Төрт әкімнен де қайыр болмады

Жанар Қожанова - 07.11.20191069

Ақтөбедегі оқушылар күніне алты шақырым марш-бросок жасайды. Тәлімгерлер әскери мектептің шәкірттері емес.

Ақтөбе қаласынан бар-жоғы 2-3 шақырым жердегі Шестихатка ауылына адамдар 2013 жылдан бастап қоныстанған. Астана ауданына кірегтін елдімекенде содан бері жол жоқ. Әр жылдары қаланы басқарған  Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВ, Ерхан ОМАРОВ, Бекбол САҒЫН, Ілияс ИСПАНОВ та қараша халықтың бұл проблемасын шеше алмады. Жазда шаңдақ, көктем мен күзде батпақ жол енді Мавр АБЛУЛЛИНГЕ «мұра» болып қалған.

Бүгін Шестихатка ауылының елуден аса тұрғыны БАҚ-ры өкілдеріне базынасын жеткізді. Жол жасалмақ түгілі бұл елді мекенге қоғамдық көліктер де келмейді екен.

«Балаларымыз үш жарым шақырым жерге қатынайды. Мектептің өзіне. Ауылдың шетінен есептегенде үш жарым шақырым. Қала әкімі де келіп кетті. Қыркүйекте автобус жүргіземіз оқушыларға деді. Оның да уәдесі орындалмады», - дейді Жылқаман МЕРЕЙОВ.

Шестихатқа деп аталып кеткен ауылда қазір жүз шақты үй бар. Әр үйден мектепке баратын екі баладан шыққанда шамамен  екі жүздей бала оқуларына күнде жаяу барып келеді.

«Осы әкімдер келгенде мен талай айттым: «өздеріңіздің балаларыңыз жаяу жүрмейді» дедім. Біздің балаларды аямайсыңдар ма? Балаларымыз қорқады. Ата-аналар шұбырып апарады сабаққа апарады. Кешкісін аялдамада күтеді. Осы аялдама мен екі ортаның өзі бір талай шақырым жер. Қыстың күні де солай қатынайды. Жаяу келеді. Қатты боранда шықпай қалады», -  дейді осы ауылдың тұрғыны Ғалия СМАҒҰЛОВА.

Әкімдіктегілер тұрғындардың алты жылдан бері талап етіп келе жатқан жол мен қоғамдық көлік мәселесінің әзірге шешіле қоюуы екі талай. Сөздерінше ауылға жол салу үшін қаржы керек.  Биылғы бюджетте қарастырылмаған. Ал жол түспей ауылға қоғамдық көлік кірмейді дейді жауаптылары. Қыркүйек айынан бастап жүргіземіз деген  мектеп автобусын жақын арада шығарамыз деп тағы да уәде етті.

«Қоғамдық көліктің кіруін қамтамасыз ету мақсатында осы жолды қажет етеді. Жолды жобалау жұмыстарын жүргізу мақсатында қалалық ЖКХ бөлімі қазіргі уақытта сол жобалаумен жұмыстар жасалып жатыр. Ал мектепке қатынайтын автобус бойынша қалалық білім бөлімі осы жақын арада процедураларды өткізіп, қамтамасыз етуді өздері мойындарына алды»,- деді Ақтөбе қаласы Астана ауданының әкімі Бағжан ТІЛЕГЕНОВ.


Фотолар автордікі.

Мақала авторы:

Жанар Қожанова

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.