Меңдеш Жукиева. Уақытша қалалықтар

Сайт Әкімшілігі - 08.11.20191465

Кеңестің үйленгеніне бір жылдай болып қалды. Келіншегі Гүлжамал әке-шешесінің көңілін тауып, жақсы келін атанып жүр. Бауырлары да үйге келген жаңа адамға үрке қарамай, бауыр басып кетті. Кеңес кішкентайынан суретті жақсы салатын. Сол талантының арқасында оқуға түсіп, кейін дипломмен ауылға оралды. Келе сала әке-шешсін көп күткізбей, Гүлжамалдай сұлуды алақанға қондырды. Мектепте сурет сабағынан беретін мұғалім болып жұмысқа тұрды. Бәрі жақсы, бәрі керемет. Бірақ, бір нәрсе жетіспей тұрғандай көңілі алаңдай береді.

Бірде ауылдағы құрдасы Кенжебекті кездестіріп қалды. Кішкентай кездерінде бір сыныпта оқыған. Кейін Кенжебектер ауылдың басқа шетіне көшіп кетті  де, мектеп ауыстырған.  Кенжебек те Кеңестермен қатар үйленген. Көрші ауылдың қызы Айнұрды алған. Екеуі біраз сөйлесіп қалды. Жұмысты, анау-мынауды сөз етіп тұрып, Кеңес:

– Бәрі жақсы, бірақ бірдеңе жетіспейтіндей  болып тұрады, сенде олай емес пе?- деп сұрады  Кенжебек

– Мен білем, саған не жетіспей жүргенін. Сен керемет талантсың ғой. Саған мектепте жай мұғалім болып жүру аз. Сен біздің Пикассо емес пе едің?- деп күлді.

– Иә, досым, айтасың-ау,  Пикассо болу қайда?

– «Болмасаң да ұқсап бақ» деуші ме еді Мұқағали  көкеміз.

– Қатырдың ғой. Абай де, - екеуі қарқылдасып күліп алды.

– Қалаға көшіп барып, жұмыс іздесем.... Бола ма, болмай ма, білмеймін. Әлі өз ойым ғана, үйдегілерге ештеңе айтпадым. Гүлжамал келісетін шығар. Әкемдер де жіберетін шығар деп ойлаймын. Бір жағынан қорқақтаймын да. Алматы үлкен қала. Өзіміздің Қазақстан болғанымен, бізге Нью-Иорктей көрінеді. Жоқ қылып, жұтып жібере ме деп те қорқам, - Кеңес ағынан жарыла сөйледі.

– Қорықпа, Алматы сені емес, сен Алматыны бағындырасың. Керемет қала ғой, мен 2-3 рет болғанмын. Мен де көшіп барғым келеді, бірақ үйде мал бар, оны қарайтын адам жоқ. Кемпір-шал кеткесін, мал да азайды ғой, әрине, бұрынғыдай емес. Мүмкін мен де қалған малды сатып, қалаға көшемін кейін. Сен ертерек барып, көтеріліп ал, мен сені іздеп барамын, - деп Кенжебек қулана күліп қойды.

Ой толғандырды. Пісті. Жетілді. Шешім қабылданды. Әп-сәтте Кеңес пен Гүлжамал Алматылық болып шыға келді. Төле би мен Саин көшелерінің қиылысындағы жатаханалардан бір бөлмелі пәтер жалға алды. Үйлерінің тұрған жерлері жақсы. Қаланың қай бұрышына да бір көлікпен жетуге болады.  Бірақ жатахананың аты жатахана, ауласы лас, мүңкіген қоқыс иісі, жаз бойы шыбын мен маса арылмайды.  Терезелері тура қоқыс төгетін жерге қарап тұрғасын, терезеден далаға қарауды қойды. Кеңес бір баспаханаға дизайнердің көмекшісі болып жұмысқа кірген. Айлығы орташа, бірақ жұмысы аз.  Анда-санда тапсырыс түскенде ғана қапылып жұмыс істеп қалады, әйтпесе бос отырысы көп. Баспахана кіщкентай болғасын, тапсырыстары да аз. Кеңес бар қажыр –қайратын салып, ауқымды, үлкен істер тындырғысы келеді. Бірақ, мына баспахананың берері жеткіліксіз сияқты. Кеңестің бойында тасып тұрған қуатты байқады –ау деймін, бірде бастығы оны әңгімеге тартқан.

– Иә, Кеңес, сен жассың ғой, күшің тасып тұр. Талантың да күшіңе сай, өте дарынды баласың. Саған бұндай кішігірім баспалар емес, үлкен масштаб керек.

– Серік Айтжанұлы, иә, шынымды айтсам, бос уақытым көп.  Біздің баспаны үлкейтсек қайтеді? Баспаға қатысты барлық қызметті көрсетсек қой... Әрине, қосымша біраз ақша салу керек,- Кеңес өзінің ойымен бөлісті.

– Кеңес, сен менің ақылымды тыңда. Басқа ешқайда кетпей, осында  істей тұр. Әзірге бар нәрсені үйрене бер. Мен саған құпия ретінде айтайын, ешкімге айтпа.  Менен осы баспаны бір үлкен арт-студия сатып алмақшы. Өз бөлімдерін ашқылары келеді. Мен кеше келісімімді бердім. Оларға қабілетті арт-дизаинер керек. Мен сені ұсындым. Сенің керемет суретші екеніңді білем. Келер жылы кемпірім алпысқа толады. Маған әдемілеп кемпірімнің портретін салып берсең болды, - деп күлді Серік ағай. Кеңес не айтарын білмей қалды.  Әкесіндей болып кеткен жақсы адам. Кезінде тәжірбиесі жоғына қарамай жұмысқа алған. Бірдемені білмей қалса да, бір рет дауыс көтеріп көрген жоқ. 2 мың экземпляр  қағазды басқа форматпен шығарып қойып, бүлдіріп алғанда да, жай ғана, «Келесіде дұрыстап қарап алып барып, кес»,- деген. Кеңес оның ұрыспағанына таң қалған.  Ауылдағы мектеп директорлары ағайлары  бір ұрыссыз сөйлемейтін еді. Үнемі айғайлап, жекіріп сөйлейтін. Ұстаз деген аты болса да, мәдениеті төмендеу директор ағай мен баспаханада өмір бойы істеген Серік Айтжанұлының мәдениеті жер мен көктей сияқты.  Үнемі тап-таза қырынып, тіп-тік жүретін Серік ағайды  60- тан асқан деп тіпті де ойламайсың. Қаланың адамы сырт келбетінен-ақ көрініп тұрады ғой. Кеңес өзі құрмет тұтатын адамға қимай қарап қалды. Баспаның жабылатыны өкінішті, әрине.

Кеңестің үлкен арт-студияда жетекші дизайнер болып жүргеніне де жарты жылдан асып кетті. Бұрынғы бастығы Серік Айтжанұлының қолдауымен Санкт-Петербургтегі жас суретшілер қоғамына мүше болып, екі ай ол жақта білім жетілдіріп келді. Сурет салудың жаңаша бағыттарын үйренді. 

Қазір Кеңес әбден өзгерді. Қалада жүрген бір жарым жылда бірталай шыңдалды. Бұрынғы бір нәрсе жетіспейтіндей алаңдаушылық сезім жоқ, қазір екі жеңін түріп алып, құдық қазып жатқандай. Борпылдақ топырақты күрекпен алып, лақтырған сайын, рахаттанатындай. Гүлжамал да  Алматыға келгелі өзін –өзі тапты.  Тігіншілікпен айналысып жүр. Сүлгі, жастықтың қабы, терезе перделерін тігеді. Екеуі әлі қыз бен жігіттей. Кешке Кеңестің жұмысына барып, сосын үйге бірге қайтады. Мейрам сайын ауылға барып, кемпір-шалды, үйдегі балдарды қуантып тұрады. Бұларға ауылға қайтыңдар демесе де, Гүлжамал ата-енесінің бұларды сағынып жүргенін, немере күтіп жүргенін іштей сезеді. Кеңес екеуі алдымен  екі-үш жыл жұмыс істейміз, содан кейін кішкентайлы боламыз деп келіскен болатын.  Бірақ, Гүлжамал бөпелі болуды көптен аңсап жүр.  Алматыға келерде әзірге баламыз болмаса екен деп тілеген. Үлкен қалада баламен өмір сүру қиын болады деп қорыққан.  Қазір ойлап отырса, қорқатын ештеңе жоқ секілді. Қаланың адамдары да өздері сияқты адамдар екен.  Әрине, сөздері орысша, киімдері сәнді, түрлері суықтау. Бірақ, әр ортада өзіңді жақсы ұстай білсең, үйренуге дайын болсаң, қалалықтармен де досыңдай сырласып кетуге болады екен. Алматыға жаңадан келген кезде жатақанадан пәтер жалдап тұрғанда, көршіге зар болмады, өйткені, жан- жағының бәрі өзіндей ауылдан келгендер. Бір-біріне үйлерінің кілтін, заттарын, балаларын тастап жүре беретін. Кейін қаланың орталық жағынан пәтер жалдағанда, білді ғой көршінің қадірін. Ешкім ешкіммен сөйлеспейді, амандассаң, ернінің ұшымен ғана жауап береді.   Бір –бірінің беттеріне қарамайды.  Гүлжамал мен Кеңес екеуі  күнде таңертең жұмысқа шығып бара жатқанда, қазағына қазақша, орысына орысша  амандасып жүріп, әйтеуір үйретті. Қазір бәрі жымиып амандасып, қал-жағдай сұрасатын болды. Гүлжамал жұма сайын жеті шелпек пісіріп, шелпегін қазақтарға, бауырсағын орыстарға таратып, көршілердің бәрін баурап алды.    Бір күні Кеңес аялдамада Кенжебекті кездестіріп қалды.  Автобус күтіп тұрған. Бір дәу қара джип өтіп барып, тоқтады да, терезесі ашылып:

– Әу, досым, мені күтіп тұрсың ба, - қарқылдап күледі.

– Мәссаған, бұл сен бе шынымен? - Кеңес досын танымай да қалды.

– Кел, отыр, баратын жеріңе апарайын. Кенжебектердің де көшіп келгеніне бір жылдай боп қалыпты.  Бір фирманың бастығының шопыры екен. Бірақ, киген киімі, айтқан әңгімесі- сол фирманың бастығы өзі сияқты. Сөздері ірі, көкірегін көтеріп сөйлейді. Ақша көп. Келіншегі екеуі жақында ғана  Бурабайға барып келіпті. Бұның айлығы соншама көбі қалай десе, Кенжекең ауылдағы бар малын сатып, сол ақшаны оңды-солды шашып, буы бұрқырап жүр екен. Кеңес өзінше ақыл айтып еді, оны тыңдар түрі жоқ.

– Қалалықтар құсап киініп, қалалықтардың ісін істемесең, ауылбай екенің көрініп тұрады. Олардың қатарына кіре алмайсың, - деп қояды.

– Мен Алматыға қалалық блу үшін емес, білім-тәжірбие  алу үшін, қаланың мүмкіндігін пайдалану үшін келдім, - деген оған Кеңес.

Кеңес пен Гүлжамал қалада үш жыл жүріп, қайтадан ауылға көшіп келді. Себебі, Гүлжамалдың айы-күні жақын қалды. Енесі де келінінің өз қасында жеңілденгенін тіледі. Бұл шешімге Кеңес те қуана келісті. Өйткені ауылға  келіп кеткен  сайын, ауылдастарының көбінің жұмыссыз жүргенін, ауылда балаларға қызықты ештеңе жоқтығы қынжылтып жүрді. Қалада үйренген білімін, тәжірбиесін ауылына бергісі келетін.

Ауылда бұрын болып, қазір жабылып қалған клуб үйін, әкімдікке жүгіріп жүріп, өз күштерімен  әйтеуір жөндеп, жасақтап жүріп, Шығармашылық үйін ашты.  Ауылда жаңалыққа құмар, техника тілін білетін жастар көп екен. Лезде жұмыс жанданып жүріп кетті. Тойға шақыру билеттер, бала-бақша, мектеп бітірушілерге түрлі сертификаттар, баннер бәрін басып шығарады. Жастарды Арт-дизайн ісіне үйрететін курстар да ашты. Оқушыларды сурет өнеріне үйрететін үйірмелер, түрлі-түрлі ауылға қызықты, жаңашыл идеялар бір толастамады. Бір күні есігін Кенжебек қағады. Көкірегі басылған, киімі жұпыны. Көзін жыпылықтататын әдет пайда болыпты. Кеңес әңгіменің ұзақ болатынын сезді. Кенжебек соңғы жарты жылда казинодан шықпай құмар ауруына ұшырапты. Ақшасынан ұтылғаны былай тұрсын, қомақты қарызға кіріпті. Бірде ойсырап ұтылып, жынданып келе жатып, бастығының машинасын соғып, жұмыстан айырылып, оған қарызға кіріп, әбден қарабет болыпты. Келіншегі тастап кетем дегенде, бір туысқан ағасы араласып, бар қарыздарын төлеп беріп, өзін құмар ауруынан емдеп, ауылға қайтарыпты.  Енді Кеңеске жұмыс сұрап келіп отыр.

– Екеуміз де ауылда өстік, екеуміз де ауылда өмірімізді бастап, қалаға бағымызды сынауға бардық. Екеуміз де азды-көпті қалада болып, ауылға қайттық. Екеуміздің ұқсастығымыз көп екен, - деп күлді Кеңес.

– Жоқ, бауырым. Бұл тек сырт көзге ұқсастық. Ал, шын мәнінде сен ауылда жүргенде қуатың бойыңа сыймай жүрдің. Талантың саған тыныштық бермеді. Сен қалаға өсу үшін, даму үшін бардың. Ал мен қызық қуып бардым. Ауыл тірлігінен, мал бағудан қашып, қалада қымбат киім, қымбат машинаны армандадым. Сен тапқан ақшаңа білім жинадың, мен әлі таппаған ақшамды құртып тастадым.  Сен ауылға абыроймен оралдың. Мен болсам, жүнін жұлған тауықтай боп қайтып келдім.  Қала адамды бұзбайды екен. Адам өзі қаланың жылтырағына елтіп, бұзылады екен. Мен сәндікке, жылусыз жарыққа еліктедім. Ал, сен қаланың бар қызығына емес, мүмкіндігіне ұмтылдың. Бар білгеніңді ауылға алып келдің. «Ештен кеш жақсы», деп осының бәрін енді түсініп, сенің алдыңа келіп отырмын. Мені жұмысқа ал. Сенен бәр нәрсені үйренуге тырысамын. Және сендей ауылдасым, досым болғанына мақтан тұтып, шүкіршілік айтамын.

Кеңес орнынан тұрып, Кенжебекке қос қолын ұсынды. 

Мақала авторы:

Сайт Әкімшілігі

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.