғастырып келген Айдар кетуге ыңғайлана берген Нұргүлден тағы біраз қала тұруын өтінді. Нұргүл де қаңыраған үйіне барғысы келмей, келісе кетті. Екеуі түннің ортасына дейін өз өмірлері жайлы айтып, біраз сырласып отырды.

Айдар жетімдер үйінде өскендіктен, алдымен бар жағдайымды жасап алайын, сосын үйленермін деп отыздан асқанша жүріп қалыпты. Содан бірде түнде жұмысынан қайтып келе жатып екі кішкентайымен суық, қараңғы далада тұрған келіншекті көріп, көлігіне отырғызады. Өзі балалы деуге келмейді, уыздай жап-жас келіншек. Күйеуінің ішіп алып, күнде ұратынын, қазір содан қашып келе жатқанын айтып жылайды. Өзі жетім қыз болса керек, барар жері де жоқ екен. Жетімдіктің не екенін жақсы білетін Айдар келіншекті балаларымен өз үйіне әкеліп паналатады. Күйеуінен ажырасып, жұмысқа орналасуына да көмектеседі. Өзі балаларға да, олардың анасына да қатты бауыр басып қалғандықтан, көп өтпей оған үйленеді. Яғни, Арман мен Жомарт әйелінің өзімен еріп келген балалары екен. Бірақ, оларды бірден бауырына басқан Айдар балаларды өз атына жаздырып алыпты. Одан кейінгі төрт бала өзінікі.

Өкінішке орай, әйелі жеңіл жүрісті болып шықса керек. Балаларын шырқыратып тастап, түнделетіп қыдырып кеткенін талай кешірсе де, соңғы кеткенінде шыдамы таусылып, ажырасуға арыз беріпті. Ал әйелі жезөкшелік кәсіппен айналысып, басқа елге кетіп қалғанын кейін естіпті...

 

***

Бір аптадан кейін Айдар Нұргүлге ашықтан-ашық көңілін білдіре бастады. Нұргүл де Айдарды ұнатып тұрғанымен, «қырықтан асқанда қылық шығаруға» біртүрлі қымсына беретін. Бір күні екеуінің бір-біріне көз астымен қарап, ыммен түсінісіп отырғанын байқаған Арман әкесінің жанына келді де:

— Түу, тура бір бала сияқтысыңдар, одан да үйленсеңдерші! — дегені...

Кешкісін Айдар қолына бір десте гүл алып, Нұргүлге келді.

— Екеуміз де жас емеспіз. Бірақ, мен сенімен тағы да бір жарты ғасыр бірге өмір сүргім келеді. Балалар да сені жақсы көреді. Соза беріп қайтеміз? – деді. Нұргүл үнсіз басын изеді.

 

***

— Апа, ертегі айтып берші, — деді құшағына тығыла түскен Арман.

— Жоқ, апа, менімен қуыршақ ойнашы! — деді онымен жағаласып Ақерке де.
— Ал менің қарным ашты!

— Мен үй тапсырмасын орындай алмай жатырмын, көмектесіп жіберіңізші, апа!

Жан-жақтан жамыраған балаларының бәрін бауырына қысқан Нұргүл ешқайсысына ренжімей, барлығының бабын табуға тырысып жатты. Бәрі өзінің балалары сияқты...

 

***

Бір күні таңертең бір хат келді. Онда Айдардың бірінші әйелі баласын босану үстінде қайтыс болғаны, ал тірі туылған сәбиді не істерін білмей жатқаны жазылыпты. Бұл үйдің мекенжайы марқұмның жеке құжаттарының арасынан шықса керек.

Айдар бұған «не істейміз?» дегендей жалынышты жүзбен қарады. Оның ол баланы да далаға тастағысы келмей тұрғаны айдан анық еді.

- Алаңдама, барып алып кел, «бір жетім қозы туса, бір жусанның басы айыр шығады» деуші еді, оның да өз несібесі бар шығар. Алып кел, - деді Нұргүл...

Кешкісін күйеуі кеткен соң, балалары әлдеқайдан бір альбомды алып шығып, туған аналарының суретін қарай бастады. Олар өлім дегеннің не екенін қайдан білсін, бірақ ең жақын адамдарынан айырылғанын бәрі де түсінетін сияқты.

Нұргүл суретке қарап, тілін жұтып қоя жаздады. Шүпірлеген балалардың ортасында отырған – өзінің туған қызы Мәриям еді...

Балалар ұйықтаған бойда альбомды қайта алып, ақтарып отырып, көз жасына ерік берген Нұргүл ту сыртынан Арманның келіп қарап тұрғанын байқамады. Міне, мынау Мәриямның 4-5 жасар кезі. Құдайым-ау, Ақерке көздері бақырайып, анасынан аумай қалыпты ғой! Бұрын қалайша білмеді, жүрегі неге сездірмеді екен? Ертерек білгенінде өз немерелеріне өгей шеше болмас еді ғой! Құдай-ай, енді не болады?

Арман мысықтабандап келіп, алдына тағы бір суретті қойғанда селк ете қалды. Бұл өзінің қызымен бірге мектеп бітірген кезінде түскен суреті болатын. Артында «Мен анаммен бірге» деп жазылыпты. Бәрі түсінікті болды. Енді мұны балаларға қайтіп түсіндірмек?

— Мен бәрін білемін, — деді Арман сыбырлап. — Сізді көргеннен бері…

Нұргүл ұялғаннан жерге кіріп кетердей болып екі алақанымен бетін жаба берді.

— Апа, ант етейін, мен бұл туралы ешкімге айтпаймын. Тек ешқайда кетпеңізші! Бізге сізден басқа ананың керегі жоқ, бізді сіз сияқты ешкім жақсы көре алмайды, - деген Арман Нұргүлді құшақтай алып, солқылдап жылап жіберді. 

— Бірақ... мен сендердің әжелеріңмін ғой. Бұлай болмайды ғой, құлыным...

— Мен үшін менің анам – сізсіз. Бізді тастап кетпеңізші, жалынамын, апа! Сіз кетсеңіз, әкем алып келуге кеткен кішкентай қарындасымыздың күні не болады, оны кім өсіреді, осыны ойладыңыз ба, апа? Кетпеңізші!

Туа сала ана уызына жарымай жетім қалған ең кішкентай немересі есіне түскенде, Нұргүлдің көз жасы өз-өзінен құрғап сала берді. Иә, оның жазығы не? Оның өзінен басқа кімі бар? Мына шүпірлеген немерелерінің не жазығы бар? Өзінен басқа кімге керек бұлар? Өзінің де бұлардан басқа кімі бар?

Ойлана келе ақыры бір шешімге нық бекінді: Жаратқаны маңдайына осыны жазған екен, демек қызы үшін де, өзі үшін де осы балаларға ана болып, өсіріп-жетілдіреді. Қызының да, өзінің де қателігін осылай түзейді. Ал қалғаны құпия болып қала берсін...

Дәлізде балалардың тыпырлаған аяқ дыбыстары естілді. Жүгіріп шығып еді, асүйдің есігіне телміріп, тізіліп тұр екен.

— Әй, сендер не істеп тұрсыңдар мұнда? — Кірпігіне ілініп қалған жас тамшыларын тез-тез сүртіп, ең кішкентай Ақеркені көтеріп алды. — Неге ұйықтамай жүрсіңдер?

— Анашым, біз қолқып жатылмыз, қасымызға жатшы! — деді Ақерке кіп-кішкентай топ-томпақ қолдарымен Нұргүлдің бетінен аялай сипап. Сосын екі қолымен мойнынан орай, қатты қысып құшақтап алды.

Арман көзінің қиығымен Нұргүлге ұрлана қарап қойды. Мұны байқаған Нұргүл де оған көзін қысып, жымиды да, барлығын кезек-кезек бауырына қысып, еркелетіп, маңдайларынан сүйіп шықты.  
— Жандарым менің, мен сендердің бәріңді жақсы көремін. Мен сендерді ешкімге бермеймін, мен барда ештеңеден қорықпаңдар, — деп күбірледі ол бәрін құшағына сыйғызуға тырысып жатып.

— Ал мен суретті ешкім көрмейтін жерге тығып қояйын, — деп Арман да Нұргүлге қарап жымыңдап қойды...

 

***

Айдар бірнеше күннен кейін жаңа туылған сәбиді құшақтап қайтып оралды. Өзі кіп-кішкентай, тіпті қолға ұстаудың өзі қорқынышты. Бірақ, осы бір уыс шарананың бетінің жартысын алып жатқан үлкен қара көздеріне қараған сайын Мәриямды көргендей болатын Нұргүл оған өз қызына бере алмаған бар мейір-махаббатын төгуге тырысты. Әрине, бұрын да алты баланың әуресі аз болмайтын, енді тіпті жұмысы көбейді. Бірақ, күйеуі қолынан келгенше көмектесуге дайын, әрі балалар да қолғанат болуға жарап қалған. Әсіресе, Арман сабақтан келе сала жүгіріп жүріп үйді де жинап тастайды, баланың жөргегін ауыстырып, қолынан тастамай көтеріп жүретін де сол. Басқа балалар да құлдыраңдап анасының айтқанын екі етпейді. Қанша шаршаса да, солардың былдырлаған тілі мен тәтті қылықтарына қарап, Нұргүлдің жаны жадырай түседі...

 

***

Арада бір жыл өтті. Осы бір жылда бұлардың бақыты артпаса, кеміген жоқ. Балалар өскен сайын тар пәтерге сыймасын түсінген соң, Нұргүл Айдарға айтып, оның екі бөлмелі пәтері мен өзінің бір бөлмелі пәтерін сатқызды. Бұл ақшаға екеуі қаланың шетінен үлкен жер үй сатып алды. Ауласы кең, мәуелі бақшасы бар үйге алғаш көшіп келгенде, балалардың қуанышында шек болмады. Асыр сала ойнап, кешке дейін үйге кірмей қойғанын айтсайшы. Сосын одан бөлек жиған-терген ақшаларына ұсталған, ескілеу болса де жеңіл көлік сатып алды. Айдар қаладағы жұмысына енді қиналмай, өз көлігімен барып-келетін болды. Жұмыстан қолы қалт етсе, жеміс ағаштарын күтіп, көкөніс егіп, тырбаңдап жүргені. Балалар да оған көмектесіп мәз. Биыл мол өнім алатын түрлері бар.

Ал Нұргүл мұнда да үйренген жұмысынан қол үзбей, балалардың киімдерін өз қолымен тігіп бергенімен қоймай, сырттан тапсырыс алып, азын-аулақ ақша таба бастаған. Бір сөзбен, төрт құбыласы түгел.

 

***

Демалыс күні Айдар түскі асын ішіп отырып, Нұргүлге бір хабарды жеткізді.

— Бүгін менің бір ескі досым хабарласты. Бала кезімізден бірге өсіп, бір мектепте, сосын бір университетте оқыдық. Кейін олар отбасымен Астанаға көшіп кеткен. Бірақ, осында келген сайын менің үйіме соғып, балалардың жағдайын біліп кетіп тұрады. Ертең ол жұмыс бабымен Талдықорғанға өтіп бара жатып, осында біраз аялдайды екен. Қырсыққанда, ертең менің шұғыл бір жұмысым шығып тұр, қанша тырыссам да, босай алмайтын түрім бар. Қонақты өздерің бірдеңе етіп күтіп алуларыңа тура келеді. Мен босаған бойда келемін, - деді ол. Нұргүл Айдардың жолдастарының жаманын көрген емес. Өзі жоқта талайын күтіп алып, шығарып салып үйренген. Сондықтан, бұл жолы да басын изеп, жымиды да қойды...

Ертесіне қақпаның алдына такси келіп тоқтағанда, есігінен алдымен балаларға базарлық салынған үлкен қалталар, сосын көзілдірік таққан сымбатты жігіт ағасы көрінді. Балалар қонақты бірден танып, жамыраса жүгіріп барып, мойнына асылды.

— Қане, көрсетіңдер жаңа үйлеріңді, қалай орналастыңдар? – деп қақпадан дабырлай кірген жігіт ағасы есік алдында күтіп тұрған Нұргүлді көріп, қаққан қазықтай тұрып қалды.
— Дәурен! — Нұргүл де оны жазбай таныды. — Кездесу деп осыны айт!
«Мүлдем өзгермепті», - деп ойлап қойды ішінен. Сол баяғыдай сымбатты да сұлу жігіт, тек самайын аздап қырау шалғаны болмаса...

— Демек, менің досымның жаңа әйелі сен екенсің ғой? — Қонақтың көңілді даусына әлдебір мұң мен өкініш дірілі араласқандай...

 

***

Балалар жүгіріп жүріп, даладағы үлкен алма ағашының түбіндегі сәкіге дастархан жайып, үстін апасының пісірген тәтті-дәмдісіне толтырып тастады. Сосын бәрі отырып шай ішті. Дәурен балаларға ананы-мынаны айтып, күліп отырғандай болғанымен, көзінің астымен ұрлана Нұргүлге қараумен болды.

— Ал мен сені көп іздедім, — деді ол балалар орындарынан тұрып, ойнап кеткен соң. — Қазір әйелім, ұлым, қызым бар. Бірақ, үнемі сені ойлап жүремін. Мен тіпті қызыма сенің есіміңді қойдым, сәл де болса сені есіме салып жүрсін деп...

— Біткен жараны тырнап қайтесің? — деді Нұргүл. — Өткен өтті, енді оны қайтара алмайсың…

Шынында, ол ендігі өзіне қасірет сыйлаған алғашқы махаббатын да, жалғыздықпен өткен өмірін де біржола сызып тастап, жаңа өмірінен бақыт тауып үлгерген еді. Сондықтан, қазір Дәуренді тек қонақ ретінде, күйеуінің досы ретінде және балаларының жақсы көретін ағасы ретінде ғана қабылдап отырғаны рас болатын.

— Сені жолықтырған Айдардың бағы бар екен, — деді Дәурен. — Сен мықты әйелсің. Рас айтам, жеті бірдей бөтен баланы өзіңдікіндей бауырыңа басу деген... Олардың сені жақсы көретінін байқап отырмын...

— Бөтен емес, өзімдікі, — деп түзетті Нұргүл. — Олардың бәрі өзімдікі, туған балаларым…

Ол қызы туралы, бұлардың бәрі Дәуреннің де туған немерелері екені жайлы айтқысы келді. Бірақ бұл құпияны өле-өлгенше сақтауға Арманға уәде берген, сондықтан, ештеңе айтпады.

Бір кезде сағатына қараған Дәурен кетуге жиналды. Қоштасып тұрып:

— Досымды қатты көргім келіп еді, үйде болмағаны өкінішті... - деді. Тағы бірдеңе айтқысы келгендей, біраз есік алдында кібіртіктеп тұрды да:

— Жақында осында қайта көшіп келетін ойым бар. Егер қарсы болмасаң, бұл үйге енді жиі қонақ болып тұрамын. Досымның балаларын өзімнің туғанымдай жақсы көремін, ал енді олар маған бұрынғыдан да жақын..., - деді.

Сырттағы такси безілдеп белгі берген соң, тез-тез басып шыға берген Дәурен қақпаға жақындай бере тағы кілт тоқтады.

— Сосын... Айдарға екеуміздің таныс екенімізді айтпай-ақ қой. Мен оны жақсы білемін, тағы қызғанып жүрер. Бәрі өткенде қалсын, - деді...

Көлік келесі көшеге бұрылып кеткенде, Нұргүл өмір бойы еңсесін езіп келген ауыр бір жүктен құтылғандай, терең күрсінді.

Мақала авторы:

Сайт Әкімшілігі

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.