Қант қызылшасын өндіру тоқтаусыз өсіп келеді

Асмира Ермекқызы - 31.10.2019495

Қант қызылшасы Алматы облысының сонау Совет өкіметі кезінен бергі ерекше мән беріп келе жатқан шаруашылықтарының бірі. Бір кездері бүкіл одаққа қант таратқан Ақсу қант зауыты жабылып қалып, оны кейін сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев арнайы қозғап, содан көп өтпей-ақ Ақсу қант зауыты қайтадан іске қосылып, өнім қабылдай бастаған. Бұл зауыттың іске қосылуымен мүлдем тоқтап қалмаса да өнімдерін делдалдар арқылы Ресейге, Қытайға шикізат күйінде арзанға сатуға мәжбүр болып жүрген шаруашылықтар егіс алқабын үлкейте бастаған. Иә, кезінде бүкіл одақ көлемінде аты шыққан Ақсу қан зауытының ашылуын Тәуелсіздік жылдарындағы қант қызылшасы шаруашылығының қайта оралуы және жаңа бір даму кезеңі деуге болады.

Одан кейін, араға екі-үш жыл салып Ақсумен қатар Көксу қант зауыты ашылды. Бұл да қажеттіліктен туған. Өйткені, Ақсу зауыты түгел қабылдайды деп сеніп қалған көпшілік шаруалар ә дегенде өнім көлемін ұлғайтып жіберіп, қыстың көзі қырауда біраз өнімдері далада қалып, үсітіп алған. Осыны ескерген жергілікті әкімдік Ақсудың ауқымы жетпесе деп Көксуды ашуды қолға алған. Осы күні екі қант зауыты да тынымсыз жұмыс істеп тұр. Сәйкесінше, өнім қабылдау, қант өндіру жұмыстары да өркендеп келеді. Бұл екі зауыттың ашылуымен көнекөз мамандар бұрынғы жұмыс орнына қайта оралды, біраз адам жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз етілді. Рас, бір кездері зауыт жабылғанда екі қолға бір күрек деп әр-әр жерден нәпақа іздеп кеткен мамандар зауыт ашылады деген соң-ақ ауылдарына қайта келіп (көшіп кеткендер де болған), бұрынғы қызметіне қуана-қуана кірісіп кетіп еді.

Ақсу мен Көксу зауыттары аттарына сәйкес екі ауданда орналасқан. Бірақ, бұл екеуі тек өз аудандарының өнімін қабылдайды деген сөз емес. Алысырақтан келіп қызылша өткізетіндер де бар. Дегенмен, қант қызылшасын өсірудегі жетекші екі аудан – Ақсу мен Көксу екеніне ешкім дау айтпайды. Жаңа зауыттың Көксудан ашылуының тағы бір себебі – Көксудан Ақсуға мол өнімді тасудың шығына аз болмайтын. Бұл алдымен өнім сапасын түсіруге әкеп соғады. Біріншіден, тасымал үшін қаржы ғана емес, уақыт та көп кетеді. Сонымен қатар, жан-жақтан өнімін өткізушілер қаптағанда кезек күту де үлкен проблема. Жолға бір шығындалса, өнімінің сапасы үшін екі шығындалатын шаруалар енді алысқа арбаламай-ақ, іргедегі өз зауыттарына өнім өткізе алатын болды. Көксу Алматы қаласы жақты қабылдаса, Ақсу Талдықорғанның ар жағындағы аудандардың өнімін қабылдайды.

Биыл, Көксу ауданында қант қызылшасы жақсы өнім берді деуге болады. Әр гектарынан 700 центнерге дейін өнім алу – үлкен жетістік. Әрине, бұл ең жоғарғы көрсеткіш. Дегенмен, орташа өнімділік көрсеткіші де жақсы деп отыр мамандар. Бір гектар жерден 370-380 центнер қант қызылшасын алу да аз жетістік емес. Жалпы, ауданда 2100 гектарға қант қызылшасы себілген. Қазіргі таңда түгелге жуық жиналып болып қалыпты. Дегенмен, әлі 300 гектардан астам қант қызылшасы алқабы кезегін күтіп жатыр. Уақытында, суыққа ұрындырмай, оларды да Көксу қант зауытына әкеліп өткіземіз деп отыр шаруалар.

Өнімнің сапасы – оның құрамындағы қантпен өлшенеді. Сол себепті, өнімді тез арада зауытқа өткізіп, оны тез арада өңдесе, одан алынатын қант көлемі де молынан болады. Соңғы жылдары облыстық әкімдік тек бұрыннан келе жатқан өнімді ғана емес, шетелдерден мол өнім беретін сұрыптарын әкелуді қолға алған. Осы мақсатта Германия, Дания, Франция, Ресей сияқты елдердің түрлі шаруалары мен кәсіпкерлері, мемлекеттік жауапты тұлғаларымен кездесулер өткізіліп, тәжірибе алмасу, өнім алмасу тұрғысында біраз шаруалар атқарылған. Осының арқасында, қазір бұрынғыға қарағанда өнім көлемі ғана емес, оның сапасы да арта түскен. Мәселен, Алматы облысы бойынша қант қызылшасының агротехнологиясы жөніндегі сарапшысы, ғалым, ауылшаруашылығы ғылымының кандидаты Әбілқайыр Бексұлтанов Франция, Германия, Дания сияқты елдерден әкелінген жаңа сұрыпты қант қызылшаларының құрамындағы қанттылық 17 пайызға жеткенін айтады. Жаңа тұқымдардың артықшылықтары, қант беру бойынша генетикалық мүмкіндіктері әрқашан да бақылауда болса, өнімді бұдан да асыра түсуге мүмкіндік болады дейді ол. Әрине, ғылым мен өндіріс, теория мен практика ұштасқан жерде ғана өнім көлемін асыруға мүмкіндік болады. Сол себепті, шетелден әкелінді деп, алқапқа сеуіп қойып қарап отырмай, оны жер жағдайына қарай одан әрі жетілдіру мәселесін ылғи да бақылауда ұстау керек.

Қант қызылшасын егу, жинау, тұқымын асылдандыру, шығымдылық көлемін ұлғайту бойынша облыс әкімдігі шаруаларға жан-жақты субсидия бөлгені белгілі. Осы тарапта шаруалар әсіресе техниканың жтеіспеушілігін алға тартатын. Енді, бірқатар шаруа қожалықтар жаңа мүмкіндіктерге ие заманауи техникалардың арқасында өнімдерін уақтылы ғана емес, сапалы күйде жинап алуға мүмкіндік алып отыр. Айталық, облыс әкімдігінің қолдауымен алынған заманауи комбайндар қант қызылшасын трактордың тіркемесіне масақсыз, тасын тазалап, топырақ қалдырмай, таза күйінде тиеп береді. Бұл өз кезегінде уақыт пен шығынды үнемдеп, жұмыс тиімділігін арттыра түседі.

Қазіргі таңда Көксу қант зауытына Көксу ғана емес, ескелді, Қаратал, Кербұлақ аудандары мен Қапшағай, Талдықорған қалаларының қызылша өсіруші шаруалары өз өнімдерін әкеліп, өткізеді. Бүгіндері 200 мың тоннаға жуық өнім қабылданған. Және, зауыт күндіз-түні тоқтаусыз жұмыс істеп тұр. Өйткені, күн сайын келіп жатқан шикізатты, яғни, жаңа қазылып алынған қызылшаны уақытында өңдеп шығару керек. Осыған орай, зауыт күніне 2 мың тоннаға дейін қант қызылшасын өңдейді. Қазіргі таңда зауыт 10 тоннадай қант шығарып үлгеріпті. Зауыт директоры Алтынбек Абатовтың айтуынша жұмыс өнімділігі бұрынғыдан арта түскен. Өйткені, қазір ауданға табиғи газ келген. Көгілдір отынның жылу шығару қуаттылығы жоғары, сол себепті, уақытты аз алады. Шығын да біршама азайған. Олай дейтініміз, өндіріс орны бұл уақытқа дейін мазутты қолданып келген. Ал, газдың мазутқа қарағанда арзан болатыны, жылуды көбірек бөлетінін айтпаса да түсінікті.

Жалпы, облыстың республика көлемінде қант қызылшасы бойынша басты локомотив екені дау туғызбайды. Алматы облысымен жер жағдайы ұқсас келетін Жамбыл облысы да қант қызылшасын өсіруді қолға алғаны белгілі. Бұл облыс та тәжірибе алмасуда Алматы облысына иек артады. Болашақта өзге облыстар да қант қызылшасын өсіруге күш саламыз деп жатса, Алматы облысын айналып өтпесі анық. Бұл өз кезегінде көп нәрседен хабар береді. Мәселен, жергілікті ерекшеліктерді ескере отырып, салалық ауыл шаруашылықтарды дамытудың осындай кездерде пайдасы бар. Мысалға алсақ, өз облыста жақсы шығып жүрген қнімді өзге бір өңір өз жерінде тәжірибе жүзінде сынап көруге болады. Оған бір жыл бойы уақыт кетірмей, топырақ пен су құрамын зерттеу арқылы жетуге болады. Мәселен, арнайы зерттеулер нәтижесінде Павлодар облысы да қант қызылшасын дамытуға табиғи ресурстары сай келетін өңір екені анықталды. Суы мол, жері құнарлы аймақ болған соң, қазіргі таңда жоспарға сәйкес жылына 144 мың тонна қант өңдейтін зауыт салу жұмысы қолға алынды. Жалпы, Қазақстан қазіргі таңда өз еліміздің 27 пайызын қантпен қамти алады. Ал, Алматы облысындағы қос зауыттың жұмыс істеу көлемі тағы өсетүссе,оғанқоса Павлодардағы зауыт іске қосылса бұл көрсеткіш әлдеқайда арта түсері анық.

Бір қызығы, Павлодардағы қант зауыты да Ақсу қаласында орналасқан. Қазір Ақсу қаласынан зауытқа арналған 70 гектар жер учаскесі бөлініп, жобаны іске асыру жұмыстары басталып кеткен.

Республика ғана емес, қант өндіруші алпауыт мемлекеттердің өзімен тізе қосып, тәжірибе алмаса отырып жұмыс істей берсе, еліміз қант өндіруші жетекші елдердің қатарына да қосылады. Қазірдің өзінде Қазақстан даласында өскен қант қызылшасының тәтті шекері әлемнің біраз еліне шығарылып жатыр. Осындай істердің нәтижесінде Алматы облысында қант қызылшасы алқаптары жылдан жылға кеңіп келе жатыр. Сондай-ақ, қант қызылшасын тек қант өндіру үшін ғана емес, одан шығатын өзге де қалдықтарды тиімді пайдалана білу маңызды. Қант қызылшасын мал бордақылау үшін де қолдануға болатынын көп ешкім біле бермейді. Сонымен қатар, алдағы уақытта қант қызылшасы ғана емес, қамыс қантын өндіруді де қолға алмақ. Ол үшін әрине, шет елден шикізат әкелуге күш салып жаты. Мақсат түсінікті, қант зауыттары маусым кезінде ғана емес, жыл бойы тоқтаусыз жұмыс істеуі керек. Бұл туралы биылғы жиын-теріннің қызып тұрған кезінде облыс әкімі Амандық Баталов айтты.

- Биылғы жылы облыс бойынша 14 мың гектарға қант қызылшасын септік. Содан шамамен 500-520 мың тонна қант қызылшасын аламыз, одан 50-52 мың тонна қант шығарамыз деп жоспарлап отырмыз. Қызылша алқаптарындағы жиын-терін жұмыстары 10-15 күнде аяқталады. Көксу, Ақсу қант зауыттарын модернизациядан өткіздік. Ресейден, Қытайдан, Чехиядан, басқа да елдерден құрал-жабдықтар жеткізіліп, орнатылды. Жалпы қызылша өңдегенде одан 80 % жом, яғни сығынды шығады. Ол - мал семірту үшін таптырмайтын азық. Сондықтан шыққан жомды мал бордақылау алаңдарының жұмысына тиімді пайдалану үшін, осы екі зауытқа жомды кептіріп, арнайы қаптайтын құрал әкеліп орнатып жатырмыз. Қапталған күйінде оны екі жыл сақталауға болады. Жалпы қант зауыттары негізінде тек маусымдық кезеңде ғана 3-4 ай жұмыс істейді. Ал біз маусымаралық кезеңде де бос тұрмас үшін Бразилиядан шикізат әкеліп, қамыс қантын шығаруына мүмкіндік жасамақпыз. Осылайша Алматы облысы жылына 300 мың тонна қант өндіруге қол жеткізе алады. Республикадағы қанттың 480 мың тонналық өндірістік және тұрмыстық қажеттілігінің басым бөлігін жауып отырсақ, бұл үлкен жетістік болар еді, - дейді облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы.

Рас, Қазақстанда қант өнідеретін қамыс өсе ме, өспей ме деген мәселе басы артық сұрақ болады. Бразилияның табиғаты мен Қазақстанның табиғаты екі басқа, сол себепті, алдағы уақытта Америка құрлығы жақтан шикізат әкелуге қол жеткізілсе,онымен қоса мүмкін көршілес елдерден де қант қызылшасын сатып алу туралы ойланып кһру керек шығар. Сонда бір емес екі зауыт жарыса қант шығарса, ішкі өнімді ғана емес, сыртқы елдерді қантпен қамтамасыз етуге мүмкіндік туар. Бұлай дейтініміз, облыс қазіргі таңда ішкі сұранысты түгел жапсақ дегенді мақсат етіп отыр. Бұл да үлкен жетістік. Көп жағдайда Ресейдің нарығының құбылуына орай бір сәтте қымбаттап, бір сәтте қалыпқа келіп отыратын қант бағасы өз өнімімізді жаппай тұтынып отырсақ көп құбылмайтын еді. Әйтпесе, «қант қымбаттайды екен» деп бүкіл жұрттың супермаркеттер мен дүкендерде кезекте тұрғаны әлі ұмытыла қойған жоқ. Сондықтан, қант мәселесінде өндірісті арттыра беру нарықтың сұранысы деуге болады.

Осыған орай, мемлекеттің, облыстың бюджетінен бөлінген қаржы, таратылған субсидия, үлестірілген жанар-жағар майдың өтемі де сұралмай қалмайды. Мамандардың айтуынша, шет елден (Франция, Германия, Дания) тұқым әкеліп, тегін үлестіргеніне қарамастан, көптеген шаруашылықтар әлі күнге қант қызылшасы өнімін әр гектардан 200 центнерден асыра алмай отыр. Бұл да үлкен мәселе. Өйткені, көктемде алқапқа барып, ұрықты сеуіп кетіп, күзде жинап ала салам деген жауапсыздық алдымен өзіне көрсетілген қаржылық қолдауларды ақтамау болса, одан кейін жерді тиімді пайдаланбау болып есептеледі. Сол себепті, бұдан былай кімнің өнімі көп, соған қолдау да еңбегіне орай болады. Өйткені, қант қызылшасы ерекше баптағанды ұнататын өсімдік. Еңбектене білсең, өнімсіз, пайдасыз қалдырмайды.

10 жылға жуық жабылып қалған Ақсу қант зауыты 2017 жылдың көктемінде қайтадан іске қосылып, сол жылдың күзінде алғашқы өнімін берген. Содан бері тоқтаусыз жұмыс істеп келеді. Мұнда бұрыннан қалған алып ғимарат қана емес, білікті мамандар да жеткілікті. Зауытты қайта қалпына келтірілді дегеннен гөрі, бәрі қайтадан жаңартылды деуге болатын шығар. Өйткені, бүгінде зауыттың барлық өндірістік желілері автоматтандырылған, желілерді басқару орталық аппарат арқылы жүргізіледі. Еліміздегі басты қант зауыты да осы. Сол себепті, оның өнімділігі де атына сай. Ақсудың қауқары Көксудан екі есеге жуық артық. Көксу күніне 2 мың тонна қант қызылшасын өңдесе, бұл 3,5 мың тоннаға дейін өнім өндіре алады. Мұнда негізінен жақын саналатын Ақсу, Алакөл, Сарқан сияқты аудандардың өнімдері тасымалданады. Бұл жақта да соңғы екі-үш жылда қант қызылшасын өсіруге жаппай бетбұрыс байқалады. Өйткені, мемлекет тарапынан қолдау бар, өнімің де далада қалмай, пұлға айналады. Айталық, бір ақсу ауданының өзінде қант қызылшасын өсіруге қайта ден қоя бастаған 2016 жылдан бері егістік алқабы 2 есеге өскен. Мәселен, 2016 жылы 1600 гектар болса, 2017 жылы бұл көрсеткіш 2020 гектарға көбейген. Екі жыл бұрын 94 шаруа қожалығы қызылша өсірумен айналысса, қазір, 2019 жылы алқап көлемі бойынша көрсеткіш биыл 2850 гектарға кеңейіп, 138 шаруа қожалығы қант қызылшасы дақылын өсісумен айналысуда. Бұл ауданда тәтті түбірдің әр гектарынан 400 центнерден өнім алып, жалпы көлемі 114 мың тоннадай өнім жиналады деп күтілуде.

Жалпы, Ақсу қант зауыты биыл секіріс жасауға дайындалып жатыр. Олай дейтініміз, өткен екі жылда, яғни, 2017-2018 жылдары зауыт 170,3 мың тонна қант қызылшасын қабылдап, 13 мың тонна қант шығарса, биыл екі жылдың ортақ көрсеткішін қосқандағыдан екі есеге жуық артық өнім алуды көздеп отыр. Биылғы меже – 200 мың тонна қызылша қабылдап, одан 20 мың тонна таза құмшекер шығару жоспарланған. Ақсуды жаңғырту тоқтаған жоқ. Жылдан жылға қуаттылығын арттырып, кезек-кезеңімен жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Қазір жаңғырту жұмыстарының екінші кезеңі аяқталуға жақын, ол аяқталса, тәуліктік өнім қабылдау көрсеткіші 4 мың тоннаға жетпек. Ал, келер жылы үшінші кезеңді іске асырып, бұл көрсеткішті 4,5 мың тонна қант қызылшасын өңдеуге жеткізбек.

Облыста салыстырмалы түрде алсақ, 2014 жылы 24 мың тонна қант қызылшасы өңделсе, былтыр 440 мың тоннаға дейін көбейген. Ал, биылғы көрсеткіш 500 мың тоннадан асып жығылады деп күтілуде.

Мақала авторы:

Асмира Ермекқызы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.