Қызылордадағы құм мен құжат құрсауындағы ауыл

Мадияр Жалғасұлы - 06.11.20191109

Қызылорда облысына қарасты Арал ауданы, Қосаман ауылдық округі осы уақытқа дейін құм көшкінінен зардап шеккен ауылдардың бірі. Ауыл жұртының көбі көшкіннен сақтанып, көрші мекендерге көшіп жатқаны жергілікті баспасөз беттерінде жарияланып келген. Дегенмен, ауылдағы кей ағайын жаңа жерге көшпек түгілі құм құрсауына жақын маңдағы 70 жылдан астам уақыт бойы тұрған ескі үйлерінің құжаттарын реттей алмай отыр.

- Аталған ауылдың Қосаман көшесі №36 үй тұрғыны Айтуған ҚОСАНОВ зейнет жасындағы қария. Баласы Ертуған ҚОСАНОВ 3 ай бұрын бүлдіршіндеріне жәрдемақы тағайындау үшін құжаттар рәсімдеген. Жәрдемақыны алу үшін үйдің жылжымайтын мүлік қорына тіркелген көк қағазы болу керек екен. Ауыл әкімі Ерлан САТТАРОВ үй әкімдіктің мәліметтер базасында жоқ екенін айтып, жанына үй құжаттарымен айналысатын жеке мекеменің қызметкері деп таныстырып, Гүлмира АЙТӨРЕЕВА есімді азаматшаны ертіп келіп, сол жеке мекеменің қызметін пайдалану керегін жеткізген. Одан кейін Гүлмира Айтөреева үйдің салығын төлеп келгені туралы анықтаманы, басқа да құжаттарға қосып, 171 мың теңге алған. Ол үшін үй иелері қолхат та сұрамапты. Бірақ әлі күнге дейін құжаттар дайын болмаған, - деп отбасының туысы Тазагүл ШАЙМЕРДЕНОВА құжаттардың түгенделуін сұрап отыр.

Мәселені айтып Қосаман ауылдық округі әкімдігіне хабарласқанымызда Марат КӘРІБАЕВ есімді азамат "үй иелерімен жолықтық, олар бұл мәселе бар, бірақ біреуге барып шағымданған емеспіз деп отыр. Уақыт өте шешілетін нәрсе" деп жауап қайырды. Содан соң ауыл әкімі Ерлан Саттаровпен байланысудың сәті түсті.

- Ол үйдің тұрғанына 70 жылдан астам уақыт болған. Тәуелсіздік алғанға дейін үйдің құжаты ретінде жүретін сары қағазы болатын. Үй иесі Айтуған Қосановтың баласы, Ертуған Қосанов балаларына жәрдемақы тағайындау керек болған. Ол үшін үйдің көк қағазы болу керек. Сол бойынша маған өтініш айтып келді. Үйдің коммуналдық қызметтерге салық төлейтін себебі, үй салық комитеті базасында тіркелген. Ал жылжымайтын мүлік қорына тіркелмеген. Бұл ауылдағы 20-дан астам үйдің мәселесі. Мен көмегім болсын деп Гүлмира Айтөреева есімді жеке мекеменің (мекеме атын айтпады) өкілін ертіп барып, құжаттарды тағайындау үшін ақылай қызмет көрсететінін айттым. Ал олардың арасында не айтылды, не істеді, қанша қаржы алғанын білмеймін, - дейді ауыл басшысы.

Әкімнен Гүлмира Айтөреевамен қалай хабарласуымызға болатынын сұрағанда, "ол кісі Ақтөбеге тойға кеткен, жуырда сөйлесе алмайды" деді. Туыстары арқылы Гүлмира Айтөрееваның ұялы телефонын тауып, хабарласқанымызда ешқандай мән-жайды айтпайтынын жеткізді:

- Жеке мекеменің атын айтпаймын. Мен ол жерде инженер болып жұмыс жасаймын. Үй иелері маған ақша бергенін дәлелдесін. Құжаттарына келер болсақ, олар әлі дайындалып жатыр, - деп қысқа қайырды.

Айтуған Қосановтың туыстары "мұндай мәселе ауылдағы 20-дан астам үйде бар. Халықтың құқықтық сауатсыздығын пайдаланып, заңсыз әрекеттерге бара беруге бола ма" деп отыр.

Фотоны автор ұсынды.

Мақала авторы:

Мадияр Жалғасұлы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.