Мекенжай анықтамасы: алдағы сайлауды былыққа батырады

Есдәулет Қызырбекұлы - 05.11.20191370

Қарашаның басында алынып тасталған мекенжай анықтамасы алдағы сайлауды былыққа батыруы мүмкін. Құқық қорғаушы Роман РЕЙМЕР «Жас Алаш» тілшісіне өз ойын білдірді.  Оның ойынша, мекенжай анықтамасын алып тастау жұмысқа, мектептерге, балабақшаларға, емханаларға, банктерге орналасуда, жәрдемақы алуда тілім қағаз жинаушы миллиондаған қазақстандықтарды ұзын-сонар кезектен құтқарған. Бірақ, мекенжай анықтамасын талап етуді доғару басқа бір топтың төбесін көкке жеткізген. Ол – учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері екен.  Өткен екі сайлауда  (2016-2019 жылдары) «Еркіндік қанаты» ұйымының қатырында бақылаушы боп істеген Роман РЕЙМЕР енді мекенжай анықтамасы талап етілмейтін дауыс беру күнінде сайлау заңын бұзу өте оңай екенін айтады. 


– Өткен сайлауды бақылау барысында біз заң бұзушылықтардың басым көпшілігі комиссия мүшелерінің мекенжай анықтамаларын манипуляциялауынан (мекенжай анықтамасы жалған немесе жоқ азаматтарды сайлаушылар тізіміне енгізу) болатынын анықтадық. Біздің бақылаушылар бұндай сайлаушыларды тексеріп, бірнеше рет тізімнен алып тастауды талап етті. Қолданыстағы заң бойынша, сайлаушы өзінің тұрғылықты мекенжайын дәлелдеген жағдайда сол жерде дауыс бере алады. Оны 100 пайыз мекенжай анықтамасы арқылы дәлелдейді. Сол себепті мекенжай анықтамасын алып тастау арқылы біз бақылаушылардың қандағалауына мүмкіндік бермейтін, сайлаушылар тізіміне шектеусіз адам тіркеуге мүмкіндік беретін жағдайларға соқтығысамыз, – дейді Роман РЕЙМЕР.

Құқық қорғаушы алда өтер сайлаулардың лигитимділігі күмәнді боп тұрмас үшін Орталық сайлау комиссиясы және азаматтық белсенділер бұл апаттың алдын алуға қазірден араласулары керек дейді. Заң талабы бойынша, келесі жылы елімізде парламент  және мәслихат сайлауы өтуі тиіс.  

Осыдан бір ай бұрын ІІМ таратқан мәлімет бойынша, бұрын жылына 10 миллион адам халыққа қызмет көрсету орталықтарынан мекенжай анықтамасын алып келген. Себебі жұмысқа тұрғанда, банк, аурухана немесе мектепке барған дәл осы құжатты сұрайтын тәртіп бар еді.  Бір қағаз үшін ХҚК орталықтарында тұратын ұзын-сонар кезекті, құжат жинауда уақыт үнемдеу үшін құзырлы орындар мекенжайы анықтамасын талап етуді тоқтатып, азаматтардың  тіркеу  мәліметтерін электронды форматқа көшіретіндерін хабарлаған болатын.

Фотоларды автор ұсынды. 

Мақала авторы:

Есдәулет Қызырбекұлы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.