Манарбек Қыдырбай. Тітіркену

Сайт Әкімшілігі - 07.11.2019677

Әлеуметтік желідегі аватарыма бет-әлпеті келіскен бір жігіттің фотосуретін орналастырып, жасырын парақша ашқаныма біраз уақыт болды. Күндегі әдетім бойынша жасырын ашқан парақшама кіріп, әлеуметтік желі арқылы танысқан қыздармен тағы да болмайтын әңгіме-дүкен құрып отырғам. Уақыт өткізіп. Кенет белгісіз біреуден достық ұсыныс кеп түсті. Ең бірінші жасаған әрекетім – фотошоппен өңдеп түскен көз қарықтырар суреттерін қарадым. Тамсанғаным соншалық «Сүйкімді екен. Суреттеуге сөз жетпес, сірә да», - деп іштей күбірледім. Жартылай жалаңаш әйел бейнесін көрсем болды, лүпіл, яғни лайк басып машықтанған саусақтарым бұл жолы да әдеттегісінен танбады. Суреттері кез келген еркек кіндіктіні еліктіріп, есінен тандыратындай сымбатты екен. Әсіресе қып-қызыл шырынды еріндерін бұртитып, қаламмен сызып қойғандай қап-қара қасын керіп, қарашығын төңкере қарап тұрған бейнесі беймәлім жұмбақ әлемге жетелейтіндей. Ынтығып кеттім. Марлыдай жұқа жеңсіз жемпірдің кеуде тұсын тесіп шығардай тырсиып әрең сиып тұрған қос алмасы мен бұраң белінен бір шама бөлек тұрған бөксесін көргенде, еркімнен тыс дегбірсізденіп мазам кетті. Достығын қабылдамасқа шарам қалмады. Аңсарым ауып, түн ортасына дейін суреттеріне телміріп, тесіле қараумен болдым. Оның онлайн болып, желіге кіруін асыға күттім... Тіл қатуға асықтым. Тіпті суреттерінің астына пікірде жазып үлгердім. Бір суретінің астына жұрттарда бірнеше пікір қалдырыпты, оның өзінде, «супер.. керемет, ғажапсың, сұлусыңнан» аса алмапты. Бәрінен асып түскім келді, ол үшін не істеуім керек, ақындығыма басып, оған өлең арнағым келген-ді. Көп ойланып отырмадым. Еріншектігім ұстап қалды. Қисынсыз болса да табан астында тапқырлығым ұстап, Мұқағали Мақатаевтың өлеңінің үзіндісі есіме сап ете қалды... Көз ілеспес жылдамдықпен жазып жібердім: 

«Сүйгісі келе берер  сүйген ерін,

Сүй, жаным, сүйкімді бір күйге енемін,

Жүрегіміз жақыннан бірге соқсын,

Ағытшы бешпентіңнің түймелерін...» деп жазып, қып-қызыл боп лүпілдеп, соғып тұрған  жүректің белгілерін аямай, қаз-қатар тізіп, бірінің артынан бірін жібердім. Ұнатқан адамыма алдын ала  жанына майдай жағатын жақсы сөздер жазып әрекет жасау ес білгелі қалыптасып қалған қағидам сияқты. Несін жасырайын, бар ойым тездетіп құрығыма түсіру... Айламды асырып, бір түн құшағыма түнету... қиялыммен қаншама рет киіндіріп-шешіндірумен болдым. Ғайыптан келген қандай сиқыр екен деп таңдандым... Ғаламторды шұғыл ақтарып, ол жайында басқа да ақпарат іздестірдім. Артық ақпар таппадым. Instagram, WhatsApp, facebook дейсің бе әйтеуір, бәріненен тісқаққан ұрыдай тіміскілеп іздедім... Тек Вконтактеде ғана парақшасы бар екен.  Дұрыстап  тағы қарадым, ешқандай ортақ досымыз жоқ екен... Қуандым.

Басқа қыздарға көз де, сөз де салмаймын деп өз-өзімді үйленгеннен бері үгіттеп,  осы күнге дейін тежеп баққам, әйеліме де үйіп-төгіп уәде бергем.  Тек сөз жүзінде. Ауылдың аңқау қызы оған да нанған-ды. Ол маған сенеді. Отасқаныма он ай болса да, мен жайлы күдік көкейіне ұялап көрмеген-ді. Маған деген көңілі ақ, пейілі пәк. Маған сенгендіктен мен университетті толық тамамдағанша екеуміздің болашағымыз үшін, ол жұмыс жасап, мен оқимын деп екі қалада тұруға келісімін берген-ді.  Соны біле тұра, бар болмысымды жат пиғыл иектеп алды. Қай түлен түрткенін түсінсем бұйырмасын, қас-қағым сәтте бұрынғы қалпыма қайта оралғандаймын. Сол баяғы бойдақ кезімдегідей, қыз көрсем болды, қызыл көрген бұқадай көзім қызарып, көңілім алабұртып, алуан түрлі күйге еніп шыға келетін болыппын. Өткен-кеткенді ой елегінен өткізіп бақтым. Мен әйелімді сүйетіндігіме күмәндана бастадым. Оған тек нәпсінің жетегімен ұшқалақ сезімнің ұшқынымен үйленген сияқтымын. Егер оны бар жан тәніммен арбалып сүйсем, басқаға көңіл аудармас та едім ғой. Бірақ, әйелімнің басқа еркекпен сейіл құрып жүргенін көз алдыма елестетсем өне бойым  өртеніп, қызғаныштан жарыла жаздаймын...

Таң қылаң бере бастаған шақ еді. Көзім кіртиіп, жұмбақ қыздан жауап күтіп  отырған жерімде қалғып кетіппін. Енді-енді уыз ұйқы құшағына еніп суреттегі сұлуды түсімде сүйіп, аймалай бастаған кезім... Дәл сол сәтте қалта телефоным безілдеп қоя берді. Жүрегім дір ете қалды. Көзімді тырнап ашып, тұтқаны көтердім. Тілім күрмеліп кінәлі адамдай кібіртіктеп қалдым.

- Қайырлы таң, жаным! Күнің сәтті өтсін!

- Қайырлы таң... -  деп жасқаншақтап үн қаттым. Ол менің түндегі әрекетімнен  хабар алып қойды ма деп қатты састым. Өзімді кінәлі адамдай сезініп, сөйлесуден қашқақтай бастадым.

-... (үнсіз тұрмын)

- Әлө... жаным... неге сөйлемейсің? Ұйықтап қалдың ба?

-  Жоқ. Неге таң атпай хабарласып тұрсың? –деп өктем үнмен сөйлестім. Оның күн шықпай тұрып, таңғы алтыда жұмысқа баратыны тас есімнен шығып кетіпті. Ол дала қараңғы болғандықтан  аялдамаға жеткенше менімен сөйлесіп баратын-ды. Күндегі әдеті сол.

- Жаным дала қараңғы... қорқам...

-  Мен барда ешкімнен қорықпа!

- Қашан келесің? Сағындым!

- Мен де! Демалыс күндері.

- Автобус келді... бетіңнен сүйдім маубас...

- Жақсы... сау бол.

Тұтқаны асығыс қоя салдым. Әлеуметтік желіде жасаған ерсі әрекетімнің кесірінен өзімді қатты ыңғайсыз сезіндім... Бұл тек алғашқы күнгі әсер екен. Келесі сөйлескен сәттерде түк білмегендей жасанды жақсы сөздер айтып сөйлесе беретін болдым. Әлгі әлеуметтік желіде әлек қылған қызбен де ептеп қарым-қатынасым жақсара бастады. Бір-бірімізді көруге ынтыға бастадық. Күнделікті күйбең тірлікті ұмытып, тек сонымен ғана сөйлескім кеп, соны ғана ойлайтын халге жеттім. Ол маған тіпті бет жүзін көрсетпей, нәпсіні қоздыратындай тыр жалаңаш күйде түскен суреттерін жіберіп, еріксіз еліктіретінді тапты. Әйеліммен сөйлесуді сиреттім. Арамыз күннен күнге алшақтай бастады. Ол мені, мен оны ұмытқандаймыз. «Неке куәлігі» деген құжат болмаса, біз бөтен боп кеткендейміз. Менің қиялымда тек бір адам ғана үстемдік орнатты, күндіз-түні. Ол менің сезіміме тіл қатты. Ол да менің суретімнің астына лүпілдеген қып-қызыл жалын жүректің бейнесін жіберіпті... Сол сәттен бастап, жанармайға тиген жалғыз шырпыдай сезімімді өртке айналдырды. Сезімімді хат арқылы ашық білдіре бастадым. Бірінші қадамды былай бастадым:

- Неткен сұлу, неткен ажарлы едің, жиырма бірінші ғасырдың Монолизасы!

- Асыра сілтедің-ау ханзадам!- деп жазыпты! Ханзадам деген сөзіне балқып масаттана бастадым білем:

 - Сен менің жұмбақ ханшайымымсың, жүзіңді бір көрер күн бар ма екен...

- Әрине сері жігіт... жер деген дөңгелек қой, ойламаған бір күні жүздесеміз...

деген сияқты қызу әңгіме басталды. Жалғанда тірі жанға арнамаған жылы сөздерімді соған ғана арнадым. Көп уақыт оздырмай кездесуге келістік... бір ай бойы тек хат арқылы сөйлесіп, сезім сергелдеңіне түстік. Күндіз-түні толассыз жазылған желідегі хаттар легі тоқтамады.

Мен оны жердің түбінде болса да іздеп бармаққа бекіндім...

Көп уақыт бойы жұмбақ қыз бен кездесуге баруға қорықтым. Әйелімнің көзіне түсіп қалам ба деп сескендім. Аңдаусызда әйелім көріп қалса, шаңырақтың шайқалары сөзсіз. Бірақ, әйеліме білдірмей, онымен кездесуге бел байладым. Келісім бойынша кездесуге бес минут қалғанда бір-бірімізге телефон нөмірлерімізді береміз деп хат жазыстық. Жүрегім алып-ұшып алапат сезімнің жетегімен  дәл келіскен күні, келіскен уақытта келіскен жерге жеттім... Ешкім білмейтін жаңа нөмірімді оған жазып жібердім. Ол да келгенін айтып, желі арқылы нөмірін жазды. Жедел қоңырау шалдым. Тұтқадан бейтаныс  үн естілді. Жүрегім дір ете қалды. Қорқыныштан немесе үрейден екенін түсіне алмадым. S көшесінің қалтарысында  бетпе-бет кездескен бойда, бір-бірімізге қарама-қарсы  сілейіп қаттықта қалдық. Ол маған қарап ыржалақтап тұрған тәрізді.  Өз көзіме өзім сене алар емеспін... Қарсы алдымдағы адам  боянып-сыланып, сырға таққан әйел тектес «еркек» боп шықты. Тұла бойымды тоқ ұрып өткендей, денем тітіркеніп кетті. Сасқанымнан жалт беріп тұра қаштым... 

Суреттегі бейне құр картина екен. Содан бері әлеуметтік желідегі бейтаныс жандармен сөйлесуге сескенетін болдым.

Мақала авторы:

Сайт Әкімшілігі

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.