Ақтөбеде белсенді Әлібек Молдин 15 күнге қамалды

Дерек көзі: www.azattyq.org - 08.11.2019442

7 қарашада Ақтөбенің әкімшілік соты жергілікті белсенді Әлібек Молдинді 15 тәулікке қамады. Бұл туралы Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлады.

Соттың мәліметінше, Әлібек Молдин Қазақстандағы "Қытай жобаларына қарсы митингіге" шыққаны үшін - бес тәулік, "полицияға бағынбағаны үшін" он тәулік әкімшілік жазаға тартылып, барлығы 15 тәулікке қамалған. Сот құжатында Молдиннің 3 қыркүйекте Ақтөбеде жергілікті әкімдік ғимаратының алдында "Қытай экспансиясына жол жоқ" деген жазуы бар плакат ұстап, 'Қазақтар, ояныңдар" деп айқайлағаны, 7 қарашада полицияның "заңды талабына бағынбағаны" жазылған.

Молдиннің қамалғанын оның әйелі Жадыра Нұғыманова да растады. Нұғыманованың сөзінше, полиция Әлібек Молдинді 7 қараша күні таңғы сағат 7-де оқушы қызын мектепке шығарып салып тұрған жерінен ұстап әкеткен.

- Күйеуіме төрт адам жабылып, көліктеріне күшпен отырғызған. Басында оны білген жоқпыз. Кідірген соң алаңдай бастадым. Мектепке барып, аурухана мен полицияға хабарластым. Полициядағылар "күйеуіңіз Зауыт полиция бөлімінде, сәлден соң әкімшілік сотқа апарады" деді. Сотта күні бойы ас-сусыз жүріп, үйіме кешкі 8-де келіп отырмын. Полицияға бағынбады дегені жала. Төрт адам алды-артына қаратпай алып кетсе, қай кезде қарсылық көрсетеді? - дейді Жадыра Нұғыманова.

Осыдан бір апта бұрын Әлібек Молдиннің үстінен ҚР Қылмыстық кодекстің 131-бабының 2-бөлігі ("Қорлау" бабы) бойынша қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болған. 7 қарашада түстен кейін Ақтөбе қалалық соты Әлібек Молдиннің үстінен қозғалған қылмыстық істі қарауға кірісуі тиіс еді. Бірақ сот отырысы басталған кезде адвокат Сейсенбай Ділманов Молдиннің әкімшілік сотта екенін, өзінің науқастанып тұрғанын айтып, істі кейінге қалдыруды өтінді. Тараптар келісімімен сот Әлібек Молдин ісін қарауды кейінге қалдырды.

Қылмыстық істің қозғалуына Молдиннің үстінен көп балалы сегіз әйелдің шағым түсіруі негіз болған. Жәбірленушілердің бірі Жанар Құлмамбетова "Молдин әлеуметтік желідегі парақшасында көп балалы әйелдерді тілдеді" дейді. 7 қарашада сот залында белсенді Молдиннің жақтастары да болды. Олар мұны "тапсырыспен ұйымдастырылған іс" деп санайды.


Мақала авторы:

www.azattyq.org

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.