"Древний Рим" ісі: Ұлымды жауыздықпен өлтірген

Арай Сатыбалдықызы - 08.11.20191101

Төртінші қараша күні Қарағандыда қоғамдық резонанс тудырған «Древний Рим» ісі бойынша сот үкімі шыққан еді. 2019 жылдың жаңа жыл түні жаппай төбелесте Рақымжан ЖАНСЕЙІТ есімді 23 жастағы азамат көз жұмған еді. Күдікті ретінде 13 адамға айып тағылған. Судья Юсиф НУРУЛУНЫ 19 жылға, Т. Степанян, А. Оганнисян, Б. Жумамуратов, И. Щурокты 3 жылға соттады. Төбеелске қатысқан тағы да алты адамды 4 жыл 6 айға бостандықтарын шектеді. Ол үкімнен соң бірден сот залынан босап шықты. Және Сохак МАЛХАСЯН мен Армен ХАЧАТРЯН қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Марқұмның әкесі Бақытжан ЖАНСЕЙІТ бірден сот үкімімен келіспейтінін мәлімдеді. Апеляциялық шағым білдіретінін журналситерге айтқан-ды. Өңірдегі «Жас АЛАШ» тілшісі осы мәселелерге қатысты Бақытжан Жансейітпен сұхбаттасып қайтқан еді. 

- Жаңа жыл түні ұлыңыз  Рақымжан қайда болып еді,  «Древний Рим» мейрамханасына  қалай барып жүр?

-Осы уақытқа дейін көптеген журналистер қате жазып келді. Менің балам Рақымжан бұл мейрамханаға бармаған болатын. Біз Қарағандыдан  тоғыз шақырым жердегі Жаңаөзен деген ауылда тұрамыз. Жаңа жылда Рақымжан қасымызда болған. Сосын ауылдағы мәдениет үйіндегі би кешіне кеткен болатын.  "Древний Рим" мейрамханасында әпкемнің қызы достарымен қыдырып жүрген. Сол түннің ортасында менің қызыма қоңырау шалып, төбелес болып жатқанын хабарлайды. Қызым маған мұны айтқан соң, ұлыма бірден қоңырау шалдым. Бірақ ол телефонын алмады. Сосын Рақымжанның  жақын досына Тимурға хабарластым. Ол маған "Рақымжан қасымда алаңдамаңыз үйге келе жатырмыз" деді. Мен оның алдында көлігі бар досыма баламды іздеп шығайық деп қолқа салған болатынмын. Досыма қайта қоңырау соғып жолға шықпайтынымызды айттым. Арада он бес минут өткене соң жаңағы жолдасым хабарласып, Рақымжанның достарын кездестіргенін олардың менің баламды таба алмай жүргенін айтты. Осыдан кейін түні бойы достарымен бірге баламды іздедік. Майқұдықтағы, Мақажановтағы ауруханаға бардық. Онда жараланып түскендер бар екен, бірақ Рақымжанды таппадық. Содан кейін "төбелес болған жерді көрсетіңдер, сонда барайық" дедім. Барсақ біздің алдымызда сонда келіп тоқтаған екі досы Рақымжанның жатқанын көріпті. Біз келген бетте "Рақымжанды өлтіріп кетіпті" деп айғайлап жіберді. Естен тана жаздадым. Баламның достарына «неге Рақымжанды іздемедіңдер» деп ренішімді айтқанмын. Бірақ олар қарбалас кезінде сол жерден ол да қашып кеткен шығар деп ойладық  деп жауап берді.

- Тергеу жұмыстары мен сот қалай өтті?

-Судьяның үкіміне көңілім толмады. Менің баламды шынжыр темірмен ұрып  пышақтап тастаған. Денесінде сау жер жоқ. Жаным түршігіп жүрегім қан жылады. Мен сол кезде ұлымды екі-ұш адамның жауыздықпен өлтіргенін айтқаным. Қазірде сол сөзімді қайталаймын. Сот барысында төбелес 62 секунтқа созылды деді. 62 секунта адамды денесінен сау жер қалдырмай кескілеу мүмкін емес.  Бір адам пышақтады деп оған 19 жыл берді, ал қасындағылардың барлығына үш жылдан ғана берді. Оның біреуі сот үкімі алдында қашып кетті. Баламды өлтіргендер бір жылдай отырды. Сосын мерзімінен бұрын бостандыққа шығып кетеді. Сол себепті мен апеляциялық шағым түсіремін.

-Осы қайғылы оқиғадан кейін сізге қандайда бір қысым жасалған жоқ па?

- Жоқ. Заң органдары мен билік өкілдері тергеу жұмыстары әделтті түрде жүргізіледі, әділ сот болады деп сөз берген. Бірақ қылмыскерлер тиісті жазасын алмады.

-Ақша ұсынғандар болды ма?

-Ақша ұсынғандар болған жоқ. Біз енді сотта материалдық және моральдық шығын деп көрсеткенбіз. Оның барлығын сотпен қиып берген жоқ. 19 жылға сотталған айыпталушы 2 млн үш жүз мыңнан астам қаражатты материалдық, 3 млн теңгені моральдық шығын ретінде төлейтін болды. Айыпталушылар жабылып жүріп аздан материалдық шығынды өтеген болатын. Басқа артық ақшаны ешкім берген де, ұсынған да жоқ.

-Ұлыңыз Рақымжан қандай бала еді, немен айналысатын?

-Рақымжан аузын ашса жүрегі көрінетін ақкөңіл бала болған еді. Біреуге қажет болса үстіндегі киімін шешіп беретін. Досқа адал, туысқандарына  мейірбан болатын. Сол күні би кешінде жүргенде достарының сөзін аяқ асты етпей «Древний Рим» мейрамханасына барған ғой. Содан кейін оралмады.  "Шұбаркөл көмір" компаниясында ауысым бастығы болып еңбек етіп жүрген. Жасынан спортпен айналысатын. Отбасын да құрып үлгере алмады. Тірі болғанда 19 қазан күні 24 жасқа келетін еді. Небәрі 23 жасында қыршын кетті.

Сұхбаттасқан Арай САТЫБАЛДЫҚЫЗЫ

Фотоны автор ұсынды.


Мақала авторы:

Арай Сатыбалдықызы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.