Шымкент соты жұмысшылар құқығын қорғаған белсендінің ісін қайта қарауға жіберді

Дерек көзі: www.azattyq.org - 06.11.2019353

5 қараша күні Шымкент қалалық соты республикалық "Жемқорлыққа қарсы күрес" қоғамдық қорының өкілі, заңгер Жаңабек Әбішевтің ісін Абай аудандық сотының тергеуіне қайта жіберді. Бұл туралы Азаттыққа қалалық соттың баспасөз хатшысы Қабыл Дүйсенби айтты.

Қабыл Дүйсенбидің сөзінше, "аудандық соттың шығарған шешімінің күші жойылып, істі қарауға кері қайтарды. Себебі қалалық сот сот тергеуінде процессуалдық норма бұзылғанын анықтаған".

25 маусым күні Шымкент қаласындағы Абай аудандық сотының шешіміне сай, республикалық "Жемқорлыққа қарсы күрес" қоғамдық қорының өкілі, заңгер Жаңабек Әбішев өзін сотқа берген кәсіпкер Александр Абдиевке 30 мың теңге моральдық шығын төлеуі тиіс болған.

"Аппақ" компаниясының басшысы Александр Абдиев "ар-намысына тиді" деп, сотқа шағым түсірген. Жаңабек Әбішев Александр Абдиевтің қол астында істейтін жұмысшылардың құқығын қорғаған. Белсенді Әбішев "Абдиев жұмысшыларды түрлі сылтаумен заңсыз жұмыстан шығарды" деген.

Осыдан кейін Абдиев Әбішевті сотқа берген. Александр Абдиев белсендіден алғашында бес миллион теңге, сот тергеуі кезінде жеті миллион теңге өндіріп беруді талап еткен. Аудандық соттың судьясы Мейрамгүл Құдайбергенова Жаңабек Әбішевті Александр Абдиевке 30 мың теңге моральдық шығын төлеуге міндеттеген. Апелляциялық шағымды екі тарап та түсірген.

Жаңабек Әбішев бұған дейін "міндетінен тыс жұмысқа тартылып, директордан қысым көрген" шымкенттік мұғалім​ Гүлжан Сәлімбаеваның, билік шешімімен жабылған Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясының бұрынғы жетекшісі Лариса Харькованың, мәжбүрлі емдеуге күштеп жатқызылған белсенді Ардақ Әшімнің сот істеріне сенімді өкіл ретінде қатысқан.

Мақала авторы:

www.azattyq.org

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.