«Ауыл – Ел бесігі» жобасы қалай жүзеге асырылады?

Сайт Әкімшілігі - 06.11.2019445

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаевтың биылғы жылғы 27 ақпандағы «Nur Otan» партиясының XVIII съезінде сөйлеген сөзінде еліміздегі 7,5 миллион ауыл тұрғынының әл-ауқатын жақсарту мақсатында перспективалы ауылдарды іріктеп, сол ауылдарда әлеуметтік саланы дамытуды, тұрғын үйлер мен жолдар салып, коммуникациялар жүргізуді қарастыратын «Ауыл – Ел бесігі» жобасын іске асыруды тапсырған болатын. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биыл 15 қазанда өткен жиналыста осы мәселе бойынша нақты жұмысты ұйымдастыру керектігін атап өтті.

«Ауыл – Ел бесігі» жобасының басты мақсаты – ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту, ауылдарды тұрақты дамыту. 

Жоба шеңберінде ауылдық елді мекендерде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту, ауыл халқының әлеуметтік игіліктер мен мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету және жалпы жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру бойынша бірқатар міндеттерді шешу көзделген. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы бойынша қанша жұмыс орны құрылады, қанша мектеп пен аурухана, қанша шақырым жол салынады, ауылдық елді мекендер газбен, сумен қаншалықты қамтылады, жоба аясында ауыл шаруашылығы саласында орта және шағын бизнесті дамыту үшін қандай шаралар қолға алынады, бұл туралы PrimeMinister.kz материалынан оқыңыздар.  

Жобаны іске асыру тетіктері 

Жалпы, еліміз бойынша 6,5 мыңға жуық ауылдық елді мекенде 7,7 млн-нан астам адам немесе ел тұрғындарының 42%-ға жуығы тұрады.

Қазіргі таңда ауылдық жерлерде шешімін табуды талап ететін бірқатар мәселелер бар. Мәселен, еліміздегі ауылдардың жартысынан астамында көшелер, білім беру және денсаулық сақтау нысандары жөндеу жұмыстарын жүргізуді қажет етеді, инженерлік желілері тым тозған. Осы мақсатта бірінші кезекте қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалар мен «Ауыл – Ел бесігі» жобасы есебінен ауыл инфрақұрылымын жаңғырту жүргізілетін болады, сонымен бірге Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, «Бизнестің жол картасы - 2020», «Еңбек» және басқа да қолданыстағы бағдарлама шеңберінде кәсіпкерлікті қолдау жүзеге асырылады.

2025 жылға дейін елімізде 5,5 млн-нан астам адам тұратын 1,8 мың ауылдық елді мекен жаңғыртылатын болады. Бұл ретте, «Ауыл – Ел бесігі» жобасын іске асыру тетіктері келесі шараларды қамтиды. Бірінші кезекте тірек ауылдық елді мекендер іріктелді, бұл ретте олардың даму әлеуетіне және қазіргі экономикалық жағдайына талдау жасау негізінде, осы ауылдарда іске асырылатын жобалар қоса қамтылатын болады. Екіншіден, әрбір жоба және елді мекен бойынша көзделген мақсатқа жету жөніндегі, өңірлік стандарттарға сай келетін Жол картасын жасау қолға алынды. Үшінші кезекте, Жобаларды іске асыру және бақылау мүдделі мемлекеттік органдарды және «Nur Otan» партиясын тарта отырып жүзеге асырылатын болады. Сондай-ақ жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесі туралы тұрғындарға тұрақты түрде ақпарат беріліп отырады.

Тірек ауылдарды іріктеу кезінде 4 блок: экономикалық, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымдары, экологиялық ахуалы есепке алынды. Бұл ретте көрсеткіштердің 50%-ы экономикалық блокқа тиесілі болды (мәселен, жұмыс орындарының ашылу әлеуеті). Бұдан басқа, ауылдардың өткізу нарығына (темір жол тораптарына, автомагистралдарға) және ірі қалаларға жақындығы, сонымен қатар Өңірлік стандарттар жүйесіндегі көрсеткіштер санының көп болуы ескерілді. Өңірлік стандарттарға ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасының көрсеткіші, олар үшін әлеуметтік игіліктер мен мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі бойынша нақты критерийлер тізімі, сондай-ақ ауылдық жерлерде өмір сүру үшін қажетті инфрақұрылымдармен қамтамасыз етілу деңгейі кіреді. 

Мәселен, тірек ауылдарда кемінде салалық нормативтерге сәйкес келетін 19 (ауылдық округ орталықтарында) және 26 (ауыл аудан орталықтарында) нысандар мен қызметтердің болуы көзделеді. Осыған байланысты, қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде ауылдарда инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру кезінде «бюджеттік сүзгі» (басымдықпен қаржыландыру) қамтамасыз етіле отырып, тірек ауылдарды дамытуда кешенді тәсіл қолданылады.

Жобаны тиімді іске асыру үшін Жобалық кеңсе, сондай-ақ облыстарда өңірлік кеңселер құрылды. Жобаны үйлестіруді және әкімшілендіруді Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі жүзеге асырады. Сонымен қатар, Парламент және мәслихат депутаттарының, қоғам, үкіметтік емес ұйымдар және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен Жобаға қоғамдық мониторинг ұйымдастырылады. 

Жобаны қаржыландыру көздері 

«Ауыл – Ел бесігі» жобасын іске асыруға 2019-2021 жылдары республикалық бюджеттен 90 млрд теңге бөлу көзделген, оның ішінде 2019 жылға 30 млрд теңге бөлінді.

Республикалық бюджеттен өңірлер бойынша қаражат бөлу даму әлеуеті жоғары ауылдық елді мекендерде тұратын ауыл тұрғындарының санының негізінде жүзеге асырылды.

Ауылдық елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық даму әлеуетін айқындау әдістемесі өзектендіріліп, оның аясында 6,6 млн адам немесе ауыл тұрғындарының 85%-ы тұратын 3 477 ауылдық елді мекен іріктеп алынды. 

2019 жылы 53 ауылдық елді мекенде жалпы сомасы 30 млрд теңгеге 452 жоба іске асырылып жатыр. 2020 жылы 250 ауылда жалпы сомасы 80 млрд теңге болатын 1641 жобаны жүзеге асыру жоспарланған, оның ішінде 2019 жылдан келесі жылға ауысатын 22 жоба бар. 

«Ауыл – Ел бесігі» жобасы шеңберінде әрбір ауылды қаржыландыру көлемі мен көздері анықталады. Ауылдарды дамытудың 2027 жылға дейінгі кестесі жасалады, ауыл экономикасын Дамыту картасы әзірленеді. 

Еліміздің барлық өңірлерінде ауыл инфрақұрылымын кең ауқымды жаңғырту басталады. Көзделген 30 млрд теңгеге қосымша, 2020 жылы 50 млрд теңге бөлінетін болады. Жалпы бөлінетін қаражатқа 250 ауылда 1641 жобаны іске асыру жоспарлануда. 

Ірі елді мекендерге айрықша назар аударылып, тұрғындарының саны көп аудан орталықтарындағы қордаланған өзекті инфрақұрылымдық проблемаларды шешуге басымдық берілуде. 1 аудан орталығын қаржыландырудың көлемі орта есеппен алғанда 670 млн теңгеге жуық. Бөлінген қаражаттың едәуір бөлігі Алматы облысына – 6 млрд теңге, Түркістан облысына – 3,7 млрд теңге, Ақмола және Жамбыл облыстарына 2,8 млрд теңгеден бағытталды. 

Өңірлердегі әкімдіктерге жобаларды кемінде 30%-ға қоса қаржыландыру ұсынылды. Қазіргі уақытта жобаларды іске асыруға жергілікті бюджеттен 4,7 млрд теңге бағытталды. Бұл орайда, қоса қаржыландырудың көп үлесі Атырау облысына – 84%, Қарағанды облысына – 32%, Ақтөбе облысына – 20%, Алматы облысына – 16% тиесілі. 

Жобаны іске асырудан күтілетін нәтижелер

ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясында ұлттық экономика вице-министрі Е. Алпысов «Ауыл - Ел бесігі» жобасын іске асыру қорытындысы бойынша биыл 4673 жаңа жұмыс орны құрылатынын айтты. Ауыл халқын жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету және іске асырылып жатқан жобалар бойынша жаңа дағдыларды игеру мақсатында, ауыл жастары тартылатын болады.

Сонымен қатар, ауылдық елді мекендерде 73 мектеп пен балабақша, 14 емхана, 47 мәдениет үйі мен спорт нысандары жөнделеді. 13 дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен 13 абаттандыру нысанының құрылысы басталады. 7 мың шақырымнан астам кентішілік көшелер салынып, жөндеуден өткізіледі. 

Бұдан басқа, 516 шақырым жол, 35 шақырым сумен жабдықтау желісі, 229 шақырым электрмен жабдықтау (жарықтандыру), 136 шақырым газбен жабдықтау, 20 шақырым жылумен қамтамасыз ету нысандары жөнделіп, салынады. Барлық ауыл халқы сапалы ауыз сумен қамтылады, әлеуметтік нысандарды жаңғырту бойынша кең ауқымды жұмыстар жүргізіледі. Жүргізіліп жатқан инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары ауыл экономикасын дамытуға соны серпін беретін болады. 

«Келесі жылдан бастап кластерлік тәсілді енгізуді көздейміз, онда ауылдық елді мекендер жекелеген топтар – кластерлер (тірек ауылдан 10-15 км радиуста) аясында қарастырылатын болады», — деді Е. Алпысов. 

Мәселен, Ақмола облысындағы Шортанды ауылы жақын орналасқан ауылдар үшін тірек ауыл болып саналады. Аталған ауылдардың халқы үшін барлық әлеуметтік игіліктер мен қызметтер тірек ауылында ұсынылады. Көлік байланысы орнайды. Жалпы, «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасы аясында Ақмола облысында 2019 жылы 19 жоба қарастырылған, олардың 8-і бойынша келісімшартқа қол қойылған. 

Қазіргі уақытта даму әлеуеті бар 3 477 ауыл іріктеп алынды, оның ішінде – 1 150 тірек және 200 шекара маңындағы ауылдар енгізілген 2 327 спутниктік ауылдар. Аталған ауылдарда 6,6 млн адам немесе ауыл халқының 85% тұрады, бұл ауылдар басымдықты түрде дамытылатын болады. 

2019 жылы 52 ауылдық елді мекен іріктеп алынды, бұл ауылдарда 454 іс-шара іске асырылуда, оның ішінде көлік инфрақұрылымын дамытуға – 247, әлеуметтік инфрақұрылымға – 135 және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына 72 іс-шара бағытталған. Жоспарланған іс-шараларды іске асыру ағымдағы жылы 50-ден аса ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымдарын жаңғыртуға және 700 мыңға жуық ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Облыс әкімдіктері бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында ірі жүйеқұраушы кәсіпорындармен және меценаттармен бірге ауылдарды абаттандыру мәселелерін пысықтап жатыр. Сондай-ақ, Тұңғыш Президент - Елбасы Н. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында туған ауылдарды абаттандыру бойынша ірі кәсіпкерлердің туған жерлеріне қамқорлықпен қарау мен меценаттық мысалдары бар. Мәселен, соңғы екі жылда Қарағанды облысының Шахтерское ауылын дамытуға, «Шахтерское» ЖШС директоры Г. Прокоп 1 млрд теңгеден астам қаржы инвестициялады. Ал «Агрофирма Родина» ЖШС директоры И. Сауэр Ақмола облысындағы Родина ауылын дамытуға 500 млн теңгеден астам қаражат салды. Белгілі кәсіпкер Бауыржан Оспановтың қаржы салуымен Алматы облысының Лепсі ауылында 1 млрд теңгеден астам сомаға әлеуметтік нысандар жөнделді. Мұндай мысалдар әр өңірде бар.

2027 жылға дейін 3,5 елді мекенді қамту жоспарланған, бұл жылдары болжам бойынша ауылдарда 7 млн-ға жуық адам тұратын болады, бұл бүкіл ел халқының 90%-ын құрайды. Бұл мақсаттарға қосымша 900 млрд теңге қаражат қажет. Яғни, «Ауыл - Ел бесігі» жобасын жүзеге асыру 7 жыл ішінде 7 млн ауыл тұрғынының өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. 

Жоба аясында АӨК дамыту 

Қазақстан Президенті Қ. Тоқаев биыл қыркүйек айында өткен Ауылды және агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелері жөніндегі республикалық кеңес барысында қой етін, құс етін, қозы етін өндіруді, сүтті мал шаруашылығын дамытуды және мал шаруашылығы өнімін экспортқа шығару ісін ілгерілету қажеттігін және осы мақсатта алдағы 10 жылда қосымша 50 миллион гектар жайылымдық жер пайдалануға берілетінін айтқан болатын. Осы тапсырманы және ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаевтың «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасын іске асыру бойынша «Nur Otan» партиясының XVIII съезінде берген тапсырмасын орындау мақсатында Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасын жүзеге асыруда. 

Айта кетейік, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында бірінші кезекте іріктелген ауылдық елді мекендердің мамандандырылуы және олардың қолда бар ресурстары: егістіктерінің, жайылымдарының, инфрақұрылымдарының болуы есепке алынады. Ол үшін Қазақстан Республикасының Агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының және оны іске асыру үшін әзірленген ұзақ мерзімді салалық бағдарламалардың жүзеге асырылуы жалғастырылады.

ҚР Ұлттық экономика министрлігінің «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру жұмыстарының биылғы жылғы қорытындысы бойынша ауылдық елді мекендердің іріктелген тізімі ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне жеткізілді. Мемлекеттік қолдау шаралары, атап айтқанда, «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ-ның еншілес компаниялары арқылы ауыл шаруашылығы саласын несиелендіру 2019 жылға іріктелген 52 ауылдық елді мекенге бағытталатын болады.

2018 жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы саласын «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ-ның еншілес компанияларының жалпы қаржыландыру көлемі 400 млрд теңгені құрады. Бұл қаржының 96%-ы (немесе 385 млрд теңгесі) несие мен лизингке (ұзақ мерзімді қарыздардың үлесі 90%) бағытталды. 20 мыңға жуық несие берілді. Бұл ретте несиелердің 98%-ы шағын және орта бизнес субъектілеріне берілді. Ағымдағы жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша салаға 337 млрд теңгеден астам сомаға қолдау көрсетілді.

Бөлінген қаражаттың 15%-ға жуығы «Ауыл – Ел бесігі» жобасы бойынша іріктеп алынған ауылдық елді мекендерге басымдықпен бағытталатын болады. Яғни, сүт және ет өңдеу кәсіпорындары тәрізді ірі инвестициялық жобаларға бөлінеді. Ал мал бордақылау алаңдарының құрылысы, шалғайдағы мал шаруашылығын дамыту жобалары мал асырау стандарттарын, ветеринарлық қауіпсіздік ережелерін және басқа да нормаларды ұстану қажеттілігіне сәйкес ауылдық елді мекендерден тыс жерлерде шоғырландырылады.

«КазАгро» ҰБХ АҚ мәліметі бойынша іріктеліп алынған ауылдық елді мекендерде агробизнесті қолдауға 23,5 млрд теңгеге 2 мыңнан астам жобалар мақұлданды, 1,5 млрд теңгеге 108 жоба қарастырылу үстінде.

Бұдан басқа, бағдарлама аясында агроөнеркәсіптік кешеннің басым бағыттары бойынша қабылданған ұзақ мерзімді салалық бағдарламаларды іске асыру жалғастырылады. Бұл бағдарламалар етті және сүтті мал шаруашылығын, құс шаруашылығын, қарқынды бақ шаруашылығын, суармалы жерлерді ұлғайтуды және т.б. қамтиды. 

Салалық бағдарламалардың қатысушылары үшін қолдаудың жеке шарттары ұсынылады: мал басын сатып алуға, техника және жабдықтар сатып алуға фермерлік шаруашылықтарға жеңілдетілген несиелер беру, жайылым инфрақұрылымын құру. Атап айтқанда, етті мал шаруашылығы бағдарламасы шеңберінде малды және қажетті азық дайындайтын техниканы сатып алу 4% сыйақы мөлшерлемесімен 15 жылға берілетін жеңілдетілген несие есебінен қолжетімді болады.

Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының салалық «сүт бағдарламасы» бойынша сүт өндірісінің көлемін 10 жылда 1 млн тоннаға арттыру көзделген. 2027 жылға дейін қуаттылығы 400 мал басы болатын 527 жаңа отбасылық, қуаттылығы 400 мал басы болатын 139 өндірістік тауарлық-сүт фермасын ашу жоспарланған.

Құс шаруашылығын дамыту салалық бағдарламасының аясында алдағы 10 жылда құс етін өндірудің деңгейін 3 есеге өсіру (200 мың тоннадан 700 мың тоннаға дейін), сөйтіп импорт алмастыру қамтамасыз етілетін болады. 

Қарқынды бақ шаруашылығын дамыту салалық бағдарламасы аясында алдағы 10 жылдың ішінде 47 мың га алқапқа қарқынды бақтар салу көзделген. Қарқынды бақтар орналастырылатын негізгі өңірлер ретінде Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстары алынды. 

«Ауыл – Ел бесігі» жобасы бойынша іріктеліп алынған ауылдық елді мекендердің ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер осы салалық бағдарламаларды іске асырылуына белсене қатыса алады.

А.ж. 6 қараша күні өткен Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин бұған қоса, 2020–2026 жылдары жобаны қаржыландыру көлемін ұлғайту мәселесі пысықталатынын айтты. Бұл ретте Үкімет басшысы Қаржы министрлігіне Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, «Ауыл – Ел бесігі» жобасын қаржыландыруды 2020-2026 жылдары 900 млрд теңгеге дейін ұлғайту бойынша ұсыныстар енгізуді тапсырды. Бөлінетін қаржы көлемінің ұлғаюына байланысты 2026 жылға дейін әрбір жылға бөлумен және қажетті қаржы көлемін көрсетумен даму әлеуеті жоғары және спутник ауылдық елді мекендердің тізбесін қайта қаралатын болады. ҚР Премьер-Министрі әкімдіктердің жобаны 30% көлемінде бірлесіп қаржыландыру көздерін айқындауы керектігін, бұл ретте, қалған 70%-ы республикалық бюджет есебінен қаржыландырылатынын баса айтты. Сонымен қатар, даму әлеуеті жоғары және спутник ауылдық елді мекендерде іске асырылатын жобалар үшін бюджеттен тыс қаражатты тарту көздерін анықтауы қажет. 

Жалпы, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 2019-2020 жылдары 300-ге жуық даму әлеуеті жоғары ауылдарды толық жаңғырту жоспарланған, бұл ауылдық аумақтар мен жалпы елдің дамуына серпін береді. Ал биылғы жылдың соңына дейін Үкіметке 2020-2026 жылдарға арналған жаңартылған «Ауыл – Ел бесігі» жобасы енгізілуі тиіс. 

«Жобаның бастапқы қарқыны жақсы. Оны іске асыруды да белсенді жалғастыру қажет», — деді А. Мамин.

 «Ауыл – Ел бесігі» жобасы бойынша ауылдық елді мекендерді кешенді дамыту ауылдағы тұрмыс сапасын жақсарту мен жұмыс орындарын құруды көздейтін басқа да бағдарламалық құжаттар аясында жүзеге асырылады. Жалпы, барлық бағдарламалар бойынша, соның ішінде, жерігілікті инфрақұрылымын, автожол желісін дамыту, ауыз сумен қамтамасыз ету және тағы да басқа бағдарламалар бойынша 2 трлн теңге қарастырылған.

Фото: primeminister.kz


Мақала авторы:

Сайт Әкімшілігі

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.