Қызылорда әкімі саудагер сұрағына жауап бермей кетті

Абай Нұржанұлы - 05.11.20192690

Әкім базарға барса баға тұрақта ма? Қызылорда облыстық статистика басқармасының мәліметінше өңірдегі ең төменгі күнкөріс деңгейі 28 763 теңге екен.

Бұл мәлімет облыс басшысы Қуанышбек ЫСҚАҚОВТЫ шошытты ма екен, өткен сенбі 3-қараша күні әкім азық-түлік бағаларын қадағалау үшін бірқатар шенеуніктермен көпшілік «Ескі базар» атап кеткен жерді аралады. Ондағы көкөніс бағаларын саудагердің ауызынан естіген әкімдік өкілі неге қымбат екенін сұрай қойғаны сол еді, сатушы базар аралаған шенеуніктің сұрағына сұрақпен жауап берді.

Әкімдік өкілі: -Картоп қанша?

Саудагерлер: -130-дан, 120-дан.

Әкім өкілі: -Помидор?

Саудагерлер: -430 теңге

Әкімдік өкілі: -Неге қымбат?

Саудагер: Не ол қымбат? Енді өздерің тамақтың бәрін қымбаттатып жіберген жоқсыңдар ма?  Неге қымбат дейді, өздерің арзандатсаңдаршы бензинді бәрін.

Шенеунік пен сатушы арасындағы диалог облыс әкімдігінің фейсбуктегі ресми парақшасындағы бейнежазбада  жазылған. Бұл сауалды естіген аймақ басшысы саудагердің жауабына жауап таппады ма, әлде қымбатшылықтың қарқын алғанына өзін кінәлағанына қынжылды ма, әйтеуір сатушының сөзінен соң үндеместен әрі қарай жүріп кетті.

Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов ақ жағалылар мен Нұр Отан партиясының облыстағы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ақмарал ӘЛНАЗАРОВАНЫ жанына ертіп, демалыс күні демалдырмай  қаладағы әлеуметтік дүкендер, базарлар, аурухана мен дәріханаларды аралапты. Баспасөз хатшысының айтуынша әкімнің аяқ асты қаланы аралауға шығатынын тіпті өздері де алдын ала білмеген екен.

Фото: zhanakorgan.gov.kz

Мақала авторы:

Абай Нұржанұлы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.