ҰҚК: Қазақстанда 20 мыңнан астам адам экстремизмді жақтайды

Дерек көзі: www.azattyq.org - 06.11.2019167

"Қазақстанда 20 мыңнан астам адам деструктивті діни ағымды ұстанады" деп хабарлады ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарайтын терроризмге қарсы орталық бастығының орынбасары Сергей Швейкин Нұр-Сұлтанда дінтанушылар форумы кезінде. Бұл ақпаратты 6 қарашада "Курсив" басылымы хабарлады.

Швейкиннің айтуынша, "діни экстремистік ағым өкілдерінің басым бөлігі" Қазақстанның оңтүстігі, Атырау мен Ақтөбе, Қарағанды облыстарында, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында "шоғырланған".

Орталық өкілі негізгі халықаралық террористік ұйымдарда Қазақстан азаматтары бар екенін айтып, 2008 жылдан бастап қазақстандықтардың Ауғанстандағы экстремистік топтарға қосылу құбылысы байқалғанын, 2013 жылдан бері негізінен Сирия мен Иракқа кеткенін айтқан.

"[Сирия мен Иракқа барған Қазақстан азаматтарының] Олардың көбі сол жақта қаза тапты, бір бөлігі сол жақта ұсталып, бір бөлігі елге қайтарылды" деді Сергей Швейкин.

Қазақстан билігі әдетте "деструктивті діни ағым" ұғымын "дәстүрлі емес" діни ұйымдарға қатысты қолданады. Құқық қорғаушылар Қазақстан заңнамасында бұл ұғымның өте бұлыңғыр жазылғанын айтып, сынап келеді.

Дінтанушылар форумында Сергей Швейкин "деструктивті ағым өкілдерін есепке алу" кезінде орталық "дәстүрлі емес ағым өкілдерінің барлығын террористер қатарына кіргізбейді, себебі олардың арасында "діни фанат еместер" де бар деп айтқан.

2018 жылы шілде айында ҰҚК Азаттыққа Сирия мен Иракта соғыс басталғалы Қазақстанның 800-ге жуық азаматы Таяу Шығысқа кеткенін хабарлаған болатын.

Қазанның 17-інде ҰҚК жариялаған ақпаратта "Жусан" операциясы аясында 595 Қазақстан азаматының Сириядан елге қайтарылғаны, олардың 400-ден астамы - бала екені айтылған. Олар негізінен осыдан бірнеше жыл бұрын Ирак пен Сирияның ауқымды бөлігін басып алған ДАИШ террористік тобына қосылғандардың отбасы мүшелері.

"Жусан" операциясы аясында Таяу Шығыстан жеткізілген бірнеше адам осыған дейін жауапқа тартылған. ҰҚК дерегінше, Сириядан елге оралған 10 ер және 5 әйел айыпты деп танылып, сот үкімі бойынша түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылған.

Мақала авторы:

www.azattyq.org

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.