Қадыров интернетте ар-намысқа тигендерді жазалауға шақырды

Дерек көзі: www.azattyq.org - 07.11.2019196

Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров аймақ үкіметінің отырысында "біреудің ар-намысына тиген" интернет қолданушыларды жазалауға шақырды. Бұл туралы сюжетті 5 қарашада "Грозный" телеарнасынан көрсетті.

"Адамдар арасына от жағып, өсек-аяң, ұрыс-керіспен айналысқандарды құрту, қамау, қорқыту арқылы тоқтатпасақ, ештеңе шықпайды" деді Қадыров. Оның сөзіне ең бірінші BBC-дің Орыс қызметі назар аударған.

Қадыров ар-намысқа тигендерді "дүние өртеніп кетсе де", тіпті "барлық мемлекеттің заңдары тапталса да" қуғындауға дайын екенін жеткізген. Ол сол үшін кез келген жазаға риза болатынын айтқан.

"Жарайды, түрмеге қамасын. Өлтірсін. Ал өлдің дейік. Менің жасым 45-те, мына дүниеде басқа не істеуім керек" деді Қадыров.

Қазан айында Ресейдің "Новая газета" басылымы Шешенстанда тамыз айынан бері жоғары лауазымды тұлғаларды (олардың арасында Рамзан Қадыровтың жақындары да бар) "қуғындау кампаниясы" басталғанын хабарлаған. Басылым дерегінше, құпия орындарда шенеуніктерді азаптап, олардан "сатқындық істері" туралы жауап алған. Ұсталғандар мен олардың туыстарының барлық мүлкін тартып алып, қаражатты Ахмат Қадыров атындағы қорға қайырымдылық ретінде аударуға мәжбүрлеген. Құпия дереккөзге сүйенген басылымның жазуынша, ұсталған шенеуніктер арасында Шешенстанның төтенше жағдай министрі Руслан Яхъев, бұрынғы орман шаруашылығы министрі Дикмагомед Мулаев, бұрынғы вице-премьер Халид Вайханов бар.

Мақала авторы:

www.azattyq.org

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.