Думан Терлікбаев: Қасиетті ойын

Сайт Әкімшілігі - 07.11.2019988

1.

Көрші бөлмеден шыққан қырылдаған қоңыр дауыс түнгі ұйқыны бұзады. "Тыныш тұр" деп бұйырады директорымыз, он үш жастағы Фархат есімді қара-торы балаға. Ол жақта не боп жатқанын ешкім білмейді. Бізді ұйықтады-ау дегенде директор қатар жатқан төсектерді бір шолып шығады да Фархатты оятып алып кетеді. Ол таң ата төсекке аяқтары дірілдей келіп жатып, қыстыға жылайды. Ертесінде ештеңе болмағандай ұйқысы қанбаған түрімен теңселіп жүре береді. Ешкімге тіл қатпайды, а деп ауызын ашпайды. Аурушаң деп, оған жан баласы мән бермейді. Бұл мен паналайтын жетімдер үйінің күнделікті тіршілігі.

Жетімдер үйіне қалай тап болғанымды білмеймін. Әке-шешем де есімде жоқ. Кейде анамның бейнесі ойыма еміс-еміс оралады. Ол мені ағаш жайқалып тұрған бақтағы орындықтардың біріне отырғызады да өзі асығыс кетіп бара жатады. Сосын артына бұрылып жалт қарайды, сол кезде көзінде бір жалын жарқ етіп, ғайып болады. Тербелген ұзын қара шашы… Тіп-тік денесі… Жалп еткен жеңіл пальтосының етегі… Маған сондай анық, сондай таныс көрінеді. Бұл– анамды соңғы әрі жалғыз көргенім. Көрмегенде шығармын, ал бұл менің бала қиялымның жемісі болар.

Таң. Сарғайған жапырақтарды жел ақырын қозғап, күздің алғашқы нышаны байқалады. Көзді тырнап ашып, таңғы астың ырымын жасаған соң, біздің үйдің жиегімен бос теңселіп келемін. Бүгін жексенбі, сондықтан жұмысқа бармадым. Жаңбырдың ұсақ-ұсақ тамшылары ақырын себелейді.  Жанымыздағы бақтың бір орындығында Фархат тербеліп отыр. Күжірейіп әлдене ойлайтындай. Ұзақ бақсаңыз, анда-санда күрсініп қоятынын байқайтын едіңіз. Аяңдай қасына бардым. Фархат маған солғын көз тастады да, қайтадан алысқа қарады. Мен қалтамдағы кішкентай кітабымды алып, оқи бастадым.

- Күз келді, - деді Фархат біраздан соң, өзіне-өзі айтқандай болып. Мен қарағанда ақырын соққан желге жүзін тосып отыр екен. Оның дауысын есту бізге бұйра бермейтіндіктен, алғашында біраз аңырып қалдым да, -иә, -дедім сосын, - күрең күз… Ол ауаны терең жұтты да күрсінгендей болып, сарғайған жапырақтарға мәнсіз меңірейіп отыра берді. Қалтамнан шылымды шығарғанда Фархат шылым қорабына самарқау көз тастады да, бір данасын сұрады. Сұрағанын ұсынып, тұтатып бердім.

Түс ауа базардың адам аяғы сирек аймағындағы жеңілтек қыздар тұратын бұрышына бардым. Майра мені көргенінде соғыстан күйеуін күте сарғайған ересек әйелше қарады да, күлімдеді.

- Демалығым келіп тұр. Жасы он сегізге жаңа толса да әр-түрлі жұмыстан қатып қалған саусақтарымен мені жетелеп ішкі, тар бөлмеге алып келді. Шетте жалғыз төсек пен үстел ғана. Кеудесін шешіп жіберіп, тізерлеп отыра кетті…

Кетіп бара жатқанда, сығырайған жарықтан шеті көрініп тұрған үстелге ақшасын қоя салып, аяңдадым. Есікке жақындағанда Майраға бір көз тастадым. Ол үйі өртенген жандай, жасаураған жанармен көзін есікке қадаған күйі қала берді. Менің бұл бөлмеде бар жоғымды білмейтін де секілді. Сыртта әлі кеш бата қоймапты. Жел соғып, дауылдың келе жатқанын білдіріп тұр. Онысын сезген жұрт тез-тез асыға, илеуіне  жүгірген құмырысқадай жолды кес-кестей,  бір-біріне соқтығысып  жатыр. Елдің абдырап,  жаңбырлы дауылдан қашқанына пысқырып та қарамай, өзінің жеке әлемінде қалың қабақты кемпір сүт өнімдерін сатып отыр. Жанында тұрған сүт құйылған құмыраларға көзім түскенінде, алдынан өткен адамдарға жаутаңдай қараған кішкентай марғауды көрдім. Мияулап, қарны ашқандай көрінді. Тек дауысын еститін жан жоқ. Жан тәнімен айқайласа да, шыңғырса да адамдар тас керең боп құлақтарын жауып алғандай, мән де берместей…  Солай емес пе, қоғам ешқашан жан дауысыңды естімейді. Жүні умаждалып, кірленіп қалған мысықты қолыма алып, құшағыма қысқанымда бейшара мақұлық денемнің ыстығын сезсе керек, пырылдап сала берді. "Өзіміз өмірден баз кешсек те, басқаны бақытты қыла аламыз" дедім ішімнен елжірей. Қойныма қысқан күйімде сол марғауды жетімдер үйіне алып келдім де, төсектің астына жасырдым. Бұл жердің заңы бойынша жануарлар алып келуге болмайтындықтан, оны ит құсатып байладым. Кешкі астан қалтама салып бірдемелер алып кеп бердім. Алғашында мияуламай тыныш жатқанын көргенде, қарны тойса үнін шығармас деп үміттендім.

 

2.

- Ишақты зорлап… - ол өз күлкісіне шашалып, сөйлей алмай жатыр. Иесі көріп қойып сотқа беріп жіберіпті. Полиция ұстап алып кеткен екен, сөйтсе әлгі жұмысын істетіп жатқан адам арттарынан барып: "Әкеңнің, айтсаңдар апарамын ғой, апаратын жерге!"- деген екен,- деп тағы да қарқылдап күлді. Айналасындағы адамдар да ішек сілесі қатып күліп жатыр. - Ишақтың иесі, - деді күлкі арасында,- арызын алмай қойған екен. Бұл менімен бірге жұмыс істейтін әңгімешіл -Ермек. Ауылдан қалаға жаңа келіп қара жұмысқа кірісіп кеткен. Біз ересек балалар тоғызыншы сыныптан соң мектепті тастап жұмысқы шығамыз. Менің жасым он алтыда. Сондықтан қара жұмыстарға жарап қалғам. Жетімдер үйінің директорына күніне бес жүз теңгеден өткізіп тұруымыз керек. Болмаса балалардың ішіндегі ең үлкені Дарханды бізге айдап салады. Ол жанындағы нөкерлерін ертіп келіп, ақша бермеген баланы итше талап, күн көрсетпей, басына әңгір таяқ ойнатады. Он үш жасқа толғандардан ақша өткізбейтін жаңағы Дархан мен Фархат. Қалғанының бәрі жұмыс іздеп кетеді. Бірі базарда, бірі басқа жақта.  Кешке жұмыстан шығып, мысықтың жағдайын ойлап үйге асықтым. Келіп төсектің астына көз салсам, мысық орнында жоқ. Жүрегім қылт етіп, бір жамандықты сезе қойды. Басқа тапса жақсы, оны жай ғана көшеге жібере салар еді. Ал директордың ауыз жаласқан бас кесерлері тапса олар оны аямайды. Жетімдер үйінің тәрбиесін қадағалаған болып, әркімді бір зәбірлеп, шаш ал десе бас алатын әдеттері. Сонымен, мысықты іздеп жан-жақты аралап көрдім. Еш жерде жоқ. Көрші төсектің бірінде жататын Қалиды көріп қап, ақырын тамырын басып сұрап көрдім. Ол маған мөлдірей көз салды да, аула сыртындағы арықты нұсқады. Жүгіріп барып, арықты жағаладым. Мысықтың денесі ғана мыжғыланып жатыр екен. Басы… Құсқым келіп кетті. Құлағым шыңылдап сала берді. Басын таспен ұрса керек, адам айтып жеткізе алмайтын қорқынышты күйде.

Дәретхана жақта нөкерлерімен жиналып тұрған Дарханға бардым. Ол маған аса жиіркенішті мысқылмен қарап тұр.

- Неге өлтірдің? - деймін тістеніп.

- Заңды бұздың! - дейді ол аса сабырлықпен. Мені көзге ілмей тұрғандай, менсінбегендей.

- Айуансың! - дедім ашудан қалшылдап.

- Жүйені ұмыттың ба? Есіңе салайын ба? - деп ақырды да, жанындағы Саша есімді балаға көзбен ымдады. Көзін құрт дегендей. Сашасы маған жұдырығын сілтей бергенде еңкейіп қап, солақаймен өзін періп жібердім. Дарханның өзіне ұмтыла бергенде қайсысының қолы тигенін байқамадым, бір жуан жұдырық ұшып кеп көзіме тигенде сұлқ құладым. Есімді жиғанымда Фрхат қасымда отыр екен. Үндемейді. Оянғанымды көріп бөлмеден шығып кетті.

Түн. Ұйқысыздықтың үстіне тағы да көрші бөлмедегі ахілеп-үхілеген дыбыстар қосылды. Біраз уақыттан соң, есігі ашылып, сол бөлменің жарығы жер сипағандай бізге әлсін түсіп, ішінен Фархат иығы солқ-солқ ете шықты. Келді де жатып қалды. Директор кекірініп, аяғын сүйрете басып, жуан саусақтарымен есікті ашты да шығып кетті. Фархат иегін жастығына тығып, етбетінен жатыр. Терезеден түскен ай жарығынан жанарының мөлтілдеген жасы көрінеді. Марғаудың өліміне бар адамзат пен әлемді кіналап, қайырымсыздығына налып жатқанда, аузымнан қалай "Фархат?"деген сөздің шығып кеткенін аңдамай қалдым. Өз дауысымнан өзім сескендім. Ол үндемесе де басын бұрды.

- Неге төзіп жүре бересің? - дедім кектене, - бұған нүкте қою керек. Жасың он үште ғой, кеудеңде жаның бар, тойтарыс беруге шамаң келеді! Ол үндемейді. Мен де жауап алуға қатты үміттенбеген ем. Көзім ілініп бара жатқанда оның әлсіз дауысы шықты.

- Шешем өліп қалып, мені арғы дүниеде күтіп жүрген болар…

- Не дедің?

- Әлім келмейді. Қауқарым жетпейді.

- Келеді! - дедім мен, - шамамыз келеді. Ол мырс етті.

- Көзіңді ашып қарамайсың ба! - деді сосын ол аса қатқыл дауыспен. Оның мұндай дауысын алғаш естуім.-  Кім маған жақтасып, тірегім болмақ? Кім? Әкем бе, шешем бе? А, ұмытып кетіппін ғой, олар бізде жоқ. Әлде сен бе? Сен өзің жетісіп жүргенің шамалы. Бізде ешкім жоқ, ұқтың ба?! Біз жетімдерміз. Басты заңымызды ұмыттың ба: "Әркім өзі үшін!"деген. Ол басын жастықтың астына тығып алып, солқылдап жылай бастады. "Әркім өзі үшін… Жо-жоқ, мен көмектесемін, қара да тұр!.."деп ішімнен күбірлеп жатып ұйықтап кеттім.

Келесі түні, Фархатты директор тағы алып кеткен соң, темір төсекті шықырлата тұрдым да, асхананың есігін аштым. Шелектеп құйып жатқан нөсерді асхананың кең терезесінен көрдім. Санам тұманданғандай. Аяғымды сүйрете басып үстел үстіндегі үлкен пышақты алдым. Қолыммен қыса ұстап Фархат пен директор бар бөлмеге кірдім. Директор мас болса керек, күжірейген арқасын есікке бере, алдына Фархатты отырғызып, бірдеңелерді күбірлеп сөйлейді. "...Мені түсінбейді бәрі-бір…"деп жатқанын жақындағанымда естіп қалдым. Мені көріп Фархаттың көзі шарасынан шыға жаздады. Тесіле қарағанын директор байқамасын деп, қолымды мұрныма тақай "тыныш "деген белгі бердім. Ол қолдарын Фархаттың киіміне тигізе бастағанда пышақты бүйрегіне тығып жібердім. Жұмсақ бірдемеге сұққандай пышақ лып етіп кіріп кетті. Әлгі "А!"деп үлгерген жоқ, шапшаң қимылмен  пышақты суырып алдым да, басын қысып ұстай қап, мойнынан пышақтың жүзімен осып жібердім. Тамағынан  аққан қан Фархаттың денесіне де шашырап кетті. Көз алдымда қалғаны оның қатпар-қатпар желкесі ғана… Арада жарым сағат өтті, оның жансыз денесі жарбиып бөлменің қақ ортасында жатыр, Фархат екі тізесін құшақтап бұрышқа тығылып алған. Менің екі иығым салбыраған күйі орынмнан қозғала алмай тұрмын. Жаңбыр тоқтамай құйып жатыр, құйып жатыр…

 

3.

Бұның бәрі түнгі бірдің айналасында болған екен. Екі сағаттан соң, құжаттармды алып, киімдерімді жинай торы сынып қалған терезеден шығып бара жаттым. Жаңбыр тоқтап, жер мен ағаш жапырақтары ылғалды боп тұр. Мен кеткенде Фархат өлі денеден көзін алмай, қадала қарап отыр еді… Даланың салқын ауасы денемді тітіркендіріп жіберді.  Айналып кеп, жетімдер үйінің терезесінен ұзақ қарап тұрдым да, бір күрсініп, жүріп кеттім.  Қалада адам аяғы сиреген. Тек алдымда екі жолаушы әлденені сөз қып кетіп барады. Пальто кигені жанындағысына бір романның стилін әңгімелеп келеді. Мас секілді, арасында екеуі күліп қояды. Жолдар жетімденгендей көлік тым аз, бағдаршамдар өзімен-өзі ғана, қызыл, сары, жасыл түстері кезек-кезек жанады. Қала ұйқыда. Қарным ашып, ұйқы қысты да, жол бойындағы орындыққа келіп, басыма сөмкемді жастадым да, жатып қалдым. Таң ата адамдар шуылынан оянып кеттім. Қарным ашқаны бірден білініп, жанымдағы асханаларды жағалай бастадым. Самса сататын орындар енді ашылып, қазір кешеден қалған дүниелерін сатып жатыр. Сондай жерге барып екі самса жеп алған соң, сантехник бастығыма хабарласып, бүгін жұмысқа шыға алмайтынымды айттым.

Қаланың ескі аудандарының жанынан жертөле іздеп келемін. Үйсіз адамдар ұйықтайтын жерлер осы жақта кездесетін. Біразға дейін қаңғып, мәнсіз жер таптай берген соң, күн кештете бастағанда, жертөлеге апаратын есіктің ашық тұрғаны көзіме оттай басылды. Жақындап келіп, жан-жағыма бір қарап алып, ішіне кірдім. Бірінші сезгенім, салқын әрі тұрып қалған ауа мен қолқаны қапқан нәжістің иісі. Әлдекімдердің панасы болса керек, ұйпа-тұйпа киім-кешек сол жақ бұрышта жатыр. Оң жақтағы бұрышқа барып, мына жерді жатырқап біраз отырған соң, сөмкемдегі киімдерімді астыма төсеп, жата кеттім. Қанша уақыт жатқанымды білмеймін, көзім ілінгенде арқамнан біреу түртті. "Әй!"- деді сосын, сыр-сыр еткен тамағын кенеп қойып. Оянып кетіп, артыма бұрылсам, шал тұр.

- Кімсің ей? - дейді ол мені жақтырмай. Жасы алпысты алқымдаса керек, я күтімі жоқ жүзінен солай көрінді ме?..

- Мен… Ержанмын, - дедім неге өтірік айтқанымды өзімде білмей.

- Неғып жүрсің?- дейді тамағында қақырығы тұрғандай қырылдап.

- Кешіріңіз, - дедім дауысым дірілдеп, - ұзақ тұрақтамаймын. Бір түн қонып шықсам болды. Ол менің сөздеріме мән бермегендей, ақымақ жүзімен бетіме бадырайып қарап қалды да,

- Бірдеңең бар ма?- деді түсіп қалған тістерінің жалаң орынын көрсетіп. Не сұрап тұрғанын түсінбей түріне аңырып қарап қалғанымды сезіп, - тіске басар! - деді қыр-қыр етіп. Сөмкеме сап алған дорбадағы самсаны ұсындым. Самсаны алып қойды да, өзі сыртқа шығып кетті. Кейін қолтығына күшігін қыстырып қайта кірді. Өзінің жататын жеріне барып самсаны күшікке жегізді. Күшіктің басынан бастап, денесінің соңына дейін сипап шықты. "Ә-ә, қарның ашты ма, же, же"- дейді арасында.

Сасық иіске етім үйренді ме, не ол иіс шынымен кетейін деді ме, әйтеуір сезбейін дедім. Мұрныма басып жатқан матамды қоя салып, ұйқыға кеттім. Қараңғы әрі сыз жертөледегі ұйқыма көршіммен күшігінің әңгімесі кедергі бола берді. "Дала салқындап барады, қай жерге барып жан бағасың?"- деп сұрайды үйсіз екі аяқты пенде, төрт аяқтыдан. Күшіктен жауап болмаса да, ықыласпен тыңдағандай болған адам, "Әй, мен өзіме бірдеңе табармын, сені уайымдап отырғаным…" деп ренжігендей үн қатады. "Бүгін не істедің? Мен бе, мен? Қызық болғанда, түсте қайыр тілеп отырғанымда саған ұқсайтын күшік көрдім. Бірден есіме түсіп кеттің. Бейшара, не істеп жатыр екен деп ойладым. Қазір адамдар бұрынғыдай еме-ес… Сандары әлде қайда көп, бірақ сапасы нөл. Маған көздері алайып қарайды. Екеуміз үйсіз екі бейбақ болдық қой…  Осынша алып шаһарда бәрі жалғыз, бәрі жалғыздықтың зардабын көріп жүр. Мысалы, мен ешкімнің алдында ашылып сөйлей алмаймын. Ішімдегін айтып қойсам, сол адамның алдында өзімді киімсіз жалаңаш тұрғандай сезінемін. Осал жандай қиналамын…" деп сөйлесіп отыр. Таңға дейін ұйықтай алмадым, тыпыршып шықтым. Таңертең  суықтан сілкініп, тәнім тітіркеніп, әлемге деген аса бір жиіркенішпен орнымнан қоғалдым.  Жұмысқа барып, бастығыммен жалақыны көтеру туралы сөйлесіп қайттым. Пәтер жалдауға жетер, тым болмаса паналайтын жаман тауық күрке болса да болады. Жарты жалақымды алдым да, қала шетінен пәтер таптым. Егер жолыңыз түсіп ішіне кіріп қалсаңыз көзіңізге бірінші қарсы қабырғадағы ескі терезе түсер еді. Алдында тырайып-тырайып шыбындар жатар. Кешкі күн нұрының сәл ғана жарығы сығалай кеп, түседі. Терезе астында кішкентай үстел тұр. Жананда жалғыз орындығы бар. Ең жақсысы - бөлме ішінде өлі тыныштық. Көрпе жастық сол жерде бар екен. Кішігірім газы да бар. Болды. Маған осы да жетеді.

 

4.

Күндерім бір-бірінен айнымай, қалыпқа салып қойғандай қайталанып жатыр. Таңертең жұмысқа кетемін, кешке келемін де асымды ішіп, кітап оқимын. Терезенің алдындағы жалғыз қоңыр стөлге отырып күнделік жазамын. Сосын, жерге шалқамнан жата кетіп, көз алмай үйдің үстіне қараймын да жатамын. Ұйқым түнгі екіден асқанда ғана келеді. Оған дейін әр-түрлі ойлар мені паршалап бөліп, есімді аудыра жаздайды. Кейде тіпті шынымен жынданғандай боламын. Түсім мен өңім шатасып, директордың жұлынған басын көретінді шығардым. Мен ұйқыда жатамын, түн. Директор ақырып мені өзіне шақырады. Оянып кетіп, терезенің алдында тұрған басты ғана көремін. Тілім байланады да қалады. Желкесінде тұрып, мойнынан пышақпен кескенім көз алдымнан кетпейді. Әр сенбі күні сыраханаға барып келемін де, жексенбі кофеханаға барамын. Сол екі күнде ғана бәрін ұмытуға болады. Қатар тұрған көрші пәтерлерде де бейбақтар тұратын секілді. Бәрі жалғыз. Бәрі терең ойда жүреді. Тек, бір шала молда, өлең қоспаңдар деп пәтерден пәтерге безіп, жынды көбелектей сандалады. "Өлең тыңдамаңдар, ол харам"-дейді безек қағып. Айтып жатқанына ешкім зер салып тыңдамайды. Ал егер тыңдай қалса, әлгі, тұтығып, көзі от шашып, сөздерін шатастырып, дін жайында түсіндіре бастайды. Кейін білдім, біз жақты басқалар «Дурной квадрат» деп атайды екен. Өңшең қиялилар мен жолы болмаған сормаңдайлар жиналыпты-мыс.

Алдын күні газет сатып алып, директордың өлімі жайында не деп жатқандарын білгім келді. "...Директорының он үш жасар баланы зорлап келгені анықталды. Бала өшін алу үшін өлтірген болуы мүмкін. Алайда полиция қызметкерлері мәйіттің қасынан табылған баланың аузынан сөз шығара алмаған. Жеткіншектің психикалық ауытқуы бар екені анықталды…"деп жазылыпты. "Директордың бақилық болған түні жетімдер үйінен бір баланың қашып кеткені де анықталды. Полиция, іске қатысы болуы мүмкін деген оймен ол баланы іздестіру үстінде» депті кейінгі газеттерде. Бірақ басқа да балалар бар ғой, олар не деді екен?  Газеттегі ақпаратқа қарағанда ешкім де, а деп аузын ашпаса керек. Барлығы директорды кім өлтіргенін топшаласа да, іштен тынған ғой. Себебі біз ес білгелі миымызға құйылған тәртіп: ештеңеге араласпау, сөз жеткізбеу, әркім өзін ғана ойлау. Осы сөздердің қанымызға сіңгені сонша, басқаша ойлап көрудің өзі қате, тіпті мүмкін емес қылмыс секілді көрінетін. Сондықтан да бұл оқиағаға балалардың барлығы бейжай, самарқау қарап, салқынқандылық танытатынына сенімдімін.

Автобусқа міндім. Әдеттегідей адам саны тым көп. Егер де бойыңыз менікі секілді аласа болса, және ортада қалып қойсаңыз, жүрегіңіз қысылып, дем жетпей қалуы мүмкін. Өзім соны талай бастан кешірдім. Анау бір күні солай қысылып тұрғанымда есік жақтан бір әйел баж ете қалды.

- Тарт қолыңды, ит ұры, қайыршы! - деп айқайлап жатыр. Біреуді ұрлық үстінде ұстап алса керек.

- Өзің қайыршы, қалтаңда бір тиын жоқ! - деді еркектің дауысы гүр ете түсіп. Жұрт ду етіп күлді. Бұл күлкінің астында ащы кек жатқандай, кекесін, қорланған адамның зары бардай. Маған солай көрінді ме? Әйтеуір ұры деп түстеп қойған адамды келесі аялдамадан түсіріп жібердік. Бірақ жаңағы әйел біразға дейін бұрқылдап тұрды. "Еркектер әлсіз ғой, маңқ еткізсе мұрнынан сап тыйылар еді!"- дейді ызадан қалшылдап.

Не үшін, кім үшін өмір сүріп жатқанымды білмеймін. Кейде кеудемде бос кеңістік пайда болып жанымды қинайтыны сонша, кірерге тесік таппай кетемін. Өлгім келгендей, бірақ суицидке барғым келмейді. Өлімнен де мән кетті. Кітап та оқи алмай қаламын. Жаза да алмаймын. Ештеңеге қауқарым, құштарлығым жоқ. Аспанға қарап жатамын да қоямын. Бірақ ол кезде де жаным тынышталмайды. Себебі бос өтіп жатқан уақытқа ішім күйеді. Полиция да менің ізіме жақсылап түскен секілді. Соңғы кезде жұмысқа барып келуім қиындап, көшеге шығудан да қалдым. Көшеде тексерістер жиілеп кетті. Анау күні әрең құтылдым. "Өлсем өлейін, уланған өмірімде мағына қалмады,бірақ полицияға ұсталмаспын" деп оқыған химиялық кітаптардан алған біліміммен өз қолыммен у жасап қойдым. Бәлкім, басқа жаққа кетермін… Жүргенге жөргем ілінеді демей ме, әйтеуір, өлмеспін.

Кешкі көшедегі шалшықтардан аттап басып үйге келе жатырмын. Қиылыстан өте бергенде, жолдың оң жағынан полицияның сирена дауысы шиқылдап сала берді. "Қара күртедегі жігіт, тоқтаңыз!"-деді дауыс үдеткішімен полиция, көлік ішінде отырып. Алғашында естімегендей өтіп кеттім де, артынан жүгірдім. "Пәтерге жетіп үлгерсем болды!.. Пәтерге жетсем…"

Үйдің есігін іштен ілдім де, сөрелерді төңкеріп уды тауып алдым. Бірден суға араластырып жіберіп, есіктің алдындағы орындыққа жайғастым. Енді асықпаймын. Осы уақыт аралығында полициялар да есікті төмпештеп, күшпен бұзуға көшкен. Олар есікті ашқанда мен дайын едім. Стақанымды көтердім де, қызыл қанға ұқсаған улы суды тамақтан өткізіп жібердім. Ішіме жай ғана су кетті. Су… Анамның бейнесі көз алдымда пайда болып, жетелеп барады...

Комада жатқан баланың тәнінің үстінен полиция қызметкері шаршаңқы жанарымен қарап тұр. Жанына аузынан спирттің иісі мүңкіп дәрігер жақындады. Қолын халатының қалтасынан шығармай, басын шайқап: Тірі қалмайды,-деп күбірледі.

Поезда келемін. Терезесінен сыртқа қарауға талпынсам да ештеңе көрінбейді. Жанымдағы орындықта қарт кісі көзілдірік үстінен қарап газет оқып отыр. Оған қарсы орындықта отырған орта жастағы орамал таққан әйел шалдың оқығанын қалт жібермей тыңдап, көз жасын орамалымен сүртеді. Алғашында үн-түнсіз жылаған ол енді дауысын үдете түскендей. Тек, қарттың да, әйелдің де үндері тым алыстағы үңгір түбінен шығып жатқандай күңгір-күңгір етеді. Менің бұл жерде екенімді сезбейтіндей. Өзім де физикалық денем осында екеніне күмәндімін. Бұл кеңістіктің бөлшегі болу толық бұйрмағандай көрінді. Қарттың "Жетімдер үйі… Зорлық..." – деген дауысы жаңғыра, барған сайын дәл құлағымның түбінде оқылып жатқандай үрей туғызып, жүрегім бір шайылғандай күйге түстім. Осы кезде көзілдірігі жарыққа жалт етіп, ажарлы, сұлу қыз есіктен кірді. Қолында "Ф.Кафка: Қамал" деген жазуы бар кітап.  Кірді де, қарсыма отырды. Ол отырғанда  шалдың үні бірден үзілді де, маған үшеуі де қадала қарады. Орта жастағы әйел жылай-жылай қартайып кеткендей көрінді. Шаршады ма?.. Иә, қазір кемпірге айналған жүзін маған тура қаратып отыр екен. Үшеуінің де жанары әлдеқашан өшкен, әлдеқашан жылуын жоғалтқан. Тек, жас қыздан әлсіз жылу сезілетіндей көрінді.  Осы кезде полиция формасын киген үш адам есіктің алдында пайда болып, олар да маған қарап қалды. Өлі тыныштық. Уақыт сезілмейтін осынау бір кеңістікте ақыры қыздың дауысы шықты. Ол полицияларға қарады да: "Қайта беріңіздер, ол өлді,"- деді самарқау ғана. Олар ештеңе деместен бұрылды да кетіп қалды.  Мен қызға тура қарадым:

- Бәрі бітті ме?

- Иә, бәрі бітті.

- Миссиям орындалды ма?

- Дәл солай. Тынығып алсаң болады.

- Мен сізді таныйтын секілдімін…

- Иә, мені бәрі біледі. Бәрі таныйды.

- Сіз кімсіз?

- Құдай, дейсана, иллюзия. Қалай атағаның маңызды емес. Неге сенетінің маңызды.

Біз шексіз темір жолмен тоқтаусыз жүріп келеміз.

Мақала авторы:

Сайт Әкімшілігі

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.