Ақтөбеде он бес жастағы чемпионды өлтіріп кетті

Жанар Қожанова - 13.11.20194267

Ақтөбеде  оқушы пышақ жарақатынан көз жұмды. Мектеп оқушылары мен колледж студенттері арасында болған жаппай төбелестен тағы екі жасөспірім жарақат алған.  Полицейлер қазір оқиғаның мән жайын анықтап жатыр.Алайда оқушылар мен студенттер арасында болған қанды төбелестің себебін  ешкім ашық айтпай отыр. 

Он бес жастағы Мадияр ИСМАҒҰЛОВ ата-анасының тұла бойы тұңғышы, отбасындағы 4 баланың үлкені. Спортқа жақын болған. Еркін күрестен Қазақстан чемпионы. Қайғыдан қан жұтқан жақындары кінәлілер жазасын алып, сот әділ шешім шығарса екен дейді.

«Ақпанның бесі күні он алтыға толатын бала. Жағдайдың қалай болғанын білмейміз.  Інім барып іздеп морктан тауып әкелді. Сол жерден хабар естідік. Басқа еш нәрсе білмейміз. Ешкім кешірім сұрап та келген жоқ. Органдардан да ешкім келмеді. Ештеңе білмейміз»,- деді марқұмның әпкесі Мәнсия ИСМАҒҰЛОВА.

Төбелестің неден шыққанынан туыстары да хабарсыз. Тек бір білетіндері – Мадияр пышақ жарақатынан қайтыс болған. Сол қаралы күні  ол  кешкілік дүкенге барып келмекші болып үйден шығып кетті дейді туыстары . Болған жағдайға мектептегілер де сене алар емес. Ұстаздары Мадиярдың өз сыныптастарының алдында тәртіпті, беделді болғанын айтады.

«Бала қайтыс болды деген хабар келді. Бала салмақты, орнықты, көп сөлемейтін жақсы бала болды. Үлгілі бала болды.  Осы жағдайдан кейін  9-10-11кластың балаларына жиналыс жасадық, түсіндіру жұмыстарын қайталап жүргіздік», -  дейді Ақтөбе қаласы № 61 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегә орынбасары Жанат ЕРКЕБАЕВА.

Полицейлер Мадияр Исмағұловтың өліміне қатысы бар күдіктінің ұсталғанын және  «кісі өлтіру» бабы  бойынша сот алды тергеу амалдарының жүріп жатқанын айтады. Алайда, төбелестің не үшін, қалай болғаны туралы құзырлы мекемелер жақ ашпай отыр.

Фото автордікі.


Мақала авторы:

Жанар Қожанова

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.