Ахметов орынбасарларын әкім, әкімді орынбасары ете алады

Сәтжан Қасымжанұлы - 05.11.20192637

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал АХМЕТОВ осы уақытқа дейін өзінің ауылшаруашылығы, жер қатынастары және ветеринария саласы бойынша орынбасары қызметін атқарып келген Шалқар БАЙБЕКОВТІ Бесқарағай ауданының әкімі қызметіне тағайындады. Ал бұған дейін осы ауданды басқарған Дәулет Бақытұлының қайда қызмет ауыстырғаны белгісіз. Алайда, айтпағымыз- ауданға жаңа әкім тағайындалғаны емес, Ахметовтің орынбасарлары болған шенеуніктердің көбіне «аудан асып» кететіні туралы. Әр жылдардағы кадрлық тағайындауларына зер салсақ, Даниал КЕНЖЕТАЙҰЛЫНЫҢ орынбасарлары өзіне ұнап бара жатса, бәлкім, ойынан шықпай «құлап» бара жатса, бір ауданның басшысына айналдырып жіберетін өнеріне тәнті болмасқа шараң жоқ.

Айталық, қазір Ұлан ауданының әкімі қызметінде отырған Нұрымбет САҚТАҒАНОВ та бір кездері Ахметовтің орынбасары болатын. Тіпті, облысты Бердібек САПАРБАЕВ басқарып тұрған тұста «жай» орынбасар еді, кейін Даниал Кенжетайұлының жанында үш жыл (2015-2018 жылдары) бірінші орынбасары қызметін атқарып, «отқа салса жанбай, суға салса батпай» көзге түскен соң Ұланды «уысына ұстап» бөлек шықты. Шындығында Сақтағанов Сапарбаевтан қалған «сарбаз» еді.

2019 жылдың сәуір айынан бері Зайсан ауданын басқарып отырған, осы топырақтың тумасы Серік АҚТАНОВ та 2016-2019 жылдары ШҚО әкімінің орынбасары қызметінің «қызығын көрген» әкімдер қатарында. «ҚазАвтожол» ҰК-ның Шығыстағы филиалына басшылық жасап, «тыныш жүрген жерінен» үш жыл бұрын облыс әкіміне қарай «жол тартты». Обалы нешік, былтыр Аягөз ауданы қыстың көзі қырауда жылусыз қалып, қала статусындағы аудан орталығының халқы ескі қазандықтың кесірінен, қалтырап жатқанда Ақтановтың жарғақ құлағы жастыққа тиген жоқ. Аягөз бен Өскеменннің арасында тынымсыз шапқылап, мәселені шешкендей болып еді. Күн жылынысымен Зайсан ауданының әкімі қызметіне тағайындалып, ауылына қыр асып кете барды.

Қазір Өскемен қаласының әкімі қызметінде отырған Жақсылық ОМАР негізінде облысты Бердібек Сапарбаев басқарған кезден тасы өрге домалаған шенеунік. Мәдениет басқармасының басшысы, облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарған ол өңірді басқаруға Даниал Ахметов келгенде де бірер жыл қасынан табылды. 2016 жылдың соңына қарай Алматы облысы әкімінің орынбасары болып ауысқанымен, 2018 жылдың тамыз айында Өскемен қаласының әкімі қызметіне қайта оралды. Қызығы сол, бүгінгі күнде ШҚО әкімінің бірінші орынбасары қызметінде отырған Ерлан АЙМҰҚАШЕВ те 2016-2017 жылдары Өскемен қаласының әкімі болған.

Биылғы жылдың 11 қарашасында Шығыс өңірді басқарғанына 5 жылдың жүзі болатын Даниал Ахметовтің «свежий» орынбасары болып жанына жақындап, аудан әкімдерінің арасынан «бағы жанған» әзірге Бақытжан БАЙАХМЕТОВ қана. Аягөз қаласының, Ұлан ауданының, кейінгі бес жыл бойы Аягөз ауданының әкімі қызметін атқарған Бақытжан КӘКЕНҚАЖЫҰЛЫ облыс әкімінің орынбасары қызметіне биыл сәуір айында жоғарылап келді. Алайда, өзі туып өскен Аягөз ауданының ауылдары мен аудан орталығында ауыз су тапшылығы орын алып, жерлестерінің қазір жер шұқып жүрген жайы бар. Бұл туралы «Жас алаш» газетінде бірнеше рет жазылғандықтан әрі «қалдырған ізі» құзырлы органдарда тексеріліп жатқандықтан, қайтадан тәптіштемей-ақ қоялық. Бастысы облыс әкімі Д. Ахметовтің орынбасарларын ауданға «қуып», ауданда «аузын ашып жүргенді» өзіне орынбасары етіп алатын «тәсілі» таңқалдырады.  

Фото: ernur.kz      


Мақала авторы:

Сәтжан Қасымжанұлы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.