Сапарбаевтан қалған ағаштарды ресейлік мамандар санайды

Жанар Қожанова - 12.11.20191979

Осыдан тура бір ай бұрын Ақтөбенің әкімі Мавр АБДУЛЛИН  Бердібек САПАРБАЕВ пен Ілияс ИСПАНОВТАН қалған талдарға санақ жүргізіп, бас-басына құжат беретіндерін жария еткен болатын. Ол үшін облыстық бюджеттен елу миллион теңге бөлуді де қарастырып қойғандарын айтқан еді. Бұл жұмысқа білектерін сыбана кіріскен шенділер Ақтөбенің ағаштарын санатуға Ресейден мамандар шақыртыпты.

Ақтөбеде талдың мәселесі көтерілсе халықтың есіне бірден экс-әкім Сапарбаев мырзаның алты миллардтық жобасы мен Ілияс Испановтың  жетпіс миилион теңгеге миллион көшет отырғызып, артынан  қуратып алғаны естеріне түседі. Тұрғындар Ақтөбенің экс-әкімдері қаладағы жасыл желекті сақтап, өсірудің орнына аяусыз отап кетті дейді. Сөздерінше қазіргі биліктің жүргізейін деп жатқан тал санағы қаладағы ағаштар оталмай тұрып жасалу керек дегенді айтады.

«Қаладағы талдар  жаппай оталды. Қаншасы кесілгенін ешкім білмейді. Ешкім де жауап берген жоқ. Егер олардың құжаттары болса бұлай болмас еді. Егілген талдар да қаралмай қалмас еді. Мәселен қаралмай қурап қалған миллион түп көшет, қоқыс полигоны маңындағы отыз мың түп тал, «Астана» паркіндегі шыршалар бар. Біз табиғат нашырлары көктемнен бері осы мәселені көтеріп келе жатырмыз», -  дейді «Ақтөбе дыши» қозғалысының еріктісі Евгений ЛАЗЕРЧУК.

Қалада қанша тал қалғанын  білмейміз деген әкімдіктегілер енді  жасыл желекке басқаша қарайтын боламыз деп отыр. Сөздерінше бұдан былай себепсізден себепсіз бір ағаш кесілмейді. Еккен тал қурамайды. Есесіне қаладағы ағаштарға санақ жүргізіп, әр қайсысын құжаттап, базаға енгізетін боламыз деп отыр. Сөздерінше талдарды ресейден арнайы алдыртқан мамандар санап бермекші екен.

«Ресейліктер бізге санап береді. Тендерге қатысатын мердігерлерге қандай талап болу керектігін санайды. Соның бәрін зерттеп келгеннен кейін бізге нақты айтады. Қазіргі таңда өзіміздің тарапымыздан бізде паспортизация жасыл массив деген болу керек. жылда талдар өледі. Оның орнына басқа талдар егіледі. Біз санын білмей тұрмыз. Сол санды білу керекпіз», -  деді Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Жангелді ӘУБӘКІРОВ өңірдегі «Жас АЛАШ» тілшісіне.

Бір қызығы Ақтөбеде талдардың санағы соңғы рет 1990-шы жылы жүргізіліпті. Сондағы есеп бойынша 330 000 тал сол өзгермеген күйі қалған.

Коллаж: Жас АЛАШ

Мақала авторы:

Жанар Қожанова

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.