Қазақстанда тәуелсіз партия құру мүмкін бе?

Есдәулет Қызырбекұлы - 06.11.20191572

Президент Нұрсұлтан Назарбаев наурыз айында қызметінен кететіндігін мәлімдегеннен кейін, Қазақстандағы саяси өмір өткен жылдармен салыстырғанда біршама қыза түсті. Әртүрлі бағыттағы саясаткерлер ұйым, бірлестік, партия құру жөнінде бастамалар көтере бастады. Осыған байланысты бүгін біз «Қазақстанда тәуелсіз партия құру мүмкін бе?» деген сұраққа жауап іздеу мақсатында саясаткер Жасарал ҚУАНЫШАЛИН, саясаттанушылар Дос КӨШІМ мен Толғанай ҮМБЕТӘЛИЕВАНЫҢ пікірлерін білуді жөн көрдік.

Саясаттанушы, Дос КӨШІМ: «Дәл қазіргі біздің авторитарлық жүйеде партия құрылып, парламентке барған күннің өзінде ол ештеңе жасай алмайды. Өйткені «Нұр Отан» өз орнын бермейді, сайлаудың қалай өтетінін білеміз ғой. Сондықтан ол бір заңды не тоқтата алмайды, не өткізе алмайды... Егер қоғамның барлық жағы жөнделмесе, тек қана бір институттың, бір ғана демократиялық құрылымның дүниеге келуі мүмкін емес, мүмкін болса да ол өзінің саяси аренадағы жұмысын жасай алмайды. Сайлау заңы дұрысталмай, тәуелсіз баспасөз өз орнына келмей, жергілікті өзін-өзі басқару және т.б демократиялық институттар орнамай, жеке бір институттың орнап, жұмыс істеуі мүмкін емес... Партия құруға талпынып жатқан белсенділердікі – ред) дұрыс. Себебі осылай қозғау салады. Қоғамда осындай институттар әлі болған жоқ. Осы ұмытылыстары қажеттілікті көрсетіп отыр. Осыған байланысты билік те ойлануы керек. Бұл ұмытылыстар осы институт пен заңдардың түзелуіне алып келуі әбден мүмкін. Жаңа президент келіп, бұрынғы президентіміз кеткенде адамдарда «осы мүмкіндікті пайдаланып қалайық», - деген үміт пайда болды. Мен оны қолдаймын. Себебі адамдар сол арқылы оянады, саясатқа келе бастайды...».

Саясаткер, Жасарал ҚУАНЫШАЛИН: «Назарбаев басқарып отырған диктаторлық жүйеде тәуелсіз партия құру мүмкін емес. Қазір олар жер жерді аралап, партияның бөлімшелерін құрып, басшыларын сайлап жатыр. «Оппозициялық» деген атынан шошып отырған билік, сөйтіп еркінсітіп қоя ма? Әрине жол бермейді ондайға. Тек қана келісім арқылы жасалады ондай тірліктер».

Саясаттанушы, Толғанай ҮМБЕТӘЛИЕВА: «Мынандай заңдық кедергілер кезінде партияны тіркеу өте қиын, тіпті мүмкін емес. Қазіргі жағдайда партияны тіркеу үшін билік құрылымдарымен келісім болуы тиіс немесе саяси элитаның бәсекелестерінің пайда болуына көзқарасы өзгеруі керек. Бірақ мен мынадай қиын-қыстау кезеңде билік бұлай жасайды дегенге күмәнмен қараймын. Менің ойымша, билік тәуелсіз партияларға мүмкіндік бермейді... Көшбасшы кеткен тұста бұрын басымдығы болмаған, тыныш бақылаушы болып отырған адамдарда билік үшін күресуге мүмкіндік пайда болады. Бұл кез келген жүйеде болатын жағдай. Менің ойымша, дәл қазір осындай топтар белсенділер арқылы партия құруға талпынуда. Әзірге оларды тәуелсіз деп айту ерте».

Коллаж: zhasalash.kz

 


Мақала авторы:

Есдәулет Қызырбекұлы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.