АЕ/АР басшысы мен Тәжікстан президенті Цюрихте кездесті

Дерек көзі: www.azattyq.org - 08.11.2019184

АЕ/АР медиа корпорациясының президенті Джейми Флай және Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Цюрихте кездесті. Олар Азаттықтың Тәжік қызметінің (Озоди радиосы) жұмысын талқылады.

АЕ/АР медиа корпорациясының басшысы кездесу кезінде тәжік оқырмандарының - объективті ақпарат алуға, ал журналистердің еркін жұмыс істеуіне құқығы бар екенін айтты. Флай Тәжікстан басшысына Азаттық радиосының тілшілері журналистиканың жоғары стандарты бойынша жұмыс істейтінін және биліктің қысымына бола жұмысын тоқтатпайтынын айтқан. Медиа корпорацияның президенті сонымен бірге тәжік билігінің Озоди радиосы тілшілерін "ішінара" әрі қысқа уақытқа аккредитациядан өткізу туралы шешімімен келіспейтінін жеткізді.

Кездесу қорытындысына тоқталған Флайдың айтуынша, Рахмон Азаттық радиосы тілшілерінің жұмысын жалғастыруы маңызды екенін атап өткен. Медиа корпорацияның басшысы Тәжікстан билігін мемлекет басшысының аккредитация мәселесі бойынша нұсқауына сай әрекет етуге және ақпарат құралдарын қуғындауды тоқтатуға шақырды.

Эмомали Рахмон кездесу кезінде Тәжікстан сөз бостандығы мен баспасөз еркіндігі мәселелеріне ерекше көңіл бөлетінін айтты. Ол сонымен бірге билік Озоди тілшілерінің жұмысына кедергі келтіріледі деген ақпаратты жоққа шығарды. Ол бұған қоса, Озоди радиосын Тәжікстанда тыйым салынған ұйым жайлы жиі жазатынын сынаған. Рахмон Азаттықты елдегі оқиғаларды "азаматтық қоғамның пікірін ескере отырып" объективті қамтуға шақырды.

Қазан айының соңында Тәжікстанның СІМ Азаттықтың Тәжік қызметінің 11 журналисіне аккредитация беруден бас тартқан. Журналистердің бір бөлігі үш ай және алты айға ғана жұмыс істеуге рұқсат алды. Құқық қорғаушылардың айтуынша, бұл заңсыз, себебі Тәжікстан заңы бойынша акредитация кемінде бір жылға берілуі тиіс. Тәжікстан билігінің шешімін ЕҚЫҰ, Журналистерді қорғау комитеті және құқық қорғаушылар сынады. АҚШ сенатының төрт мүшесі Рахмонға мәлімдеме жолдап, Озоди радиосы тілшілерін аккредитациялау мәселесі тәжік-америка қатынасына әсер етуі мүмкін деп санайтынын білдірген.

Озоди радиосы - Тәжікстандағы санаулы тәуелсіз БАҚ-тың бірі. Озоди радиосының YouTube және Facebook желілеріндегі арналары Тәжікстандағы ең танымал арналар қатарына кіреді.


Мақала авторы:

www.azattyq.org

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.