Талдықорғандағы дау: Нұрғисаның ескерткішін де құлата салсын!

Ербол Ілияс - 05.11.20191825

Талдықорғанда белгілі сазгер Нұрғиса Тілендиев атындағы музыкалық мектеп 10 ай бұрын сенімгерлік басқаруға өтіп кеткен. Алайда, 417 тәлімгерді оқытып отырған мектеп ұжымы бұл жаңалықты бүгін ғана естіпті. Төбелерінен түскен жайдай болған бұл жаңалықты ұстаздар мектептегі музыкалық аспаптарды түгендеу үшін Алматыдан арнайы келген адамдардан естіп, жағаларын ұстаған. Мән-жайды білмекке, алдымен директорға барған, бірақ, ол ештеңе білмейтінін айтып ақталған. Осыдан кейін 60-қа жуық оқытушы араша сұрап, Талдықорған әкімдігіне келді. Қала басшысы Ғалымжан Әбдірайымовтың қолы босамайды деген соң,  оларды әкім орынбасарлары қабылдап, шағымданушылардың мұңын тыңдады.   

– Ұжым боп талай қиындықтың бетін қайтарып едік. Енді, міне, тағы қолдан қиянат жасап отыр. Жетіскеннен емес, әкімнен араша сұрау үшін келдік. Біз адамбыз ғой. Неге бізге ескертпейді? Онда Нұрғиса атамыздың ескерткішін де құлата салыңыздар! Егер басқару ісі өзгенің қолына өтсе, оқытушылардың саны қысқарып, үйірмелердің бағасы қымбаттайды, – дейді 42 жыл осы мектепте қызмет еткен құрметті ұстаз әрі домбыра үйірмесінің жетекшісі Марат Әйнеков.

Ал Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Сәуле Арзанбекова саз мектебін сенімгерлік басқаруға беру шешімі былтыр ақпанда қабылданып қойғанын, мемлекеттік сатып алу 2 ай бұрын ойнатылғанын айтып салды. Бұл жаңалықты мектеп ұжымына дер кезінде неге ескертпегендерін де түсіндірмеді. Ал жеңімпаз әлдеқашан анықталған. Енді, алдағы 15 жыл бойы бұл мектеп қызметін Нұрғиса Тілендиевтің қызы, белгілі дирижер Дінзухра Тілендиева басшылық ететін "Music Development" ЖШС-і жүргізбек.   

- Бұл мәселелер, негізі, менің құзыретімде емес. Көп нәрсеге жауап бере алмаймын. Сенімгерлік қызмет көрсететін компания анықталды. Дегенмен, шағым айтып отырған мектеп ұжымының өтініші бойынша жұмыс жасайтын боламыз, -деді Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Сәуле Арзанбекова.

Ал келісім-шартқа қол қойған мектеп директоры Ғазиза Омарова қол астындағы қызметкерлерге не үшін ескертпегені түсініксіз. Зейнеткер басшы қазір орнында жоқ, қоңырауға да жауап бермейді.

Талдықорғандағы Н. Тілендиев атындағы саз мектебі 1956 жылы ашылған. 3 қабатты ғимаратта 46 музыка кабинеті, үлкен және кіші концерт залдары бар. Шағымданушы ұстаздардың айтуына қарағанда, ғимараттың бірінші қабаты әлдеқашан өзгенің қолына өтіп кеткен. Мұнда қазір Талдықорғандағы орта мектептердің есепшілері отырады екен.


Мақала авторы:

Ербол Ілияс

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Зарина Тлеужанова 08 Қараша, 2019

Что ещё осталось не в частных руках? Почему не ставят в курс дела родителей? Да что там говорить о родителях, когда об этом даже и не знали преподаватели ? Что в нашей стране, кто что захотел, тот то себе и загробастал? Оставьте в покое людей творчества и детей!!!

Жауап беру

Ұқсас жаңалықтар