Ақтөбеде Мамай жақтастарына "қысым жасалғаны" хабарланды

Дерек көзі: www.azattyq.org - 06.11.2019408

Белсенді Жанболат Мамай құрайын деп отырған демократиялық партияның бастамашыл топ өкілдері Ақтөбедегі жақтастарына "қысым жасалғанын" хабарлады. Бұған дейін Мамай бастаған бастамашыл топ өкілдері Қазақстанның батыс өңірін аралап, партияға адам жинайтынын хабарлаған, бірақ Мамайдың өзі "пробациялық бақылау қызметінің тыйымына" байланысты бұл сапардан қалып қалған.

Бастамашыл топ мүшесі Инга Иманбайдың айтуынша, 5 қарашада Ақтөбедегі кездесу қарсаңында облыс әкімдігі жергілікті белсенді Бақыт Жаншаеваға "қысым жасаған". Мұны Бақыт Жаншаеваның өзі де растап отыр.

- Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Марат Тоғжанов пен облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова әкімдікке шақырып алып, үш сағаттай ұстады. Азаматтық позициям мен белсенділігіме қатысты сауалдар қойды. Мамайдың партиясы туралы сұрады. "Осындай істердің басы-қасында үнемі жүресіз. Оның бәрі досьеңізге жазылады, бала-шағыңыз бар" деп ескертті, - дейді Бақыт Жаншаева Азаттық тілшісіне.

Инга Иманбай "осыдан бір күн бұрын Орал қаласында болып, партия құру үшін мың адамнан қол жинадық. Жақтастарымыздың көбейгенін көрген билік алаңдай бастады" дейді.

Ал Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Марат Тоғжановтың сөзінше, Бақыт Жаншаева әкімдікке өзі басқаратын "Үш таған" журналының шаруасымен барған.

- Басқа айтарым жоқ, мен ешкімге қысым жасаған емеспін, - деді Марат Тоғжанов Азаттыққа телефон арқылы.

Ақтөбе облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова да "белсендіге қысым жасалды" деген тұжырымды жоққа шығарып отыр.

- Бақыт Жаншаеваның азаматтық позициясы мен қоғамдық белсенділігіне әкімдік кіріскен емес. Ол өз шаруасы. Біз онымен "Үш таған" журналына жазылу барысы, қаржыландыру мәселесі туралы ғана сөйлестік, - деді Бұлбұл Елеусінова.

Бірнеше апта бұрын белсенді Жанболат Мамай Қазақстанда жаңа оппозициялық партия құратынын мәлімдеп, бастамашыл топ құрылғанын хабарлаған. Екі жыл бұрын шартты жазамен босатылған белсенді өткен апта соңында пробация қызметінің тыйымына байланысты Алматы қаласы аумағынан шыға алмай отырғанын да айтқан.

Бұрын тәуелсіз "Трибуна" газетін басқарған журналист, қоғам белсендісі Жанболат Мамай "Мұхтар Әблязовтан қаржы алды" деп айыпталып, шартты жазамен босатылған. Сот оған үш жыл журналистік қызметпен айналысуға тыйым салған. Жанболат Мамай өзіне тағылған айыпты мойындамаған.

Мақала авторы:

www.azattyq.org

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.